Көк аспан – алып түндік төбемдегі,
Ақша бұлт – ақ лақтар көгендегі.
Сұрша бұлт – тым төмендеп жақындайды,
Нұрлы жаңбыр төгіп бір кетер-дегі.
Ақ таңның хабаршысы оқшау тұрған,
Ақ «Шолпан» әсемдіктің тағын құрған.
Онымен қатар шығып бақ таласып,
Әуре боп әншейін «Есек қырған»
Бір мүлгіп, бір оянып «Темір қазық»,
Тұрғандай аспан сырын тізіп жазып.
Кетпеу үшін адасып «Жеті жұлдыз»,
Шеңберін айналады етіп азық.
Үркердің айтқанына құлақ салмай,
Бір қызын алып қашқан ізден қалмай
Қарақшыны қуады әліге дейін,
Ақбоз, Көкбоз аттармен жете алмай.
«Құс жолы» мен өткенде керуен толып,
«Аққу» жүред қалықтап көзбен шолып.
«Арқар» кейде табысып, тоғысады,
Айға барып адаспай қонақ болып.
«Қара құрт» салып бағзы, тұр аяңға,
Дегендей шегараға көп таянба.
Шошытып сырт айналып, зәрін төгіп,
Үркітіп айла жасап жүр «Шаянға».
Келбетіңе ай жүзді болып ғашық,
Жете алмай қуғаныңмен ара қашық.
«Шолпан» қыздың назарын тосумен жүр,
«Марс» жігіт жасынан моншақ шашып.
Тұнықтырып суытып күздің суын,
Салқындықтың көтеріп көкке туын.
Сүмбіле де сүзіліп дейді маған:
«Томыртқала, шырағым, сосын жуын»
Таң атыра қалқиды қос «таразы»,
Бірі түзу тұруға болған разы.
Бірі қисық жұмыспен шұғылданып,
Айтысады, тартысып боп наразы.
Түзуінде өлшеніп ізгі ниет,
Имандылық адамға келіп тиет.
Күнә өлшеп қисығы арбасына,
Пәле, жала жалғанды алған тиеп.
Бәрімізге бұйырсын ниет ізгі,
Болсақ кәне өлшеніп иман жүзді.
Қисығынан алыстау жүрсек жақсы,
Адастырған ақ жолдан алдап бізді.
Құлмахан Қалиұлы