Жар сыры

Жеткізердей болып-ақ мұратқа анық,
Аңқылдаушы ең
алдымда сыр ақтарып,
Өтпек те едің аялап,
Кетпек те едің
Адам аяқ баспаған жыраққа алып.
Алып-ұшып көңілдің көк дөнені,
Апармақшы ең елге де, көлге мені,
Бас айналып бақыттан,
Қаншама бір
Көз алдымда қара жер дөңгеледі!
Бар қызықты маған-ақ қиып беріп,
Жүруші едің басыма үйіп-төгіп,
Сүйікті едік көгілдір балапандай,
Саған салса – бәрінен биік те едік!
Қайтіп қана тағайын бекерге мін,
Мерейімді қаншама көтермедің!
Саған еріп сол шақта,
Ойланбастан
Бұ жалғанды қиып-ақ кетер де едім!
Сол сөздердің қаншасы арман еді?
Қаншасы шын,
Қаншасы жалған еді? –
Сан дәмелі көңілде содан бері
Үзілместей бір үміт қалды әдемі!
Әлде бәрі арқаңа батып ердей…
Қалжыңдаймын…
Қоя тұр, жә… түнермей,
… Сен ұмытып кетуің мүмкін емес,
Мүмкін-ау, тек жүруі сәті келмей!..
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *