Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық айтыс.

 Баянғали мен Кәрима Оралова (Шымкент)

Баянғали:

Е-ей, Әулиеата, кең Тараз,

 Сәлем беріп сіздерге,

Жер шоқтығы Көкшетау,

Сексен көлден кеп тұрмыз.

Ақмола боп ұлғайып,

Өскен елден кеп тұрмыз.

Оқжетпес пен Бурабай

Бауырынан кеп тұрмыз.

Бауыржанның тойына

Абылай мен Бөгенбай,

Сағадат пен Мәліктің

Ауылынан кеп тұрмыз!

Бауыржан батыр бабамыз

Жаратылған асылдан.

Қиын-қыстау заманда

Қазақтың даңқын асырған.

Москваның түбінен

Бір ақырса Бауыржан,

Берлиндегі бункерде

Бұғып отқан қас дұшпан

Гитлер менен Геббельс

Гиммлер менен Борманның

Үрей-құтын қашырған.

Өзінің халқын сүйгенін

Жасырмастан тік айтып

СССР-дің маршалы

Баграмянды састырған.

Куба жаққа барғанда

Алшаң басып Баукеміз

Кастроны састырған.

Талайларды мат қылған,

Сұлулардың алдында

Офицердей тақ тұрған.

Көңілін оның шат қылған,

 Мың жасасын қазағым

Бауыржандай біртуар

Батыр ұлды таптырған!

Бауыржан туған елін сүйетұғын,

Тек қана елге басын иетұғын.

Халқының бар жұмысын атқарған соң,

Кәримадай қыздарды сүйетұғын!

Айтыстың ақ туындай желбіреген,

Аққудай аспандағы үлбіреген.

Ақ мақтадай бұл қызды ұстаймын деп,

Қолы да талайлардың күлдіреген!

Айналайын Кәрима,

 Көріп отсың,ағайын,

 Екі беті томпиған,

Моп-момақан монтиған,

Осы сұлу қызбенен

Айтысам деп білесіз,

Талай жігіт омпиған,

Шаруасы кетіп шоңқиған.

Айтыстарда Кәрима

Таңдай болып атқан қыз,

Күндей болып батқан қыз.

 Талай-талай жарыста

Дүбірлетіп шапқан қыз.

 Енді бүгін айтыста

Кең Тараздың бойында,

Бауыржанның тойында

Баянғали ағамен

Қатарласып шапқан қыз.

Айналайын ағайын,

Дүбірлі әнге салайын.

Жарқыраған жас қыздың

Жанына таман барайын.

 Жасым үлкен екен деп,

Сескенбейін,ағайын,

Баукең батыр секілді

Мен де батыр болайын.

 Асып кетсе Кәрима,

Жығылып қалсам бұ қыздан,

Арманым жоқ,ағайын.

Осы жерде қалайын,

Әсем әнге салайын.

Осыменен мен тоқтап,

Сұлу қызды алдыңда

Бір сайратып алайын!

Кәрима:

Жыр менен өлең қаптаған

Ақындардың жүрегі.

Қайысса қалың халқы бар,

Жыраулардың тірегі,

Амандығы ел-жұрттың,

Ақынның басты тілегі.

Бас иіп тағзым етейін,

Армысың,

Жамбыл –жыр елі!

Көрші ел едік о бастан,

Малымыз болған қоралас.

Қыз алысып, қыз берген,

Ауылымыз болған аралас.

 Дәстүр мен салты жаңғырған,

Жағдайымыз да шамалас.

 Әулиеата еліне

Сүйсініп өткен бар Алаш!

Бисмиллә деп бастасам,

Сіздерге арнап сөз басын.

Жырға толы жүрегім

Тілегін елдің толғасын.

Өтеген, Қайрат, Дулати,

 Шыққан жер осы болғасын.

Бауыржандай батырдың

Аруағы да қолдасын!

Жүрегін елдің жайы жаншылаған,

Адасқан салт-дәстүрге сыншыл адам.

Тәртіпті басты тірлік деп таныған,

Бауыржан болған екен шыншыл адам.

Қаталдық қанында бар болғаннан соң,

Алмастай сөзі өткір жан шығарған.

Батырдың әрбір ісі тірлігімнің

Көкпар тартып кеткендей шаң шығарған.

Жүрегі мейірімді азаматың

Табиғи тазалыққа таңсық адам.

Халықтың қамын жеген Бәукең батыр,

Ел үшін өз тағдырын қамшылаған!

Табылмайтындай қайтадан

Іздесек те жер-көктен.

Тек қана батыр емес ед,

Ер атанған еңбекпен.

 Киелі осы топырақ

Бауыржан батыр ержеткен,

Ұрпағың мың жасасын

Аруағыңды тербеткен!

Айтысамын деп сізбенен

Жылып менің қалды ішім,

Жетер ме екен ағаға

Салса да бұл қыз бар күшін.

Көрінбей кеттің айтыста,

Баян аға,бармысың?

Көкшеден келген керіліп

Кербез ағам, армысың!

Біз де осал емес ек,

Сөйлер сөзге өткірміз.

Қарындас сізге болған соң,

Кішіргелі кеп тұрмыз.

Жасыңыз үлкен болған соң,

Түсінгелі кеп тұрмыз.

Жиырма бесті есіңе

Түсіргелі кеп тұрмыз!

Баянғали:

Айналайын Кәрима,

 Жаныма жағып барады

Жылы-жылы сөздерің.

Жүрегімді өртейді

Қарақаттай көздерің.

 Көрінбей кеттің демегін,

Көрінбей жүрген мен емес,

Көрмей жүрген өздерің!

Айналайын Кәрима,

Аға тұтып қадірлеп,

Сырымызды біздің де

Ұғынғаныңа рахмет.

Ішіңіздің бізге де

Жылығанына рахмет!

Осы жерде жарыста

Қалдырсаң да разымыз.

Жылымақ түгілі ішіңіз,

Өртеп кетіп біздерді

Жандырсаң да разымыз!

Баукеңнің жырлап өттің батырлығын,

Осыдан танылып тұр ақындығың.

 Орден, жұлдыз алғанның бәрінен де

Біледі Баукең елге жақындығын.

 Шыншылдығын біреулер жақтырмапты,

Таңған екен бірталай сандырақты.

 Еңбегі Бауыржаннан көп төмендер

Төсінде темір-терсек салдырлатты.

Бірақ та ер Бауыржан барлығынан

Асқақ болып бекерге ән қылмапты.

 Қадірін халқы қазір танып отыр,

Басқалар танымаса өкпеміз жоқ,

Шошқа баққан танымас арғымақты!

Бауыржан арамдықпен араз еді,

 Құйтырқы саясатқа наразы еді.

Ауытқып теріс кеткен талайлардың

Кінәсін бетке айтатын таразы еді.

 Қан майданда аямай қан мен жанын,

Баукеңдер сақтап қалған қара жерді.

Осындай батыр берген бар әлемге

Мың жасасын айналайын қазақ елі!

Кәрима:

Бауыржандай батырдың,

Көзінен ерлік байқалған.

Бауыржандай батырдың

Сөзінен ерлік байқалған.

Жырла десебұл ағам,

Сыйдырып сөзге айта алман.

Тамыры терең бәйтерек

Жапырағы жайқалған!

Құдіретіне батырдың,

 Басымды иіп, бас ұрдым.

Тіліме тиек еткенде,

Теңіздей толқып тасындым.

Тұлғасы болған ең ірі

Жиырмасыншы ғасырдың.

Бір туатын Бауыржан

Сынығы ғой асылдың!

Жылу бердік,ағасы,

Сіз жаққа деген жанға біз.

 Қарындас боп отырмыз,

Артық ойға бармаңыз.

Кішкене-ай қызды оданша

Мақтап-мақтап алдаңыз.

Мақтасына бірақ та

Бауыздалып қалмаңыз!

Жасыңыз үлкен болған соң,

Келмейді сізбен таласқым.

Жарқырап отыр өзбекше

Туфлиіңе қарастым.

Шапаның екен нағыз-ақ

Шапанындай Алаштың.

Киіпсіз бірақ,ағатай,

Бас киімін Манастың!

Орныңыздан кеп отыр

Селт еткізіп тұрғызғым.

 Сырын білмей кетпеңіз,

Демекпін сізге бір қыздың.

 Ә дегеннен көзіне

Түсті қалпақ бұл қыздың.

 Өкіліндей боп отсыз,

Су бермей қойған қырғыздың!

Баянғали:

Ақынның жолықтым деп жуасына,

Разы боп отыр едім құлашыңа.

Ағаңды осы жерде күйдірмексің,

Су бермеген қырғыздың күнәсына.

Бұл шаруаны,Кәрима, маған емес,

 Айтсаң қайтед Ақаевтың құдасына!

А-а, е-ей, басыма кидім ақ қалпақ,

Ақ қалпақ бізге бөтен бе?

Ойлап тұрсаң,Кәрима,

Жамбыл да киген ақ қалпақ,

Баукең де киген ақ қалпақ.

Осы залға қарасақ,

Шалдар да киген ақ қалпақ,

Ақ қалпағым басымда,

Алаштап ұран саламын.

Жалпы түрік сөзімен

Бар ғаламға сөйлесем,

Манастап ұран саламын!

Аяғың келіп өзбек деп,

Ортаң сенің қазақ деп,

Әзілдедің,Кәрима,

 Оныңа қайран қаламын,

Жарасып тұр бұл жерде,

 Кәриманың толғауы.

Аяғымыз өзбек боп,

Бас жағымыз қырғыз боп,

Ұнамай сізге жатса да,

Орта жағы қазақ боп

Ұнап жатса болғаны!

Кәрима:

Қайнатып отыр ағамыз,

 Сұлу сөздің сорпасын.

 Қатты айтуға үлкен деп,

Жасынан бірақ қорқасың.

 Наз етіп бізге әзілдеп,

Кеңітіп отыр арқасын.

Ешнәрсенің,ағатай,

Айта көрме ортасын!

Айта берсең ортасын,

Түсесің білем шалқасын.

 Әдемі айтыс боп жатыр,

 Әдепті аға,құртасың!

Қадіріңді отқам жоқ,

 Мына жерде кеш біліп,

 Болған соң сұлу сіз бізге

Отырсыз-ау көз тігіп.

Қырғызды айтсам суды да

Талғамым шығар естілік.

Қырғыздардың қыздарына

Көп барад деп естідік!

Ал, ағатай, менсізге,

 Қарындас болып жарайын.

Бір көйлек бұрын тоздырдың,

Көргенің бар талайын.

Қинап мені отқаны,

Ағарып қапты самайың.

Жас шағыңды еске ал,

Жұлқылап біраз алайын!

Баянғали:

Жарасып біз отырмыз сыйымызбен,

Жақсы сөз күтеді ғой жиын бізден.

Самайымыз ағарса, айналайын,

Азырақ ой ойлаймыз миымызбен!

Ағасы қарындасын мақтасын де,

Қарындас ел үмітін ақтасын де.

Ақ шаштылық ақылдың белгісі ғой,

Талай жыл ел басқарып жүрсе дағы,

Шашы қара шолақтардан сақтасын де!

Айналайын Кәрима,

Жақсылықты әрдайым,

Ағекеңе тілеп қой.

 Ортасы деген сөзімді

Көңіліңе алмағын.

 Сен қай жағын ойладың,

Менің айтқан сөзіміз–

Айналайын жүрек қой!

Бұл ағаңның сөзіне,

Кәримажан, нанарсың,

Айтқан тілін аларсың.

Ізетті болсаң үлкенге,

Бұл жалғанда,шырағым,

Бақытты жан боларсың.

Қырғыздардың қызымен

Әзілдесіп біз жүрсек,

Маған еріп сен дағы,

Құдаша боп барарсың!

Ақаевтың алдында

Әсем әнге саларсың.

Бермей жатқан суларын

Сонда даулап аларсың!

Кәрима:

Өйтіп-бүйтіп әйтеуір,

Түсірдік қой ырыққа.

 Сыйлап отсам мен сізді,

Жасыңыз таяу қырықта.

Ал, аға, берсең ақ бата,

 Деңіз маған шынық та.

Тәспиден,аға,жаңылып,

Құдайыңды ұмытпа!

Жіберіпті Көкшетау

Ер жүректі Баянын,

Ақ тілек айтсам мен сізге,

 Несін енді аядым?

Жыныма бірақ тисеңіз,

Кеп отқам жоқ аяғым.

Аулыңазорға жетерсің,

Әр жерден тиіп аяғың!

Тұлпарда да тұлпар бар,

Қазанаты бір бөлек.

Жігітте де жігіт бар,

Азаматы бір бөлек.

 Ізгілік сізге етейін,

 Көңіліңіз,аға, толсын деп,

Әрбір қыздың ағасы

Дәл сіздей-ай болсын деп!

Бізден гөрі екі-үшеу

Жасыңыз келген мүшелі.

Сыйластық елдің тірлігі.

Мақтасы жақсы деседі,

Айта берсек таусылмас

Ауыл-үйдің өсегі.

Болатын елдің қыздары

Ағасын сыйлап өседі!

Тебірентіп ел-жұрттың

Жырладың батыр тілегін.

 Бізге де айттың жақсы сөз,

Жайсаң да болып жүрегің.

Ал енді,аға, сұрандым,

Ақ тілек бізге айт, аға,

Айта алмасаң сыйласып,

Осы сыймен қайт,аға!

Баянғали:

Кәрима бірде шымшып, бірде мақтап,

Отыр-ау ел де бүгін соны жақтап.

Қызымызбен жасты сен қарындас ең,

Отырмын мен де әдеп, ізет сақтап.

Демеңдер мұны не нәрсе шідерлейді,

Айт, айт деп ар жағымнан дігерлейді.

Қызымызбен жасты бұл

КәримағаСөз айтуға бірдеме жібермейді?!

Мен сізді жамандыққа қимағам-ды,

Сыйлаймын әрдайымда ойлы адамды,

 Аяғың әлтек-тәлтек болад деме,

Ойлама қорықты деп сыйлағанды,

Ер жігіт оттан, оқтан қайтпайтұғын,

Қатты сөз бірақ қызға айтпайтұғын.

 Мен түгілі,Бауыржан батыр дағы

Әдепті қыз сөзіне тоқтайтұғын!

Мен сөзді көп созбайын құным бардай,

Айта берсем қыздарға жырым балдай.

 Әдеппен осыменен аттанайық,

Әп-әдемі айтысты бұзып алмай.

Даңқың шығып қазақ пен қырғызыңа,

Қазақтың айнала бер жұлдызына.

 Разы боп оңтүстіктен аттанайын,

Кәримадай қазақтың бір қызына!

Аруағы бабалардың қолдай берсін,

Ақ тілегін ақындар жолдай берсін.

Өміріңде көрмегін жаманшылық,

Жұлдызыңыз аспанда жана берсін!

Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *