Қайта оралса көктемім, бұла шағым,
Тым тамаша бүр жарып, гүл ашамын.
Өткеніме өкінер жайым да жоқ,
Қуатым бар, әлі көп қыр асамын.
Қайта оралса жастығым, құлын шағым,
Көрер еді-ау Ел басқа «ұрыншағын»!
Тауға, тасқа ұрынбай жүрген мен бе,
Көрінсе де ақ арман бұрын сағым?!
Қайта оралса шоқтығым, жігіттігім,
Отырар ма ем еңсемді бүгіп бүгін?
Ауыр деген ұршығын зырылдатып
Иірер ем заманның түбіт жібін.
Қайта оралса асаулық қызбалығым,
Тұрар ем-ау шыңырау құзда мығым…
Әже болған жар түгіл,
Айналамда
Пәруана боп жүрер ме ед… қыз да бүгін?!
Қайта оралса жастық шақ бұрынғыдай,
Жүрер ме еді ақының – Құлың бұлай?!
Қайта тусам – сонда да сараңдық қып,
Бақ қондырмай қинай ма ұлын Құдай?
Қайта оралса көктемгі аптығым бір,
Жалау тігем шыңына шаттығымның.
Сенетінім – ол анық, жүрмес едім,
Шырмауына оралып қатты мұңның.
Құлназар Ибрагимов