Жаудан да, бейнеттен де тартынбаған,
Екі ел ынтымағы қарқындаған.
Ғасырлар қиындыққа төзетұғын,
Халқыңның несібесі сарқылмаған.
Аз ба еді қатаң өмір сынағаның,
Әз елім, сонда-дағы құламадың.
Болса да тауқыметті көп қиындық,
Мұң шағып,
Тағдырыңа жыламадың.
Жолдары қос елдің де көп өткелді,
Небір кез құлатардай төніп келді.
Тайғанмен көк сырғақта құламастан,
Тек достық қол алысқан төтеп берді.
Ынтымақ бүгінде де тастамады,
Ақ жолға қашан еді бастағаны?!
Достықтың мәңгілікке бой созғанын,
Дұшпандар көре алмай қастанады.
Күніге ұлы мейрам ұқсап аспан,
Бұл заман мейірлене құшақ ашқан.
Сондықтан екі елдің азаматы –
Бос жүрген тұлпар сынды тұсалмастан.
Тамыры достастықтың тереңдеген,
Мол және игілігі берем деген,
Кейбіреу бұл достықты көре алмайды,
Сезімі селт етпейтін керең бе екен?!
Екі елдің қол алысып туғандары,
Қуанды желбіреген тудан бәрі.
Санасаң санағыңа жету мүшкіл,
Ғылым мен өнерді көп қуғандарын.
Халқымыз бір-біріне жақындады,
Дос болып жазушысы, ақындары.
Достықты көрсетпей ме
О, ағайын,
Көшесі Абай атам атындағы.
Көк аспан күркіресе жел басылар,
Өтпеді басымыздан не ғасырлар?!
Келеді достастықты жалғастырып,
Қазіргі
Көрегенді Елбасылар
Құлназар ИБРАГИМОВ,
Ташкент қаласы.