Достар, құлақ түре қал!
Осы үн қандай?!
Тосын қандай, тыңдашы, тосын қандай!
Жетісудың сыңсыған тоғайына
Бір сандуғаш ғайыптан қосылғандай!
Достар, тұра қалыңдар!
Таста мына,
Қам-қарекет, қызықты, басқаны да,
Бір жұлдыз кеп ғайыптан қосылғандай,
Жетісудың тұп-тұнық аспанына.
Достар, бүгін бәріңе,
Сынақ та бар,
Жігіт болсаң көрейін шыдап бағар.
Құлатасың дегендей қайсың атып,
Жүйтки ағып барады бір ақмарал…
Жүйтки ағып барады еркін өмір,
Жұлқа сүйреп жүректі өрті небір.
Тәуекел деп жөнейін мен де солай,
Жетпей кетсем көрейін сертіме бір!..
Сәкен Иманасов