Мен сөйлеймін!..
Сөйлеуге хақым да бар,
Сөйлемеуге қоймады тақымдап ар,
Жауап алса жұртынан Отан мына –
Сот алдына алдымен ақын барар!
Қатар тұрып мезгілдің мінбесінде,
Қайсың барсың, замандас, тілдесуге.
Бұл ғасырдан біздерге тиген үлес –
Ел қатарлы әйтеуір күн кешу ме?
Ертеректеу өмірге келмедім деп,
Біздің ұрпақ кімдерден кем көрінбек?
Әр ісін кейінгілер ардақ тұтар
Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерім көп.
Тар шақтарда тартынбай,
Серіктесе,
Еріпті елі оларға сеніп кеше.
Жарар еді-ау келешек,
Келесі ұрпақ,
Бізге де бір осылай еліктесе!
Ұран басқа ендігі,
Қиял басқа,
(Қиялыңа барлығы сыя алмас та)
Біздер үшін өрт өңді ертеңгілер,
Тарихтың алдында ұялмас па?!
2
Жоқ!
Біз үшін қызармас ертеңгілер,
Дәлелім –
Ертегідей – өлкемді көр!
Қай-қашан жоқтан бар боп жаратылып,
Жарқылдап жай оғындай өртенді! – дер.
Не дер едік осылай біз жанбасақ,
Жапан кешіп, Жан баспас түз бармасақ,
Қызғыштай шыр-шыр етіп,
Туған жерді
Жат көздердің сұғынан қызғанбасақ?!
Тірлік кешкен күніңмен,
Үніңмен де,
Тура қарай алмасақ бүгінгі елге,
Жүрек бола білмесек жарты әлемге,
Тірек бола жүрмесек түңілгенге?!
Не дер едік…
Тарихты тірі алдасақ,
Жалған айтып,
Жалынсыз ұрандасақ,
Шайқастардан шайлығып,
Айқастарға
Атой салып алдымен кіре алмасақ?
Тірілерді алдасақ,
Өлгендерді –
Өзімізге қаяусыз сенгендерді,
Ақтай алмай адалды – жалтақтасақ,
Жақтай алмай қиянат көргендерді?!
Не дер едік, апыр-ау, не дер едік?
(Өтірікке ожданың бере ме ерік)
О!
Онда біз ұяттан жерге кіріп,
Осы қазір өртеніп, өлер едік!
3
Дер кезінде келіппіз біз өмірге,
Тілек бірге халықпен,
Тізе бірге,
Біз арқылы жан-жаққа шуақ тарап,
Біз арқылы мұхиттар мұзы еруде!
Елмен бірге көтеріп барды иықпен,
Арылғалы қашан біз зар-күйіктен,
Қай жақтарға қарасаң – дос тілегі,
Естіледі даусымыз бар биіктен!
Кешікпеген ұрпақпыз ерліктен де,
Қарызымыз жоқ біздің жер біткенге.
Қанды ұрысты көрмей-ақ,
Қанға татыр
Тер ағыздық тебінгі-терліктен де!
Не десекте…
Еркелеу, еркі өзінде,
Келе қалған ұрпақпыз дер кезінде.
Беймазалау болармыз сәл-сәл ғана,
Ойға жадау емеспіз ел көзінде.
Бүгінгілік – үніміз, жүрегіміз,
Бүгінгілік – тіліміз, тілегіміз,
Бүгінгі елдің бар жақсы-жаманынан,
Қала алмаспыз тысқары бір елі біз!
4
Мен сөйлейін!..
Бұрын да сөйлеп келгем,
Ұрпақ бар ма біздердей бейнет көрген!
Жалаң аяқ, жалаң бас жер айдадық,
Жел гуілдеп жамаулы көйлектерден.
Ұқтырды да өзінің заңын қатты,
Өмір бізді ертерек ағынға атты,
Біздің ұрпақ әліппе ашпай жатып,
Атын ерттеп,..
Колхоздың малын бақты.
Бәрін кердік…
Желіне дейін бұрқақ,
Көрмесек тек – көрмедік ойын-күлкі-ақ,
Мезгіл өзі ертерек сомдап алған,
Біздің ұрпақ –
Соғыстан кейінгі ұрпақ!
Біздер едік бүгілмей сор бейнеттен,
Сол күндерге бір белгі бермей кеткен,
Құрдастарым қаншама,
Атын біліп,
Әкелерін анықтап көрмей де өткен!
Қаршадайдан қайғыны бірге өткеріп,
Қарашада қаншама дірдектедік.
Сөйте жүре әйтеуір
Елге деген,
Жерге деген сенімді кірлетпедік!..
Дәуір бізге құшағын жайды дара,
Дара жолдан енді ешкім тайдыра ма?
Мұндай ынтық жүрекпен сүйер ме елін,
Білмегендер біздердей қайғыра да!
5
Мен сөйлейін!..
Сөйлеуге қақым да бар,
Сөйлемеуге қоймады тақымдап ар,
Жауап алса жұртынан Отан мына –
Сот алдына алдымен ақын барар!
Ақын барар ақ жанын жайып тегі,
(Үнсіз қалу ақынға лайық па еді?)
Ақын деген – дәуірдің адвокаты,
Адвокаты ғана емес, айыпкері.
Дәуірінсіз санап-ақ күнін қараң,
Бебеу қағып,
Безілдеп,
Шырылдаған.
Ақиқатқа келгенде –
Дәуірі не,
Бауыры не –
Бүйрегі бұрылмаған!
Сонау ерте кезден-ақ ергенелі,
Елшілікке жүріп те көрген еді,
Батырына сенбеген тұстарда да,
Ақынына, әйтеуір, сенген елі!
Риза болмай, –
Кей-кейде төңірекке,
Егіліп те кетеді,
Еңіреп те.
Кірпіктегі кіршіксіз жасын көріп,
Келер ұрпақ, кемсініп, кері кетпе!
Дәуірінің оңай ма сөзі болмақ,
Сөзі болмақ,
Көреген көзі болмақ?
Ақиқаттың алдында өзі айыптап,
Төрелігін өзі айту, Өзі қорғап?!
6
Жоқ!
Жастарым тіпті де бұзылмайды,
Жаппақ емес олардың жүзін қайғы,
Сарыуайым дегенің
Қашанғы осы, –
Сары маса сияқты ызыңдайды?!
Сарыуайым салғандар нені білер,
Дарындырақ болады ендігілер,
Арындырақ болады бізден гөрі,
Аңыз ете жүретін ерлігін ел.
Бізден гөрі мырзалау мінезге де,
Түрі өзгере түседі, үні өзгере,
«Бірақ» сөзін қоспайтын болады олар
Бір-біріне жазғанда мінездеме.
Жетісулық,
Арқалық,
Аралдық па,
Бөлмейді қазақты ру,
Адамды ұлтқа,
Құдіретін көрсетіп кісіліктің,
Жүгінетін болар тек адалдыққа.
Төзімдірек өмірдің ызғарына,
Бізден гөрі болуы қызбалы да.
Жігіттері бізден сәл өктемірек,
Көркемірек болады қыздары да.
Нені біліп біреулер «ызыңдайды»?
Жаппақ емес жастардың жүзін қайғы
Бақыттырақ болуы мүмкін бізден,
Бәрі мүмкін… Әйтеуір бұзылмайды!
7
Сөйлеймін мен!
Біткен жоқ сөзім әлі,
Белгісіз де қаншаға созылары.
Мұның бәрі –
Тұрғылас бауырымның.
Дәуірімнің
Өз үні, өз ұраны!
Күй тілей ме көкірек күмбірлеген,
Кешір, құрдас!
Көп үнсіз жүрдім де мен.
Енді, сірә, сен жайлы сөйлеп бітпей,
Түспейтін де шығармын бұл мінбеден
Сәкен Иманасов