Уақыт өтіп барады, уақыт өтіп,
Әй дегенше келеді қарттық жетіп.
Әр сәтіңнің қадірін кезінде біл,
Өкініште қалдырар босқа кетіп.
Бисмиллә деп бастасаң әр жұмысты,
Алла атымен қолға ал тынар істі.
«Еңбек етсең ерінбей қарның тояр»
Еңбек ет те жайраңдап, ал тынысты.
Еңбек деген рухыңды көтереді,
Еңбек қана жайқалтып көгертеді.
Үлгі болсаң, оларға дер кезінде,
Еңбекшіл боп ұл-қызың ер жетеді.
Еңбек деген әрқашан ақталады,
Ескеріліп нәтиже мақталады.
Елі үшін тер төккен әр азамат,
Жүрегінде елінің сақталады.
Еңбек еттім шәкіртке білім беріп,
Зейнеттемін бұл күнде уақыт жетіп.
Дәлелі ғой бұл-дағы айтқан ойдың,
Еңбегімнің рахатын жүрмін көріп.
Лала Жүнісқызы