Жолдар және ойлар

(Оралманның көңіл-толғаулары)
 
Тараздан Алатауды бойлап келем,
Көрініске көз тоймай, ойлап келем.
Ақ жаңбыры секілді сіркіреген,
Өлең шығып келеді жайлап менен.
Жамбылдың жаңбырын- ей, төгіп тұрған!
Ақ жаңбырға жерлері бөгіп тұрған.
Жер жәннаты осындай болса керек,
Еш таңқалмай, кете алмас, көріп тұрған.
Жерің жайлау, бақша, бау жемістерің,
Малға толы, пах шіркін! – өрістерің
Бурныйда – Бауыржанның ауылында,
Көрдім және кең алқап егістерін.
Көрдім және жол бойы ақ бұлағын,
Автобустан түсе сап шапқыладым.
Меккенің зәм-зәм суын ішкендей-ақ
Деп ойладым «Рухымды пәк қыламын»
Автобуста келемін таңдай қағып:
«Неге тұрсың сен мені қалмай алып?»
Өкінем: «Атажұрттың ұланы боп,
Жүрмеппін, ойпырмай, шетте қалып?!
Қайтейін, тағдыр бізді айдап кеткен
Аштық апат, Сыр бойын жайлап кеткен
Жыл құсындай бір ауып кеткен едік
Тағдыр бізді сол жаққа байлап кеткен
Жыл құсындай көктемде қайта алмадық,
Кімге айтам?! Біз мұнда деп айта алмадық.
Жыл құсындай болып біз қайта алмадық,
«Кел»,–деген ешкім болмай, сан таңқалдық
Жүрсе де бауырларды алыс танып,
Тірлігіне кей кезде жаға ұстадық.
Басқа қазақ «өзі» де, біз «өгей» ме?
«Оралман» деген сөзден намыстанып.
Мейлі бауырым, аман бол, бауларың да,
Ақбасты Алатаудай тауларың да.
Жүреміз сырттарыңнан тілектес боп,
Көңілде дерт жоқ, ел-жұртым аманында.
 
Қаһарман Бекежанов
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *