Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған республикалық айтыс

Баянғали мен Дәмеш Омарбаева (Семей)

Баянғали:

Алла деп тағы келдім осы тұсқа,

Ел-жұртым мән беріп тұр бұл айтысқа.

Оятып байтақ елді, бейғам миды,

Келтірген жалғыз өзі қозғалысқа.

 Абайдың ұлы тойы болған кезде,

Абырой берсін құдай алты алашқа.

Ақылды Абай атамыз

Оятам деп даланы,

Тазартам деп сананы,

Адамды адам қылам деп,

Көпті жөнге салам деп,

Тілдескені Толстой,

Сырласқаны Сократ,

Оқымасаң Абайды,

Ойың қалар тоқырап,

Сөзің қалар шоқырап,

Аман-есен бармысың,

Абай, Мұхтар, Шәкәрім

Ұлыларды тудырған

Қасиетті топырақ!

Абай атам атағы

Алты бірдей құрылық

Түк қоймастан дулатқан,

Төрт мұхиттытулатқан,

Ай, әлемнің бәрісін

Осы күні шулатқан,

Адамзатқа Абайдың

Өлең-жыры тіл қатқан,

Ұқпағанды қайтеміз,

Ұққанның бәрі үн қатқан

Адамзатқа рахмет,

ЮНЕСКО-ға рахмет

Ұлы Абайдың тойына

Бір кісідей үн қатқан,

Семейіме рахмет,

Мынау қиын заманда

Ақындарды жинап ап,

Үш күн бойы жырлатқан!

Қаталық жоқ сияқты еді ісімізде,

Қайралған жоқ сияқты еді тісіміз де,

Семейдің суы құрып қалатындай,

 Сұмырай жоқ сияқты еді ішімізде.

 Мадақтап біз жырлаймыз елімізді.

 Көтеріп сөз сөйлейміз ерімізді.

Ағайын,қолың соғып отырсаңдар,

Сусыз-ақ ықыласыңмен басармыз шөлімізді.

 Айналайын ағайын,

Міне, осындай алдыңда

Еркелікпен жасадым,

 Мен қонақтың кәдесін.

Шықты міне жарқырап,

Көптен сыйлап жүретін

Семейдегі апайым,

Ай мен күндей Дәмешім

Інісіне сақтағанДәмеш апам дәмесінЫқыласы түссе өбедіЖелбіреген апайым, Әлі күнге қыздай боп,

Үлбіреген апайым,

 Біржан салдың ұрпағы

«Інім келіп қалды»деп,

Кезек беріп маған да

Жүрегі де мінеки

Елжіреген апайым,

Құттықтап мен кеп тұрмын,

Көкшетаудан тойыңды.

Осы тойың,апажан

Қалай-қалай басталды?

Білдіре кет сол жайлы

Халайыққа ойыңды.

 Дәмеш:

Көрмеген Көкшетаудан келіп тұрсың,

Дүркіреген тойымызды көріп тұрсың.

Төгілтіп жырларыңды ақ көңілден,

Сәлемді ел-жұртыма беріп тұрсың.

Жорғадай тайпалаған өзің дағы,

 Ізіңнен жаңылмастан желіп тұрсың.

Қарағым, қазақтың бір майталманы,

Сен дағы өз күшіңе сеніп тұрсың.

Алдымен сөз бастадың,сен қарағым,

Апаңды қасыңдағы көріп тұрсың.

Жолың да бола берсін, Баянғали,

 Мен сені бауырым деп сеніп тұрмын.

 Баян даКөкшетаудың сұңқары екен,

Мақтауға бұл жігіт те тұрады екен.

Үкілеп осы тойға алып келген

Көкендей ағамыздың тұлпары екен.

 Үлесін мына тойға қосып жатыр,

Сөздерден не тамаша тосып жатыр.

 Жарысқан адамдарды қасындағы,

Пілдей боп мысы дағы басып жатыр.

 Семейдің жағдайын сен көрмейсің бе?

Бағаңды дұрысырақ бермейсің бе?

Су жоқ деп мұнда келіп сөгіп тұрсың?

Ертіске жуынып-ақкелмейсің бе?

Үлкенге сол

 Ертіс те алыс емес,

Қарағым, оны дағы білмейсің бе?

Артық-кем бәрімізге ортақ еді,

Ойыңа түйіп соны жүрмейсің бе?!

Үкілі Ыбырайдың ұрпағысың,

 Қазақтың бар салмағын бір көтеріп,

Өзің де азамат боп жүрмейсің бе?

Осыны саған айтып ескертемін,

Артығы жоқ сияқты ескерткеннің.

Тойдың да көріп тұрсың басталғанын,

Не дүлдүл асыл сөздің тасталғанын.

Тойды да бұл Семейім бастап кетті,

Ақындар дүркіретіп қостай кетті,

Не дүлдүл тілге жүйрік асылдарым

Ішінде осалдарын жасқап кетті.

 Сөздің де асыл-асыл соғып нұсқаларын,

Осынау жақсы істі тастап кетті.

Қасыңда Дәмешіңді апам дейсің,

 Ел-жұртқа тие берсін батам дейсің.

Өлеңді небір жақсы сомдап соғып,

Үлесті сен де өзіңше қосам дейсің.

Бейне бір қырғыз елінен келгендейсің,

Қырғызша сөз нұсқасын бергендейсің.

Басыңа айыр қалпақ киіп алып,

 Еркелеп Семейімде жүргендейсің!

Баянғали:

Айналайын ағайын,

Сүңгіп шықсам Ертіске,

Абай атам шомылған

Мен өзіме бақ көрем,

Атамызды құрметтеп,

Осы айтысқа шақ көрем.

Ал егер де қалада,

Суың болмай жатса егер,

Келер жолы келгенде

Бір-екеуін Көкшеден

Сексен көлдің ап келем.

 Айналайынапатай,

Аулақ тұрсын мазақтан,

Айырмасын ғажаптан.

Қалпағыма тиіспе,

Қалпағым да қазақтан.

Басым дағы қазақтан,

Жаным дағы қазақтан,

Қаным дағы қазақтан.

Апамызды осылай,

Әзілменен ілемін,

Жай-жапсарын білемін.

 Осы тойды өткізіп,

Болғаннан соң, ағайын.

Ұлы Манас тойына

Бішкек жаққа жүремін.

Інісі кеп қалғасын,

Күлімдегенапайым

Толқуын да баса алмай,

Дірілдегенапайым

Қараңызшы мінеки,

Дір-дір етіп апамыз,

Сахнаны тепкендей,

Қызық жайдан өткендей.

Қарап отыр, кәніки,

Велосипед тепкендей.

Айналайын, Семейім,

Толғау етіп көрейін.

Келіп қалдым еліңе,

Жақсы-жақсы жайларды

Көргеннен соң алдыңда,

Мен дағы айтып берейін,

Алдыменен ағайын. …

Семей елінің ұл-қызы,

Қадірлерін білгізді.

Құшақ жайып қарсы алып,

Төбесінде жүргізді.

Таймас дейтін фирмадан

Алтын-хан мен Мәдина,

Қарлығаш пен Жанаркүл,

 Бауыржан мен Гүлмайра,

 Қасиетін білгізді.

Ол фирманың бастығы

Сөткенбаев РафигімДәуірбектің баласыБөлек екен бағасыТалай сырды, ағайын,

Мен осылай аңғартам,

Рафиктейін мырзаны,

Мақтап-мақтап бұл тойда

Журналына «Абайдың»

Теңге менен долларды

Вагонымен аудартам.

Айналайын, ағайын,

Ризамыз бүгінде

Семейдейін қалаға,

Құшақ жайған ағаға,

Қолын соққанбіздерге,

Ата менен анаға,

Ал, апатай, бір ауыз

Айтып көрші еліңе,

Мұхтар менен Жүсіпбек

Негізін салып бір кезде

Өліп қайта тірілген

Ұлы «Абай»журналын

Ауылыңыз ала ма?

Дәмеш:

Ол журнал бәріміздің қолымызда,

Ақ тілеу тілеп жүрген жолымызға.

Кейінгі ақындар да еріп жүр ғой,

Журналға көмекші боп соңымызда.

Жүсіпбек ұлы Абайдың шәкірті ғой,

 Тілеген ақ тілеуін жанкүйері,

Өзінің асыл бауыры нақ сүйері,

Тілегін сол журналға айтып кеткен.

 Оны да мына отырған ел біледі,

Өзің де ақпа ақын болғандайсың,

Жырдың да асыл негізін салғандайсың.

 Велосипед мен теуіп отырсам-ай,

Артыма сен мінгесіп алғандайсың.

Сексен көл Ертісіме тола ма екен,

Бірақ та ол Ертістей бола ма екен.

Көкшетау Тарбағатайдың өкшесіндей,

Ағайын, оның артық болады екен.

Мақтанба сексен көлім бар ғой деп сен,

Аясы мына Ертістің тар ғой деп сен.

Абайдың жырларындай арқасында

Төгіліп жатыр бәрі оны білсең.

 Бәріне бірдей болсын көзқарасың,

Көсіліп сен де менен сөз аласың.

Көкшетау көркіменен биік болса,

Абайым жырмен биік еске аларсың.

Абайдың табиғаты жыры еді,

 Ішінде терең оның сыры еді.

 Қасиеті ұлы Абайдың қарасөзі,

Көңілдің жанып тұрған нұры еді.

Қарағым, ала жүрші оның есіңе,

Абайды оқып әлде жүресің бе?

Тереңдеп қарасөзі шырақ жақса,

Әр сөзін жатқа сен-ау білесің бе?

Көремін ашық нұрды көзіңдегі,

Асыл бір мағыналы сөзіңдегі

Білсең сен,айта ғойшы Абайдың-ау

Он жетінші ойды «Қарасөзіндегі».

Егер де шыныменен болсаң қазақ,

Басқаға болмайықшы біз де мазақ.

Абайым тереңдетіп әр өлеңді,

Төгілтіп жүрегімен көпке жазад.

Осыны шешіп маған бере қойшы,

Болсаң сен жүрегіңмен анық қазақ.

 Баянғали:

Айналайын, апатай,

Бір тамаша еттің ғой,

Аңқылдаған ініңе,

Жала жауып кеттің ғой.

Көкшетау мен Ертісті,

 Қарсы қойған жоқпын ғой,

Айналайын, апатай,

 Мен сөйледім доспын деп,

Сексен көлді әкелсем,

Айтып едім тілекпен

Бар қазақтың баласы

Ақ тілегін осылай

Бір арнаға қоссын деп.

Ұлы Абайдың өлеңі,

Жаралған ғой, ағайын,

Елім деген уайымнан,

 Қарасөзін Абайдың

Сұрап отырсың, апатай,

Мен шығармын ойыңнан,

Көсемсініп бірақ та

Ол жайында сөйлеуге

Ұяламын,апатай,

Асқақ ғалым Қайымнан.

 Қалғандай халық міне елең етіп,

Апамыз отыр сөзді өлеңдетіп,

Сол сөзде не айтқанын өзің айтшы,

Берейін содан кейін тереңдетіп.

Дәмеш:

Адамға терең білім керек екен,

Абайдың қарасөзі бөлек екен.

Жүрек пен қайрат, ақыл дауласқанда,

Билікті ол ақылға береді екен.

Ақыл да жүрек сөзін сөйлегенде,

Сол жүрек бәрін дағы жеңеді екен.

 Кей кезде толқып кетем өзім дағы,

Болса да тым тереңде сөзім дағы.

Ағайын тыңдар ма екен қарар болсаң,

Тереңнен толғанасың өзің дағы.

Жүрекке жаттап алып Абай сөзін,

Сақтарсың есіңе-ай кезін дағы.

Абайдың тағы оныншы сөзіндегі

Отыр ғой жаттанды боп есте қалып.

Оны да Баянғали байқар ма екен,

Мағынасын шешіп бүгін айтар ма екен,

Бір ауыз қарасөзді оқымаса,

Апырмай не деп елге қайтар екен?

Қалайша ол есінде қалмайды екен,

Құрдан-құр мұнда Абайды сарнайды екен.

Абайды толық оқып келмегендер

Қалайша жалаң-жұтаң қалмайды екен?

Тіпті айтшы ең бірінші сөздеріңді-ай,

Осынау толқып тұрған кездеріңді-ай.

 Қалайша көз жүгіртіп шықпадыңдар,

 Қарағым,түсінбедім өздеріңді-ай!

Баянғали:

Абайдыңбарлықөлеңін,

Қырықбес сөзінжәнеде

Нешеқайтаоқығам,

Жүрегімдетоқығам.

Ұзақ-ұзақсөйлесек,

Лекцияоқыпкеттідеп,

Мына халық шошыған.

Айналайын, апатай,

Абай атам айтқандай,

Ақыл жолы бір бөлек,

Жүрек жолы бір бөлек,

Қайрат жолы бір бөлек.

Осы үшеуін тең қатар

Ұстамасаң жалғанда,

Адам болып не керек?

Абай атам тұрғанда,

Мұхтар атам тұрғанда,

Шәкерім қажы тұрғанда,

Екеумізге, апатай,

Философия соғып не керек?

Көсілтіп бір жырлау да

Төкпе ақынға оңай ма?

Жырлай берсе өзі де

Кетеді ғой талайға.

Талай жақсы сөздер де

Айтылып тұр мінеки

Ұлы Абай заңғарға.

Ал, сұрайын, Дәмешжан,

Өзің білген бұл күнде

Ортасында жүріп жатқан

Адамдардың ішінде

Ақыл, қайрат,жүректі,

 Бірдей ұстар жан бар ма?

Дәмеш:

Бауырым, осы жерде алдырды ғой,

 Көңілін апасының қалдырды ғой.

Ұлы Абай қарасөзін ел-жұртына

Оқып ап,тоқысын деп қалдырды ғой.

 Және де өзі қысқа, өзі нұсқа,

Қарағым, осыны да есіңе ұста,

Лекцияға ол ешқашан жарамайды,

Тегінде ғақлия сөздің орны басқа.

Ондайлар арамызда көп емес қой,

Көп болмаса да жоқ емес қой.

Мына жұртты қалайша қаралаймыз,

Бәрін де түсінгені сол емес пе,

Халықтың түсінігі мол емес пе?

Абайдың салып кеткен жолы емес пе?

Қалайша оныбілмей мына халық,

Бақ құсын елемесем, жараса ма,

Болсаң да Абай, Мұхтар, Шәкәрімім,

Ақылы басымдардың бірімен-бірін

Шәкәрдей асыл бабам тағы өткен,

Өлеңмен көңілдерге төгіп нұрын.

Әнеки,Қайым аға толқығандай,

 Осының талдап берген бізге бәрін.

Келтіріп өлеңменен көңіл сәнін,

Ақындар жүрегімен тоқып алып,

Отыр ғой сөзін қосып, толғап әнін.

Бауырым, сен де бүгін толқып кеттің,

Мен дағы Абай жайлы шалқып кеттім.

Абайдың қарасөзін айтқанда,

Сен де соншалықты шошып кеттің.

 Баянғали:

Айналайын, апатай,

 Ұлы Абай бабамыз

Ұрпағына өсиет

Адамболғын деп айтқан,

 Адал болғын деп айтқан,

Таза болып жүруді

Ұрпағына өзі айтқан,

Ұлы Абай сөздерін

Ел-жұртына арнаған.

Және де жоқ бір сөзі

Жүрегіне елдің қонбаған,

Бола ма екен айтыста,

Оның бәрін талдаған,

Талай-талай ғалымдар

Сөздеріне Абайдың,

Өмірлерін арнаған.

Айналайын, Дәмешім,

Ақыл, қайрат, жүректі

Парасатты бір ұстап,

Қастасып біз қайтеміз,

Табылайық әрдайым

Достық дейтін арнадан.

Айналайын, апатай,

 Қызы едің Семейдің,

Екі бірдей қызымен

Айтыссам да бұл тойда

Демейін мен таластым,

Әзілдестім, жарастым.

Алла жазса мен енді

Тойына жүрем Манастың.

Ықыласын елімнің,

Есіме алып жүрейін,

Жүрген кезде бойында

Ыстықкөл мен Таластың!

Ағайын, өлең-жырың өрістесе,

Айтайын Дәкең маған ерік берсе,

Жарқырап күндей күліп жүрейік біз,

Бұлт болып төбемізден төніскенше.

Алшаңдап адам болып жүрген жақсы,

Таласып бір бәйге үшін керіскенше.

Ал, енді айналайын,қайран Семей,

Хош-аман болып тұрыңыз қайтадан көріскенше!

Дәмеш:

Мен қалай басым түссем басыламын,

Сен дағы аман болшы, асыл бауырым.

 Көзіңде көрініп тұр жыр шумағы,

Сенің де жүрегіңнен тасығаның.

Пейілің маған деген ақ қой сенің,

 Осынау тілегіңе қосыламын.

 Сөздерің төгіледі таңдайыңнан,

Бәрін де айтып бүгін мән-жайынан

Апа деп аялап сен отырсың ғой,

Сүйейін жарқыраған маңдайыңнан.

Мен дағы бауырларды сыйлаймын ғой,

 Азырақ әзілменен қинаймын ғой,

 Дегенмен көңілің менен бөтен емес,

Мен сені бөтен сөзге қимаймын ғой.

Осылай жырыңменен достасайық,

 Апа мен бауыр болып қоштасайық.

Әлі де талай-талай асулардан,

 Сол кезде дүркіретіп көш бастайық, –

Деп бүгін, аман бол, енді қоштасайық.

 

    Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *