Хат келмеді!..
Ешкімнен хат келмеді,
Жылдар өтпей несі екен жат көргені?
Сағындым-ау достарды, жұрағатты,
Сағындым-ау шалқитын шақты елдегі!
Бар еді ғой ат құмар,
Баққұмары,
Хабарласпай қалайша жатты бәрі?
Ойлаппын ба осынша сағынам деп,
Солар жазған бірер бет хатты да әлі!
Ептілері бар еді-ау,
Беттілері,
Қалай бәрі ұмытып кетті мені?
Аңсатып-ақ,
Аңсаумен шаршатып-ақ
Құрғыр жүрек кеудемді тепкіледі…
Серісінен,
Немесе «перісінен»,
Хат келмеді-ау үлкеннен,
Не кішіден.
Ақталар да (біреуі мақтанар да!)
Босай алмай қойдық деп ел ісінен!
Хат келмеді…
Не болар кіжінгенім.
Осы ма әлде арада үзілмегі үн?
Көздерінен кетсем де,
Көңіліңде
Жүрген шығар деуші едім жүзім менің.
Қанша болды кездескен сәттен бері…
Мүмкін бе еді бәрінің жат көрмегі?
Қайран достар, хат жазып тұрсаңдар-ау,
Еске салып шалқитын шақты елдегі.
Сәкен Иманасов