Мың сәлем қырғыздың тау,
даласына, Хан Манас мекендеген
Таласына,Ата-ана, аға-іні, құрбы-құрдас,
Ардақты елдің барлықағасына!
Аспанда ай менен күн, жұлдыз бар ғой,
Ал жерде қазақ пенен қырғыз бар ғой,
Азаттық ата жолын жалғастырып
Ғаламға қанат жайған ұл-қыз бар ғой!
Жұлдызсыз аспанда да сән болмайды,
Ай, күнсіз адамзатта ән болмайды,
Жарқырап қазақ, қырғыз жүрмесе егер,
Жер шары өмірінде мән болмайды.
Қырғыздар құрметтесе қазағымды,
Қазақта қырғыз десе жан қалмайды.
Бірінен бірі қалай аумайды деп,
Қалайша бүкіл ғалам таң ғалмайды,
Домбыра мен қомызсыз менің қазақ,
Сенің қырғыз екеніңді аңғармайды!
Жақсымен жаһандағы жолдас еді,
Әділет, адалдықпен жалғас еді.
Әлемге билік айтса қазақ, қырғыз,
Жаулаушылық соғыстар болмас еді!
Мұратқа жетпейді адам тартысқанмен,
Өштесіп, ерегісіп шарпысқанмен.
Аңдысып автоматпен атысқанша,
Домбыра, қомыз тартып айтысқан жөн!
Басқа елдің алғаннан да жерін тартып,
Тату боп өз жеріңде жүрген артық.
Тең тұрып сыйлас болу барлық жұртпен
Біздерге бабалардан қалған тәртіп.
Ғаламның дау-шарына қазақ, қырғыз
Төрелік берсе тура,көлдей шалқып,
Бар әлем отырар ма ойнап-күліп
ООН-ның ордасында өлең айтып!
Б.Әлімжанов