…Кім еді, ойбай, мына бір серігің?
Арылдатпай,
Ағайын, өшір үнін!
Берекесін кетірді-ау мәжілістің,
Өшір үнін,
Болмайды кешірімім!
Өзі мақтап бәріңді, өзі сынап,
Өзі жауап береді,
Өзі сұрап,
Соған бола, құдай-ау, ертелі-кеш,
Болып жатыр қаншама сөз ысырап.
Кегі бардай алмаған көп пендеде,
Өкіреңдеп қоймады-ау, өктемдене,
Үлкен отыр,
Кіші отыр, демеді-ау бір
Бейпіл ауыз, бетімен кеткен неме?
Қарамасын
Қайтадан босағадан,
Құдай үшін қуыңдар осы арадан,
Әке-шеше көрмеген неме ме еді,
«Әкеңді…»-ден аузы бір босамаған.
Айтқызбады-ау, ағайын, біріңе сыр,
Аузын жап та мынаның,
Үнін өшір,
Шырқын бұзып бітті ғой отырыстың,
Осындайға қор болған, жырым есіл!
Білмей-ақ та қояйын есімін кім,
Барылдамай –
Барсыншы есірігің,
…Сөзіңді мен де бөліп жібердім бе?
Қызыңқырап кетіппін,
Кешір, інім!
Сәкен Иманасов