КҮЙІК

Оңаша күңіреніп,
күрсінейін,
көзіме көрінбей-ақ жүрші дейін…
Қайтесің қажай беріп,
Қарағым-ай,
халімді қазір емес,
білші кейін.
Әйтпесе, қайтесің сол хал біліп те,
төзген ғой біздің көңіл сан бүлікке!
Денең де дір етпесін сезем сенің,
менен де баяғы асқақ әнді күтпе!
Оқитын күмбір-күмбір жырымды ұдай,
кешті де күтпей-ақ қой бұрынғыдай.
Көзіңе түспеуге де тырысайын,
жықпылда жол тосатын жырындыдай.
Мәлім ғой маған бола бүлінбесің,
хал сұрап, қажай бердің бүгін несін.
Білесің, намыс буған өр көңілім
Өзіңе енді қайта жүгінбесін.
Тыңдарсың енді, бәлки, өзгені ұйып,
(Мұнан да ауырларды сезген иық!)
Көлбеңдеп көбелектей, қарағым-ай,
қайтесің бола беріп көзге күйік!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *