Қосжан Мүсіреповтың 60 жылдығы мен Нұралы Нысанбайұлының 135 жылдығына арналған республикалық айтыс

 

Баянғали мен Қаныша Райысова(Талдықорған)

Баянғали:

Бисмиллә, сөз бастайын а, құдайлап,

Жақсының арғы-бергі, бәрін ойлап.

Ассалаумағалейкүм, бауырларым,

Пейілді Оңтүстіктің өніріне,

Кеп тұрмын

Көкшетаудан Абылайлап.

Той жасап жатса бүгін өңірініз,

 Өлең боп бәріңіз де өріліңіз.

 Орталау залды көріп алғашында,

Ортайып қалып еді көңіліміз.

 Сонда да мен сөйлейін қарап күліп,

 Айтпайын есебіңді санап тұрып,

 Сөйлейін осы отырған ағайынның,

Әрқайсын он кісіге балап тұрып.

 Иіліп амандастым өлеңменен,

 Өлеңге елі-жұртым елеңдеген,

Есімін аталардың сыйлайтұғын

Бұл өзі бір керемет Бөген деген.

Еске алып бұрынғы өткен бабаларды,

Тазартып ұйықтап жатқан саналарды,

 Бастады осы тойды жарасыммен,

Жиналған алты алаштың балалары.

Еске алып Нұралы мен Қосжан атын,

Ақындар өлеңіне қосқан атын.

Бөгенім ұқсап тұрғой алып құсқа,

Қияда еркін жайған қос қанатын.

 Біз кеше ең алдымен Бірлік бардық,

Ағылдық ол араға ірілік танып.

Есімін Қосжан аға ардақтайтын,

Ұрпақтың бар екенін біліп-қандық.

 Еске алып Қосжандайын берендерін,

 Мәнісі енді сөздің тереңдеген.

Өлеңін Қосжан ақын жатқа соқты,

Мұсабек, Сапақ бидің өрендері.

 Бөгеннің ауасына, даласына,

Қосжанның сіңген екен өлеңдері.

Біз бүгін еске алдық Нұралыны,

 Ол дағы өлең сөздің бір лағылы.

Біздерге Көктөбеде қызмет қылды,

 Тік тұрып директор мен мұғалімі.

Өнерге талай өрнек басып келдік,

 Құпия талай сырды ашып бердік.

 Болатын биіктігі он метрдей,

 Ескерткіш Нұралыға ашып келдік.

 Ескерткіш Нұралыға ашып келдік,

 Қалықтап өткенді біз,тасып келдік.

 Мектебі Чкаловтың атында екен,

Соны ойлап біразырақ жасып келдік.

Заңсыздық талай-талай болды ма екен?

Қазағым еріксіз оған көнді ме екен?

Жоқ, әлде Москваға жағамыз деп,

Мектепті Чқаловқа берді ме екен?!

Солтүстік полюске ұшқан ер Чкалов,

Адасып оңтүстікке қонды ма екен!

Ағайын, бұл сөзіме сену керек,

Ақынның айтқанына еру керек.

 Басшылар жалтақтамай тез арада,

 Мектепті Нұралыға беру керек.

Ереке, бұл сөзімді қолға алыңыз,

Қалқан боп ел-жұртыңа тұрғаныңыз.

Мектепті Нұралыға беру жәйлі,

Жарлықты осы қазір шығарыңыз!

Еркін Сатқанбаев –Бөген аудандық әкімшілігінің басшысы.

Ағайын, құлақ салсаңдар,

Әкімнің жайын тастайын,

Ақыннан сөзді бастайын,

Мына отырған Қанышам,

Ақын етіп, әсем ғып,

Құдай өзі жаратқан.

Әппақ күміс өн бойы,

 Бас жағына қарасаң,

 Сары алтыннан жалатқан.

Сахнаға шыққанда,

Бар жігітін Бөгеннің,

Бір өзіне қаратқан.

Қанышажан, білесің,

 Біз екеуіміз әр жерде,

 Бел жайлауда айтыстық,

Ен жайлауда айтыстық,

 Хан жайлауда айтыстық,

Сан жайлауда айтыстық.

Бір көргеннен бір-бірімізді,

Қанышажан, сағындық.

Аз болғандай басқасы,

Кеше ғана Бірлікте,

Екеуміз тағы айтыстық.

Бірталай жұртқа танылдық.

Соңымнан менің қалмастай,

Қаныша, саған неғылдым?

Айналайын, Қаныша,

Айтысам деп менімен,

Соңымнан ылғи қалмадың.

Байқап жүрмін айтысу

Менімен бопты-ау арманың!

Зарламай енді қояйын,

Әріқарай енді жалғағын.

