I
Жақсы інім,
Жас едік-ау біз де кеше.
Жата алмай жанға тоят іздемесе,
Түнерген тынды айырып,
Омыраумен
Тілгілеп теңізді өттік
мұз кемеше.
Қаншама артымызда соқпақ қалып,
Күс қолын әкелердің жоқтатпадық.
Күн болып кірдік бірде меңіреуге,
Біресе құпиялы көкке аттанып.
Толтырған қасиетті қырды малға,
Қойшы да біздер едік,
Жыр құмар да.
Отанның іріктеулі жасағындай
Қасқайып,
Қашан болсын жүрдік алда.
Өмірдің бүгінгі асқақ әр демінде,
Арудың шырқап салған әндерінде
Біз жүрміз,
Жүрміз тіпті толқын атып,
Тың жерде толып піскен
дәнді егінде.
Қаншама артымызда қалып іздер
Сынаған арымызды, жанымызды ел,
Сондықтан қақымыз бар
Тіршіліктің
Тамырын солқылдатқан қанымыз дер!
II
Жастығым,
Жанып-күйіп қызғын денең
Түрленіп,
Тәулігіне жүз гүлдеген,
Жүрсің-ау менің асау арынымда,
Тұқыртып,
Тайганы да тізгіндеген.
Қашан да қиқу десе кеткен үдей,
Кеудеңде қыз-қыз қайнар от кемімей.
Қалып та құла дүзде –
Қайғырмаған,
Сертінен тайдырмаған өрт те дүлей.
Құйғытып құм кеттім бе,
Жылды өттім бе –
Сен жүрсің жүрек отын үрлеп күнде.
Жүрсің-ау бұлшық етте бұлт-бұлт ойнап,
Күш беріп,
Кеудемдегі күллі екпінге!
Жаныңды жасытпайтын нала-мұң да,
Жастық-ай, сағынып та барамын ба!
Дүниеге қарайын тек өзің болып,
Жарқылдап жүре берші жанарымда!
Сәкен Иманасов