Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымнң азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, қазақ тілім!
Әбдірахман Асылбек
І. Мұз-аға
Мұзафар Әлімбаевпен сұхбаттасу – ғанибет. Көбінесе тың пікір айтады. Ойға ой қосады. Тіл мұхитында еркін жүзеді. Мақал-мәтелді, қанатты сөздерді, тұрақты сөз тіркестерін орыс, қазақ тілдеріне аударуда алдына кісі салмайды. Сөз мәйегін ғажап сезеді.
Екі-үш мысал келтірейін:
«Таз таранғанша той тарқайды». Нағыз қазақша шыққан өрнек. Әрбір сөз басындағы дауыссыз «т»-лар ойнап-ақ тұр. Ал енді осы мақалды орысша қалай құлпыртамыз? Баламасын көркем дәрежесінде қайтіп табамыз? «Пока плешивый причешется, пир пройдет». Қалай? Мазмұны да, түрі де қазақшасынан бір мысқал кем емес. Дауыссыз «п»-лар ойнақтап, жаңылтпаштай асыр салып, нәр беріп тұр. Міне, нағыз аударма! Браво, Мұз-аға!
Енді орыстың мына мақалына назар аударыңыз: «Солдат дымом греется, шилом бреется».
Мұз-ағаң мұны: «Солдат түтінге жылынады, істікпен қырынады», — деп қазақшалаған.
Әуені де, өлшемі де, ұйқысы да әдемі үйлесіп тұрған жоқ па?!
Мұз-ағаң менің «Казахское слово» деген кітапшамды мұқият оқып шығып, маған іле-шала телефон шалды:
- Бұл кішкентай кітаппен сен тарихта қаласың, — деп мені салған жерден бір көтеріп тастады. – Мұндай пікір-ойды қазақ пен қазақ тілі жайында атасы басқа ешкімге айтқан жоқ.
- Машановыңды білмеймін. «Сөздігін» де көргенім жоқ. Өзі қазақ па, татар-башқұрт па? Сол кездің өзінде (1899 жыл – Г.Б.) «ойгер», «ақылман» деген сөздерді қолдануы ғажап. «Ақылман» деген сөзді мен кіргіздім. «Вид» ұғымына келтірген жиырма бес қазақ синонимі де керемет. Мен бұл қатарға «қияпат» деген сөзді қосар едім. «Көрік», «ажар» мағынасында.
- «Ашыртқы» емес, «ашытқы». «Р» артық. «Мұндар» — өте жақсы. «Құр жігіт» дегенді білмеуші едім, керемет екен.
- «Жолым үй» деген дұрыс. 41-бетте «тоқпан жілік» емес, «тоқпақ жілік». «Зерен» -дұрыс. Подснежникті «жауқазын» деген жөн. Сарымсақ деп солтүстік жақта пиязды айтады. Біз сарымсақты чеснок деп жүрміз ғой.
- Абыздың бірінші мағынасы – мудрец. Әнет баба Төле биге бата берген. Ол – абыз.
- Шыбышың коза болуы керек. Сен «ягненок» депсің.
- Аймауытовтың тілі жайында айтқаның орынды. Біз бір жерденбіз. Аталарымыз бір. Мақтанды деме, біздің жақ қазақ тілінің тұнып тұрған байлығы. Аймауытовтан Әуезов үйренген. Соны өзі мойындаған-ды. Бірде Талдықорған жақта Алдабергеновтің колхозында болғанбыз. Сонда мен Мұқаңа сұрақ қойғам: «Сізде тіл жағынан шәкірттік кезең болмаған ғой. Бірден осы байлықпен келдіңіз ғой әдебиетке?» Сонда Мұқаң: «Пәлі! Мына бала не дейді?! Менен 7-8 жас үлкен жазушы-ағам болатын. Ол тіл жағынан ұстаз болды», — дегені. Аймауытовтың атын атаған жоқ. Бірақ түсінікті емес пе?
- «Көш» — стоянка емес, кочевье. «Тәлімгер» деген сөзді қазақ тіліне мен кіргіздім. Қазір барлық жерде қолданып жүр. «Бүйректен сирақ шығару» дегенді «Вкривь и вкось» депсің. Бірақ «Вынимать из почки колено» дегенге жақындатқаның дұрыс.
- «Талағының биті бар» — селезенка депсің. Дұрыс емес!
- Неге, Мұз-аға? Білуімше, талақ – селезенка. Талақты жемейді, тіліп тастайды. Сонсоң «талақ еттім» деген тіркес бар емес пе? Әйелді талақ еттім деген «тастадым», «қоя бердім», «ажырастым» деген мағынада емес пе?
- Жоқ, олай емес! «Талақ» деп әйелдің жыныс белгісін айтады.
- Не дейді?
- Иә. Селезенкада бит қайдан болсын?! «Семьяны» отбасы, жанұя деп жүр. Дұрыс емес! «Семья народов» дегенді «халықтар отбасы» дейміз бе? Ал жанұя – кеуде емес пе? Семья емес! «Публицистиканы» біреулер «көркемсөз» дейді. Бекер! Ол «художественный» деген ғой. Ал «көсемсөз» деп Байтұрсынов енгізген. Сол дұрыс!
- Ал енді қазақ ұйқастары жөнінде айтқандарың орынды. Төрт буынды ұйқастар көп кездеседі. Мен саған өзімнен бір мысал келтірейін. Жазып ал. Жеті-сегіз буыннан ұйқасады.
Адам ойы, емін-еркі
Ке-мең-гер-лен-ді-ре-ді
(Кемеңгер дегенді білесің ғой? Әрине, білесің!)
Үшінші жолы:
Дүниенің ғажап көркі
Ке-мел-ден-ді-ре-ді.
Ал бүгінше қанағат. Келешекте тағы сөйлесерміз. Аман бол, Гера ширақ. Мына кітабыңның екінші басылымын дайында.
(13.09.03).
Телефон бебеуледі.
- Мен ғой, Мұзафар. Пікір алысайық. Уақытың бар ма? Қазақтың мына сөздерін білесің ғой: шалық, шалдуар, шалыс. Біздің жақта шалман деген сөз де бар. Мағынасы – хулиган.
- Иә, иә… Шалман деген орыстарда да бар. Түркі сөзі болуы керек. Шалман деп орыстар ортақол, арзан сырахананы, айқай-шуы, ұрыс-керісі көп ішкілік орынды атайды. Бұл сөзді осы мағынада Горький де қолданған. Ал Дальдің әйгілі сөздігінде «шалман» жоқ. Есесіне «шалмесер», «шалыптать», «шалопай», «шалапут», «шалый», «шальной» деген сөздер бар.
- Дұрыс айтасың. Сонда кім-кімнен алған? Қазақ орыстан ба? Орыс қазақтан ба? Ойлап көрші. Маған бұл сөздер бір түбірлі болып көрінеді.
(14.09.03)
- Гера, аманбысың? Мұзафар ағаң ғой. 30-ы күні сағат 5.45-те республикалық радиодан тіл жайында сөйлеймін. Анау күнгі өлеңді де оқимын. Есіңде ме?
Сөз тұлпардың сипай білер сауырын,
Жемдемейтін ұшпалы ойдың тауығын.
Қазынаның қазып іздер ауырын
Неміс қанды, қазақ жанды бауырым…
- Есімде Мұз-аға.
- Сол, ендеше. Ұмытпа! Ал «Вот тебе и Юрьев день!» дегенді Аймауытовтың қалай аударғанын білесің бе?
- Жоқ.
- «Мәссаған, безгелдек!» деген. Керемет емес пе? «Ревизорды» да Аймауытов аударған. Кейін ұсталып кеткенде, Әуезов редакциялап, Мұқаңның атымен шыққан. Сонда бір классикті екінші классик аударған. Міндетті түрде оқы. Таң қаласың!
(28.09.03).
Мұз-ағаңды 80 жылдығмен құттықтап, қоңырау шалдым. Біраз сұхбаттастық. Әңгімеміздің арқауы қазақтың мақалдары болды.
- «Таз ашуын тырнадан алады» дегенді естуің бар ғой. Таз бен тырна арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Анығында ол былай:
«Қаз ашуын тырнадан алады,
Таз ашуын тырналап алады».
Көрдің бе? Енді ғана мағыналы болды. Ал ұйқасы қандай!
- Ақындар көбінесе екі сөз қосылғанда кейде теріс мағына туатынын аңғармайды. Мәселен, «Қай ауыл» дейді. Онысы «қайа» болып естіледі.
- Е-е, Мұз-аға, ондай жағдай орыс ақындарында да кездесіп тұрады. Лермонтовтың «Ақынның ажалына» деген өлеңінде мынадай жол кездеседі: «С свинцом в груди и жаждой мести…» Ауызша айтылғанда «с свинцом» — «с винцом» болып естілмей ме? Шынтуайтында Лермонтовтың айтып тұрғаны «шарап» емес – «қорғасын оқ» қой. Сол сияқты Брюсовте:
- Мы ветераны,
Мучат нас раны, — деген жолдары бар.
Мұндағы «нас раны» орысша тосындау, «насраны» болып шығады. Ұмытпасам, Маргарита Алигер жастау кезінде жігерленіп, шабыттанып: «Отруби лихую голову!» деп сахнада дүйім жұрттың алдында өлеңін оқып тұр екен. Тыңдап отырған Маяковский гүжілдеген дауысымен бүкіл залға естірте: «Кому, кому отрубили голову?» деп қуақылана сұрайды. Сонда ғана Маргарита масқара болғанын аңғарып, бетін басып, сахнадан жүгіріп түседі.
- Хе-хе… қызық екен..! Ақындарда ол болады. Шығармашылық, өзің білесің – творчество. Ал осы қолайсыз сөз ешбір өлең жолына сыймайды. Сондықтан «творчество» дегенді «өнериет» деп алып жүрмін. 7-8 жылдан бері. Енді байқаймын, Құлбек Ергөбек осы сөзді бір кітабында қолданыпты. Оның алдында Зейнолла Серікқалиев те «өнериет» деп алыпты. «Өркениетке» ұқсас қой. Ығайыңа келсе, сен де осы сөзді қолдан.
(25.10.03).
Мұз-ағаның қаламынан тағы бір афоризм дүниеге келді. «Дүниенің қорлығы – дүмшелердің зорлығы».
- Қалай? Дұрыс па?
- Келісіп тұр. Мағыналы. Нұсқалы. Ұйқасы да ойнап тұр.
- Ендеше осыны орысшала.
Олай-былай айналдырып, жеті вариант жасағандай болдым:
«Где невежда царит – мир скорбит».
«Невежда ликует – мир горюет».
«Невежды надзор – миру позор»
«Тупица возвышен – здравый муж унижен».
«Возвеличеный невежда миру позор».
«Профан во власти – миру несчастье».
Сеземін, онша шықпай тұр. Бір қайнауы ішінде.
Дегенмен жеті вариантты телефонмен Мұз-ағаңа оқып бердім. Ол бәрін
асықпай жазып алды да, екі сағаттан соң жаңа туған экспромды жария етті:
«Аудармада өнері асқан ұста,
Бір нақылға жасады жеті нұсқа».
25.01.04
Герольд Бельгер