Сөйле, кәне, қымбаттым,

Жетісудан келген бұл жерге,

Әппақ менің ардағым,

 Күңірентіп сөйлеші,

Ата-баба аруағын!

Қаныша:

Ал, кәне, ақтарайын жыр кенішін,

Ежелден өнер тұнған жыр кенісің.

Мекені қазағымның десе болар,

Армысың, ақ мақталы Шымкентім.

Жетпеген жан екенсің арманыңа,

Айналған ұрпағының ардағына.

 Жасына пайғамбардың келген атам,

Сыйынып сөз сөйлейін аруағына.

Ақындар, аямайық барды қолдан,

Айтайық алмас жырды жанды жонған.

 Оңтүстік–оттайыстық Шымкентке,

Арайлы сәлем берді Талдықорған!

Көргенде елдің жүзін салам жайнап,

Алсыншы әр сөзімнен далам қайрат.

 Сен келсең Көкшетаудан Абылайлап,

Мен жеттім Жетісудан Қабанбайлап!

Отырған осы кешті көңілді ғып,

Отырмынсаған,Баян, сенімді іліп.

Ал, енді, сөз кезегі өзіңізде,

Өрерсің өткір жырдан өмілдірік.

Баянғали:

Қаныша, сөйле десең, сөзім міне,

Мен сенің төтеп берем әзіліңе.

Негізі алыптардың маманы едім,

Жолықтым келіншектің нәзігіне.

Әр сөзін бұл Қаныша айтады анық,

Тоқтамай, алға қарай тартады анық.

Мен сөзді оған сілтеп отыр едім,

Бұл қашты жүкті маған арта салып.

Екі елдің біз, Қаныша, ақынымыз,

Өлеңді сүйген елдің жақынымыз.

 Қорықпай топ алдында Баяныңа,

Шеңгелді, беу,Қаныша, батырыңыз.

Сөйлейік біз екеуміз толғағасын,

Ағайын қолын соғып қолдағасын.

Ал, кәне,қандай пікір түйіп қайттың?

Қаныша, көрген кезде Ордабасын?

Қаныша:

Келтіріп айтайықшы сөз жүйесін,

Баласы едің елдің сөз білетін.

 Басшының құлағына іле кеткін,

Білсін ол қашандағы жер киесін.

Мұны жұрт қалай енді қолдамасын,

Осындай кезде болған жанға басым.

Қансырап жатыр екен кеше көрдік,

 Кәдімгі жатқан сонау Ордабасым.

Қашан да ақынбыз жол оңнан болған,

 Қашқанда қазағына қорған болған.

Сіз болып, біздер болып қорғайықшы,

Кезінде қазағыма ордам болған.

Қашанғы жүреміз біз сайда бұғып,

Айтайық, әділдіктің айғағы ғып.

Арымыз мазалайды қанымызды,

Намысым бара жатыр найза сұғып.

Білмеймін, бұл өткелден аса алам ба,

Не дейсің қолдан келмес жасағанға?

Тау-тасы бұзылып жатсадағы,

Қанағат қылған қазақ бас аманға.

Көргенде мұң мен зарға кенелемін,

Байқаймын тарылғанын керегенің.

Мен дағы толғап кеттім өзімше бір,

Ал, Баян, өзің толғап не дер едің?

Баянғали:Ей, ағайын-туыс, құлақ сал,

 Ордабасыны жырласам,

 Көңілім менің бөлініп,

Қан жылайды жүрегім.

Қанды жасым төгіліп,

Бер жағынан білдірмей,

Ортасынан үңгіп жеп,

 Ордабасыны ойрандап,

 Жатқан да бүгін көрінед.

 Ей, ойлап тұрмын, ағайын

Жағдай бар ма бүгінде,

Заманды ойға алғандай,

 Бұл әрекет қайдан-ды,

 Ордабасыны жарғандай?

Қасиетіңнің бірлігі,

Жойылып кетсе бір күнде,

Келер күнің не болмақ?

Ұрпағыңа мұра боп,

Қандай қасиет қалғандай?

Жағдайы бар орыстың,

Тасың түгілі,басыңды

Табанына салғандай.

Ордабасыны жаратын,

Ойлап тұрсам бұл мінез,

 Кешегі СССР империядан қалғандай.

Ей, ағайын-туыс, ойласаң,

Ордабасыны ойрандап,

Жатқан кезде, аруақтар

Күңіреніп жатпай ма,

Бірлігіңнің белгісін,

Жойып алсақ күні ертең,

Құдай, аруақ біздерді,

Оңдырмай, жұртым, атпай ма?

Бұл жайды Назарбасв білерме екен,

 Жағдайын Ордабасы көрер ме екен?

Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би,

Түсіне Нұрсұлтанның кірер ме екен,

Әй,балам, Ордабасыны сақтап қал деп,

Ескертіп Нұрсұлтанға жүрер ме екен?

Айтайын, бұл сөзімді тереңірек,

Ұғатын ағайынның зерегі көп.

 Қазақтың қасиетін сыйламайтын,

Үкімет дейтініңнің беу, ағайын,

Бүгінде қазағыма керегі жоқ.

Қаныша, талай жағдай сөз болды ғой,

Ішінде алтын менен жез болды ғой.

Осылай таңға асып тұрамыз ба,

 Байқасаң, ұйықтайтұғын кез болды ғой.

 Бір елдің құрметтегенөрені едім,

Өзіңе туысымдай сене келдім.

Айтқандай, ана жолы бір айтыста,

Ауылыңа, қолыңдағы әкеңізге

Өкіртіп үнді шәйін посылкамен,

Ауылдан өзім салам деген едің.

Қаныша, әзіл қайда, ойым қайда,

 Бүгінде шал-кемпірге уайым қайда?

Өткенде уәде беріп, салам деген,

 Қаныша, индийский шәйің қайда?

Қаныша:Ойларым, Баян, қайым-ды,

Білесің менің жайымды.

Қателесіп мен салыппын,

Сонау индийский шәйімді.

 Өтерміз өмір өткелін,

Тағы да келер көктемім.

 Қырғызша әнмен жалғасам,

 Өткенмін Баян мектебін.

Жыр болып бүгін ұшты арман,

 Шабыт боп көңіл қысты алған.

Бес рет айтыссам даБаянмен,

Айтысқан сайын ұшталғам.

Отырмыз бүгін жыр төгіп,

Әсем жырмен нұр төгіп.

Айналып қайта келгенше,

Аман-сау боп тұр, Шымкент.

Айылға қайта келгенше,

Аман-сау боп тұр, Шымкент.

Баянғали:

Ілесем деп, Қаныша,

Қырғызшалап толғайсың,

Сөзді түрлі жалғайсың,

Неше әуенге салсаң да,

 Қырғызшаға келгенде,

Бәрібір мендей болмайсың.

Бұл жоқтауың, Қаныша,

Қай жоқтауың, Қаныша?

Топ алдында мінекей,

Шай жоқтаған,Қаныша.

Естіп тұрмын хабарын,

Ауылыңа барыпсың,

Баянжанның үйдегі

Әкесі қанып ішсін деп,

Он бес пәшкі үнді шәй,

Қадірлеп тұрып салыпсың.

Қанышажан, шынында,

Шәйді маған салыпты,

Көкшетауға барыпты,

Бірақтағы поштаның

Қызметшілері иісін

Біліп қойып ол шәйдің,

Орта жолда түк қоймай,

Түгел ұрлап алыпты.

 Шәй ішем деп біздің шал,

Содан кейін дым да жоқ,

 Сақалын сыйпап қалыпты.

А, Қаныша, тыңдасаң,

Тағы жайды көп айтам,

Бекітіп тұрып бек айтам.

Бұдан былай әкеме,

Шәй беруге сен өзің,

Ниет қылып шын тұрсаң,

Посылкамен салмай-ақ,

Мен осылай келгенде,

Беріп жібер деп айтам.

Айналайын, Қаныша,

 Бөген дейтін еліңе,

Өлең-жырын неше бір

Арнап келген Қаныша.

Тоқталмастан пойызбен,

Заулап келгенҚаныша.

Темірланға жетем деп,

Мың теңгеге таксиді

Жалдап келгенҚаныша!

Өзі айтуға ұялад,

Содан кейін күн сайын,

Айтыс болса Бөгенде,

Мынау отқан Нәкеңнен,

Мың теңгесін Қанышаның

Даулап келем, Қаныша.

Өлең менен жырыңа

Қанып келем, Қаныша.

Құрметіңді мен сенің, Танып келем, Қаныша.

Мың теңге шығын болды деп,

Сірә да, жаным, саспағын,

 Нармахандай ағаңнан,

Бұйырса мен мың сомды,

Екі мың ғып өзіңе

Алып берем, Қаныша!

Қаныша:

Ақындар мұндай кезде сыр ақтарған,

Шын айтса, халқына ол ұнап қалған,

Бірлігі Ордабасының бұзылмасын,

Ошақтың үш бұтағы сияқтанған.

Жамандық өзге жұрттар ойламасын,

Орданы ақын тағы қайдан алсын?

Шымкент,сөз соңында айтарым сол–

Тойларың ордаңызда тарқамасын.

(Бұл айтыс «Ордабасы оттары»газетінен алынды. \7 шілде, 1992ж. \Дайындағандар:Базаргүл Қалбырова мен СәрсенНар-тбаев.)

    Б.Әлімжанов

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *