Отан деген

Отан деген кіндік қаның тамған жер,
Әулетіңнің бақ-сорына қанған жер.
Елдік, ерлік еңбегімен қорғаған,
Бауыр басып, шамшырағы жанған жер.
Отан деген үйің, жайың, ошағың,
Жалауың мен әнұраның – бас әнің.
Елтаңбасын қадір тұтқан тұмардай,
Ауыл, аймақ, кемпір-шал мен қатарың.
Отан деген аққан суың, арналар,
Ақ қардағы бейбіт ұшқан қарғалар.
Отан деген жылда келер жыл құсың,
Сайраса әсем ауылыңа арналар.
Отан деген гүлге толы бақшалар,
Қара күзде алғаш жауған ақша қар.
Отан деген егіс толы далаң мен,
Жұлдыз болып жаңа ашылған мақталар.
Отан деген сүйікті ауыл көшеміз,
Ұлы өмірге сол көшемен өтеміз.
Отан деген ата-анаң, ауылдас,
Жолдастарың деп жүргендер: «өсеміз».
Отан үшін керек сенің күресің,
Сонда еркін сау-саламат жүресің.
Қисайған бір сен ағашын түзетсең,
Отанға ол да қосқан сенің үлесің.
Ардақтағын Отанды әр кез арыңмен,
Еңбек еткін оған жаның-тәніңмен.
Соғысуың бейбіт күнде шарт емес,
Үлес қосқын оқу, өнер тәліммен.
Отан- ана – сенің алтын бесігің,
Ашық тұрар қай кезде де есігің.
Миллиондаған перзенттері ішінде,
Сенің де бар, қалқам төрем, есімің.
 
Қаһарман Бекежанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *