Жігіттің көріп жүрміз не түрлісін

Жігіттің көріп жүрміз не түрлісін,
Серісін, селтеңін де, өтімдісін.
Езін де, кісісін де,
Талай-талай,
Аю да, арыстан да секілдісін.
Жымын да білдірмейтін жұрт ішінде,
Көрдік қой кірпісін де, түлкісін де.
Жалтаңы, жағымпазы жүр қаншама,
Жасырып күлкісін де, түр-түсін де.
Міні жоқ бір ісінде, жүрісінде,
Көрдік қой ұсағын да, ірісін де.
Дос өлсе өп-өтірік өкситінін,
Сан рет сатып жүріп тірісінде.
Таныған ауыл түгіл аймақ күшін,
Көрдік қой айбаттысын, қайраттысын.
Көзіңе мақтай тұрып, шыға бере
Кететін шіркінді де қайрап тісін.
Көрдік қой естісін де, есерін де,
Шешенін, мылжыңын да, кеселін де.
Сүрінсең сырт беретін сырдаңын да,
Дос бола кетіп қайта өсеріңде.
Күншілін де, даладай пейілдісін,
Зейіндісін, өмірге бейімдісін.
Көріп келе жатырмыз тел құрбыны,
Тетелесті…
Бізден де кейінгісін…
Жүретін әр қылығы ел есінде,
Жігіттің көрдік қанша төресін де.
Көрдік қой, көріп жүрміз…
Тірі босақ,
Талайын тағы-тағы көресің де..
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *