ҮЙ

 
Үшаралда әкемізден қалған ескі үйіміз бар еді.
Әлдене себеппен ағайындар соны сатып жіберген…
 
Автор
 
Ордам еді,
қордалы еді бұл ара,
әкемізден қалып еді-ау мұраға,
бас шайқайтын жөнің де бар, бауырым,
кінәласаң –
кінәла!
Қасиетті,
киелі,
әкеміздің өз қолымен салып берген үйі еді,
кім біледі,
түсті ме екен бір аунап,
осы араға жақын еді,
жатыр еді сүйегі!
Үйімізге кім кірген?
Кімдер екен танымастай бүлдірген?
жақындауға жарай алмай,
қарай алмай есіктен,
есім кетіп,
есеңгіреп тұрмын мен!..
Қайран ғана, қора-қопсым,
баспанам,
баса көктеп кіруге де жасқанам,
Мамағаштың,
Тал ағаштың барлығын,
тып-типыл ғып түгел отап тастаған!
Бауырында асыр салып өскен ек,
қайда кеткен сол баяғы қос терек?
Қара бұйра жоңышқа да
жоқ бүгін,
Ақ шалғымен жапыратын дестелеп.
Балалығым өткен еді осында,
Бас қосатын
ағайыным,
досым да.
Қайран әкем түрі есімде,
қара мұртын ширатқан,
қала берген күресінде
ошағым ба,
мосым ба?!
Таппадым-ау шіркінге айла,
күлкім қайда?
Тыйылған.
Бұл үй енді біздікі емес,
Басқаларға бұйырған. –
Кімдер екен тауып берген, ағайын,
ауып келген кімдер екен қиырдан?
Қора жақтан көрінді бір шал күліп,
қайқы құйрық қара төбет қалды үріп, –
үміт,
тілек,
күйініш пе, –
ашу ма, –
жүре берді өзегімді жандырып…
Осы арада қалып еді-ау:
балалығым,
пәктігім,
тұңғыш тапқан махаббаттай тәтті ұғым,
барша көрген қызықтарым,
шаттығым, –
түсер ме еске тап бүгін!
Қасиетті,
киелі,
әкемізден қалған жалғыз үй еді,
жамбасына түсті ме екен бір аунап,
осы араға жақын еді,
жатыр еді сүйегі!
Жасимын деп ойламап ем мен бұлай,
айтам арыз ағайынға енді қай?
өз үйіңе кіре алмаудың, аулаңда,
алшаң басып жүре алмаудың қорлығы-ай!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *