Төле бидің 350 жылдығына

Шабытымды шайқатып бір көрейін,
Өзің жайлы әсем жырды өрейін.
Үш жүз елу жылдығы өткен бабамның,
Әл жеткенше арттырайын мерейін.
Орын тапқан Ташкентімнің төрінен,
Шоқ жұлдыздай көк жүзінен көрінген.
Төле бидей, Төбе бидей атамның
Түркі елінде шын бағасы берілген.
Еш уақытта еңбек зая кетпейді,
Елі үшін кімдер терін төкпеді?
Санасына құйылған соң ұрпақтың,
Есімдері ешқашан да өшпейді.
Аңыз болып айтылып жүр бар ісі,
Бет бұрмаған даналыққа қай кісі?
Ұмытылмас неше ғасыр өткенмен,
Төле бидің Қарлығаш би есімі.
Өз халқына тек жақсылық тілеген,
Төле бабам, данышпаным көреген.
Бар қазақты ынтымаққа шақырып,
Бақыт көзі татулықта деп білген.
Заманының өр тұлғалы ақыны,
Өзгелерден өз халқына жақыны.
Қасиетіңнің қайсы бірін айтайын,
Ұлылардың ішіндегі жарқыны.
Қалдырғансың өшпейтіндей ізіңді,
Ұран етіп айтар ұрпақ сөзіңді.
Рухың бүгін шаттанады өзгеше,
Жыр арналып ескерген соң өзіңді.
Орын тапқан Ташкентімнің төрінен,
Шоқ жұлдыздай көк жүзінен көрінген.
Төле бидей, Төбе бидей атамның
Ел ішінде өз бағасы берілген.
 
Лала Жүнісқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *