Ата-ананың қадірін,
Балалы болғанда білерсің
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.
Балалықтың қадірін
Саналы болғанда білерсің.
Асыл менен жасықты
Бағалы болғанда білерсің.
Бостандықтың қадірін
Жабылғанда білерсің.
Қалтаңдағы ақшаңды
Қағылғанда білерсің.
Денсаулықтың қадірін
Ауырғанда білерсің.
Ақ бетіңнің қадірін.
Қан кеткенде білерсің.
Ақ білектің қадірін
Әл кеткенде білерсің.
Жиырма бестің қадірін
Жас кеткенде білерсің.
Қара көздің қадірін
Нұр кеткенде білерсің.
Татулықтың қадірін
Дос кеткенде білерсің.
Жақсы әйелдің қадірін
Өлгенінде білерсің.
Жақсы туыс қадірін
Көмгенінде білерсің.
Аяқ-қолдың қадірін
Ақсағанда білерсің.
Отыз тістің қадірін
Қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін
Тоқтағанда білерсің.
Білгеніңді сөйлеп қал,
Білгендерден ғибрат ал!
Қабан (Қабылиса) Асанұлы