Жыршылықтың ашылып тұр беттері,
Жадыратып жанымды гүлдеткені.
Сансыз ойлар санама сыймай тасып,
Қанат қақты кеудемнен жыр кептері.
Кетсе-дағы шаттығым азайып тым,
Таңба болар туынды жазайық тың.
Ертеңіме сенемін, жылдар жылжып,
Жаңалығын әкелер ғажайып күн.
Өн бойымды сан сұрақ сілкіледі,
Жыршы жүрек қалайша іркіледі?!
Тұрса-дағы төбемде түн түнегі,
Көңілімде сенемін күн күледі.
Күн кешсем де тірлікте күйбеңменен,
Болсам-дағы бір пақыр сый көрмеген.
Көндігермін тағдырдың салғанына,
Болсам да асау құрыққа үйренбеген.
Оңашада айналған сырласыма,
Жыр бұлбұлы қонақтап тұр басыма.
Үмітпенен қараймын, сеніп өтем,
Балғын жырым шығарар шың басына.
Кезіксем де өмірдің соқпағында,
Ертеңімнен күтерім көп тағы да.
Ұлы сөз бар көңілге жарық берер,
Сенімі жоқ өмірде жоқ мағына.
Болашаққа беттеген сенімменен,
Талпынады жүрегім «елім» деген.
Қарсы жүріп тағдырдың толқынына,
Қайда барып тоқтайды менің кемем?!
Нендей байлық табылар еліме тең,
Бәрі, бәрі сияды жеріме кең.
Бағалайтын барымды, нарымды да,
Өр халқыма сенемін, сеніп өтем.
Жеткізсе де соңынан аппақ арман,
Кете алмаймын ешқашан аттап ардан.
Жыр тағына жарқырап отырсам да,
Ұрпағыма сенемін артта қалған.
Тұрса-дағы керегем кең керіліп,
Сөнер емес мәңгілік мендегі үміт.
Ар-иманға сенемін, хақ тағалам,
Жаратқан соң о баста пенде қылып.
Адамдықтан мен емес ауытқыған,
Жырларыммен ой кезіп, сауық құрам.
Жеке-дағы жарлығы жаратқанның,
Ел-жұртыма кетемін тауып бір ән.
Қайрат Ахметов