(Төле биге)
Айбынды Төле биім,
Төбе биім,
Дер сөзіңе сәбидей бөленейін.
Қайсар бабам, асыл сөз, ой шебері,
Өзгерместен келеді көне күйің.
Төле биім,
Азулы дана бабам.
Мақтан еттім сөзіңді даралаған.
Өсіп келер ұрпаққа,
Сенбеймісің?
Ендеше қара маған.
«Болмасаң да, ұқсап бақ» деген Абай
Әділетсіз кез туса көнем қалай?!
Ұрпағыңды мәңгілік қорғаштап жүр,
Әділетке қанайық сенен де бай.
Оян, бабам!
Төле би,
Оян, бабам!
Қиыршықтың түбінен ой аңдаған.
Сыртқы жүнді қампайтып көрсетсем де,
Ішімізде арман бар оянбаған.
Оян, бабам!
Бағы жайнап жатқанмен тегіс алап,
Айналамыз – ұрыс пен керіс, қарақ.
Қайшылыққа жанасқан кей пендеңе
Жатырсың ба сен налып, теріс қарап?!
Қанықтырсын рухани жанды қорек,
Мен айтайын Сіздерге мәнді дерек.
Бүгін үшін!
Болашақ, ертең үшін!
Төбе билер халыққа мәңгі керек!
Лала Жүнісқызы