Ақша айналымы туралы ұғым және оның құрылымы.
Ақша айналымы деп қолма-қол және қолма-қол емес түрінде үзіліссіз қозғалыста жүретін ақша белгілерін айтады. Бұл анықтама ақша айналымының қазіргі мазмұнына сай келеді, себебі айналымда тек ақша бенлгілері жүреді.
Ал металл ақша жүйесінде әрі тауар, әрі ақша айналымы ретінде олардың құны айналымда жүрді. Себебі металл монетаның (алтын немесе күміс) өз құны өзінде көрсетілген (номинал) құнына сәйкес келгендіктен ақша құнының қозғалысы тауар құнының қозғалысымен бір уақытта жүрді. Сондықтан құн айналымы тауар айналымы мен ақша айналымын біріктірді.
Қазіргі ақша айналымын құн айналымы деп айтуға болмайды. Оған себеп – қолма-қол және қолма-қол емес ақша белгілерінің өз құны көрсетілген құнымен салыстырғанда өте төмен, тіпті жоқ деуге болады. Демек, қазір құн айналымы деп тек тауар айалымын айтуға толық негіз бар.
Айналыста жүретін тек қолма-қол ақша, ол ақша айналымның тек бір бөлігі. Демек ақша айналысы деген белгілі бір мезгілде қолма-қол ақшамен өтелген барлық төлемдер сомасына тең ақша айналымының бөлігі. Ал ақша айналымы деген қолма-қол ақша мен қолма-қол емес ақша белгілерінің тауар айналымын және тауарсыз төлемдер мен шаруашылықтың есеп айырысуын қамтамасыз ететін ақшаның қызметі. Сонымен ақша айналымы екі бөліктен: қолма-қол ақша айналысы және қолма-қол емес ақша айналымынан тұрады.
Қолма-қол ақша айналысы және қолма-қол емес ақша айалымы.
Айналыста тек қолма-қол ақша жүретіндіктен оны ақша айналысы деп атайды. Айналыс және төлем құралдары ретінде нақты ақша белгілері (банкноталар, қазыналық билеттер/қағаз ақшалар/ және ұсақ монеталар) айналыста жүреді. Бұл кез келген мемлекеттің ақша айналымының аз бөлігін құрағанмен оның маңызы үлкен. Өйткені қолма-қол ақша халықтың ақшалы табысының басым көп бөлігін алуға және оны жұмсауға қызмет етеді.
Қазақстан Республикасында қолма-қол ақшаны Ұлттық банкнота түрінде эмиссиялайды (ҚР-ның ақша өлшемі — теңге), екінші деңгейдегі банктер оның эквивалентін қолма-қол емес формада төлеп алады. Коммерциялық банктердің операциялық кассасынан қолма-қол ақшаның көп бөлігі клиенттерге беріледі, яғни клиенттер заңды тұлғалар болса, ақша кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасындағы қолма-қол ақшаның аз бөлігі олардың өзара есептесуіне жұмсалса (өзара есептесу, негізінен, қолма-қол емес ақша белгілерімен жүргізеді), ал басым көп бөлігі халыққа әр түрлі ақшалы табыс түрінде (яғни, жалақы, зейнетақы, дивиденттер төлеу мен бағалы қағаздарды сатудан түскен түсім және с.с. түрінде) беріледі.
Қолма-қол ақша негізінен халықтың ақшалы табысынан және оны жұмсаудан түседі. Бірақ ақшаның көп бөлігін салық, жарна, сақтандыру төлемін, пәтер ақысы мен коммуналдық төлемін, қарызды өтеуге, тауар сатып алу мен көрсетілген ызметке ақы төлеуге, бағалы қағаздар мен лоторея сатып алуға, жалгерлік ақы, айып пұл және т.с.с. төлеуге жұмсайды.
Қолма-қол емес ақша айналымы (төлем айналымы) – ол банктегі шот иесінің жазбаша бұйрығы бойынша шоттағы ақша қалдығының өзгеруі немесе ақшаның төлем құралы ретіндегі қызметін атқаруы. Ол бүкіл ақша айналымының басым бөлігін (90%-ке жуығын) құрайды. Төлем айналымы төлеушілер мен сатып алушылардың банктегі шотына немесе жазу түрінде немесе олардың өзара талаптарын есептеу жолымен жүзеге асырылады.
Қолма-қол ақшасыз төлем айналымы: тауарлы операциялар бойынша және қаржы міндеттемелері бойынша болып екіге бөлінеді. Бірінші топқа тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу, ал екіншіге бюджетке төленетін төлемдер (пайда салығы, қосымша құн салығы, жеке тұлғадан алынатын табыс салығы және басқа міндетті төлемдер) және бюджеттен тыс қорлар, банктік борышты өтеу, несие үшін өсімді төлеу, сақтандыру компанияларымен есептесу жатады.
Ақша айналымын реттеудегі маңызды элемент — қолма-қол ақшаны пайдалану аясын тарылту. Қазір бұл мәселе біздің елде кәсіпорындар арасындағы өзара есепке қолма-қол ақшаны тек төменгі жалақының төрт еселенген мөлшері көлемінде пайдаланумен және банктегі салым иелерінің бөлшек саудамен есеп айырысу үшін есептесу чектерін енгізумен шектелуде.
Экономикасы дамыған мемлекеттерде ақша айналымын басқаратын экономикалық әдістерді енгізу процесі кең тараған. Мысалы, АҚШ-та халықтың барлық төлемдерінің ¼ бөлігі ғана қолма-қол ақша төлеумен жүргізілсе, қалған төлемдер чектермен, несие карточкаларымен және т.с.с. жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз есептесуді жетілдіруді қаржының айналмалылығын жеделдетуге, айналыстағы қолма-қол ақшаны қысқартуға және айналым шығындарын азайтуға тигізер экономикалық маңызы зор.
Банктердің есептесу операциялары: инкассо, аудару және аккредитив болып бөлінеді.
Инкассо — әр түрлі құжаттарды пайдаланып, клиенттердің тапсырысы бойынша және олардың шотына банктердің ақша түсіру операциясы. Инкассоға чектер, вексельдер, бағалы қағаздар және т.б. құжаттар қабылданады.
1996 жылдан Халықаралық сауда палатасы шығарған инкассо бойынша Үйлестірілген (унифицированный) бірыңғай Ереже қолданылады. Онда инкассоның мәні және түрлері анықталған; вексельдерді, чектерді, инкассалық тапсырыстарды инкассалау тәртібі; шарт бойынша халықаралық төлемде инкассо түріндегі есеп айырысу тәртібі қарастырылған.
Инкассалық операцияның екі түрі бар. Жай инкассо – клиенттің банк арқылы коммерциялық құжатсыз қойған төлем талабы негізінде банктің үшінші жақтан ақша алуға міндеттенген операциясы. Жай инкассо тауарсыз есеп айырысуда қолданылады. Құжатты (документарное) инкассо – үшінші жаққа клиенттен алған құжатты (негізінен тауарды реттеуші) көрсету және оны тек төлемді қолма-қол алғанда немесе акцепт алғанда ғана беру нәтижесінде банктің жүргізетін операциясы.
Аудару операцияларында клиент банкіне өз шотынан белгілі-бір соманы көрсетілген жаққа аудару жөнінде тапсырма береді. Бұндай операцияны жүргізгені үшін банк қомиссиялық ақы алады.
Аккредитив (латын сөзі – «сенемін») – бір банктің екінші банкке аккредитивте көрсетілген шарттарды орындағанда белгілі бір соманы жеке немесе заңды тұлғаға төлеу жөнінде берген жазбаша тапсырмасы.
Аккредитивтің негізгі түрлері: ақшалы және құжатты. Ақшалы аккредитив – атаулы ақшалы құжат. Онда белгіленген мерзім ішінде аккредитивте көрсетілген соманы түгел немесе бөліп-бөліп оны иемденушіге төлеу жөнінде корреспондент-банкке берген тапсырма жазылған. Құжатты аккредитив – келісім, ол бойынша эмитент-банк клиенттің нұсқауымен және оның өтініші бойынша үшінші жаққа төлемді жүргізу немесе оның үкімі бойынша төлеуі немесе ол берген аударым вексельді акцептеуі, құжаттарды есептеуі немесе сатып алуы керек. Эмитент-банк көрсетілген операциялардың кез келгенін жүргізу өкілдігін басқа банкке (орындайтын) беруіне болады.
Банк клиенттеріне қызмет көрсететін электрондық төлем жүйесіне:
- автоматтандырылған есеп айырысу палатасы;
- банктік автоматтар;
- сауда ұйымдарындағы терминалдар,
- үйде банктік қызмет көрсетулер жатады.
Автоматтандырылған есептесу палатасы (АЕП) қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды автоматтандырылған тәртіппен жүргізеді және төлемдер жөнінде барлық хабарлар электронды есептегіш машиналарға енгізу үшін магниттік лентаға немесе терминалдық құрылғыға түсіретін формада болады. Алғашқыда АЕП 1972ж. АҚШ-та жұмыс істей бастаса, қазіргі кезде оны Жапония, Ұлыбритания және Батыстың өнеркәсібі дамыған мемлекеттері қолдануда.
Банктік автоматтар (БА) – ол клиентке банк қызметкерлерінсіз банктік электронды есептегіш машиналарға қосылып, өз бетімен операциялар жүргізуге мүмкіндік беретін құрылғы. Алғашқыда БА банк ғимаратында орналастырылып, тек қолма-қол ақша беруге қолданылды. Біртіндеп БА қолдану масштабы өзгеріп, ол жүргізетін операциялардың шеңбері кеңіді. Қазір олар халыққа үнемі және көп қызмет көрсететін жерлерде (қонақ үйлерде, вокзалдарда, аэропорттарда және т.б.) орнатылуда. Әмбебап (көп қызмет түрлерін атқаратын) БА қолма-қол ақша берумен қатар, ақшаны бір шоттан басқасына аудару, мерзімдік төлемдерді атқару, лимит шегінде борыш беру, хабар-анықтама беру, шетел валютасын ұлттық валютаға айырбастау және т.с.с. көптеген операциялар жүргізеді. БА-тың тетігі – пластикалық дебеттік карточка. Ол – банктік шот иесінің мағлұматтары (реквизиты) және жүргізетін операциялар түрі жазылған арнаулы магнитті жолақ.
Терминалдар – сауда орындарында, ресторандарда және т.б. сауда ұйымдарындағы есеп айыратын қызметкерлер банк жүйесіне төлем операциялары туралы хабар беруге және оны сол жүйеге қосуға, сонымен қатар сатып алушының төлем қабілеттілігі туралы хабарды кері алуға мүмкіндік беретін құрылғы. Терминалдарды енгізудің мақсаты — қолма-қол ақшаайналысын қысқарту.
Қорыта айтқанда, электрондық төлем жүйесін қолдану ақша айналымын жеделдетуге, айналыс шығындарын азайтуға, есеп айырысуды тездетуге, сайып келгенде айналыстағы қолма-қол ақшаны азайтуға кең жол ашады.
Металл ақша айналысы.
Ақша өзінің материалдық-заттық құрылымы жөнінен металл ақшалар және қазыналық билеттер (қағаз және несие ақшалары) болып екіге бөлінеді. Екінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісінің нәтижесі – егіншіліктен қолөнер кәсібі бөлініп шығуына байланысты тауар өндірісі қалыптасып, айырбас нақтылы үздіксіз құбылысқа айналғанда ақшаның ролін орындайтын салмақты металл заттар жүре бастады. Металл ақшаның пайда болуына байланысты ақша белгісінің салмағын өлшеу жүйесі де пайда болды. Монета деген заң жүзінде құрамындағы белгілі бір металдың салмағын, сыртқы түрін бекіткен тағайынды формадағы ақша белгісі. Мемлекет алтынның сынамасын (проба), массасын, типін, ремедиумын (заңды түрде бекітілген нақты массасының іс-үзіндегі массасынан ауытқуы), эмиссия ережесін және т.с.с. бекітеді. Монетаның бет жағын – аверс, сыртын — реверс, жиегін – гурт немесе обрез деп атайды.
Металл ақшалар толық құнды және толық құны жоқ (немесе кембағалы) ақша болып бөлінеді. Толық құнды ақша деп монетада көрсетілген құн (номиналы) монета соғуға жұмсалған металдың құнына тең ақшаны айтады. Ондай ақша өзінің пайда болғанынан басттап жалпы құн эквиваленті болды және ақшаның барлық қызметін атқарды. Толық құны жоқ ақша – монетада көрсетілген құн оны соғуға жұмсалған металдың құнынан жоғары болатын ақша. Ол толық құнды ақшаның ұсақ бөліктері ретінде кішігірім төлемдерді атқару үшін майда (ұсақ) монета түрінде қолданылады. Оның билондық монета деп те атайды. Ақша айналысында майда ақшаның үлес салмағы аз. Дегенмен майда ақшаны айналысқа түсіру мемлекетке пайдалы. Ол пайда монетада көрсетілген құнмен оның құрамындағы металдың нарықтық бағасының айырмасына тең.
ХХғ. 70-жылдары алтынға деноминация (көрсеткішін ірілендіру) жүргізілді. Алғашқыда алтын елдің ішкі ақша айналымында айналыс және төлем құралы ретінде пайдаланылса, ал 1976 жылдан бастап ол дүниежүзілік ақша қызметін де орындамайды. Алтын мемлекеттің ішкі айналымынан да, әлемдік нарықтан да қағаз және несие ақшаларымен ығыстырылды.
Қағаз ақшалар. Олардың айналыс заңдылықтары.
Металл ақша айналысының обьективті заңдылықтары және капитализм тұсында тауар өндірісінің қарқынды дамуы айналымға қосымша ақшаның қажеттілігін арттырып, ақшаның дербес құны жоқ ақша таңбаларымен айырбастау мүмкіндігін ашты. Қағаз ақшаның шығу мүмкіндігі мына себептерге байланысты болды:
- біріншіден, ақша құн өлшемі қызметін қолдағы алтын ақша емес, ойдағы ақша ретінде атқару ерекшелігіне;
- екіншіден, ақша айналыс құралы ретінде өз қызметін шапшаң, ілезде атқару ерекшелігіне, яғни тауар айырбасында ақша делдал болуына байланысты;
- бұл мүмкіндіктің іс-жүзіне айналуы біраз себептерді қамтитын тарихи ұзақ процесс:
- монетаның табиғи ысылып тозуынан оның толық құны жойылып, құр ақша белгісіне айналуы. Мысалы, 1809-1829 жж. Еуропа елдерінде монетаның тозу себебінен 19 млн. Фунт стерлинг монета айналыстан шығарылған;
- мемлекеттің және жеке адамдардың – жасанды ақша жасаушылардың (құл иелену құрылысынан бастап) монетаны бұзуы. Мемлекеттің металл ақшаны саналы түрде бұзуы – ол қазынаға қосымша табыс түсіру мақсатында монетаның асыл металл құрамын әдейі төмендетуі.
- мемлекет өз шығындарын өтеу үшін ақшаның қағаз белгілерін шығаруы. Мысалы, Солтүстік Америка өзінің тәуелсіздігі үшін күресін қаржыландыру мақсатында «континенттік» деп аталатын ақша шығарды. Оның мөлшерінің көп болғандығы соншалық – бір арба провиантқа (әскер үшін азық-түлік) бір арба ақша алмастырылды.
Қағаз ақша («декретные деньги» — өкіметтің қаулысымен қабылданған – «заңды ақша») – ол толық құнды ақшаның орнына айналым және төлем құралы қызметтерін атқаратын, мемлекет өз шығындарын жабу үшін шығаратын және ықтиярсыз көрсеткен құны бар, әдетте металға айырбасталмайтын ақша белгісі (немесе құн белгісі, алтынның өкілі). Тарихи ол алтын мен күмістің өкілі ретінде, солардың орнына пайда болды.
Өз құны болмағандықтан қағаз ақша тұрақсыз, ол құнсызданады. Қағаз ақшаның құнсыздануына әр түрлі себептер әсер етеді:
- бюджеттің тапшылығын жоюға шығарылған ақша эмиссиясы;
- әскери және басқа өндірістік емес шығындар;
- тауар массасының төмендеуі;
- пассивтік төлем балансы;
- ақша шығаратын үкіметке сенімнің төмендеуі, т.б.
Міне осы себептердің бәрі тауар бағасының өсуіне әкеп соқтырды. Халықты әлеуметтік қорғау мақсатында үкімет жалақыны, зейнетақыны және жәрдемақыны өсіреді. Бірақ халық тұтынатын тауар өндірісі дамымаса, баға одан әрі шарықтай береді. Нәтижесінде халықтың әл-ауқаты нашарлайды.
Несие ақшалары және олардың түрлері.
Несие ақшалары – сатып алушының қарызды қайтаруды пайдаланатын (толық құнды ақшаның орнына жүретін) құнның қағаз белгісі немесе қарызды өтеудегі ақшаның төлем құралы қызметін атқаруы.
Несие ақшаларының ерекшелігі – оларды шығару іс жүзіндегі айналым қажеттілігінен туындайды. Несие операциялары нақты өнімді өндіру және оны сату процестеріне байланысты орындалады. Қарыз, әдетте, белгілі бір қорлардың құрылуын қамтамасыз ету үшін берілсе, ал оны қайтару қордағы құндылықтардың қалдығы азайғанда жүргізіледі. Осыған байланысты қарыздарға берілетін төлем құралдарының көлемі мен айналымның ақшаға нақты мұқтаждығын үйлестіруге мүмкіндік туады. Несие ақшаларының бұл ерекшелігі – оның қағаз ақшадан ең негізгі артықшылығы.
Егер осы үйлесімдік байланысы бұзылса, несие ақшалары өзінің артықшылығынан айырылып, ақшаның қағаз белгісіне айналады. Несие ақшалары айналымындағы (оларды айналымға шығару мен айналымнан кері қайтару) үйлесімдік әрбір несие операцияларын орындағанда пайда болмайды, олардың жиынтығы, жалпы халық шаруашылығы бойынша жүргізілген несие операцияларында байқалады.
Қазіргі уақытта өнеркәсібі өркендеген мемлекеттерде ақша айналысынан қағаз ақшаларды несие ақшалары ығыстырып шығаруда. Себебі: біріншіден, несие ақшалары қолдануда икемді және оларды қолдану аясын шаруашылықтың қажетіне орай тез ұлғайтуға мүмкіндік береді, екіншіден, оларды пайдалану айналыс шығындарын азайтуға , өндіріс ауқымын дамытуға мүмкіндік түғызады.
Несие ақшалары өте ерте заманнан пайдаланып келеді. Мысалы, төлем міндеттемесінің ең жай түрі – қолхат сауда келісімдерінде жаңа дәуірге дейінгі бір мың жылдықта Вавилонда пайда болған.
Қазіргі несие ақшаларының эволюциясы: вексель, банкнота, чек, несие карточкалары (электрондық ақша) болып есептеледі.
Вексель – төлем міндеттемесі, ол несиеге алған тауардың құнын төлем уақыты келгенде келісілген жерде өтеу үшін қарыздардың сатушыға жазбаша түрде берген құжаты. Алғашқыда вексель тауар өндірушілердің төлемді кейінге қалдырып, біріне-бірі тікелей (құжаттарын банк арқылы өткізбей) тауарларын қарызға сатуы негізінде пайда болды. Сондықтан тауарлы төлем міндеттемесі коммерциялық вексель деп аталады. Демек, коммерциялық вексель тауармен қамтамасыз етілген.
Сатып алушы кәсіпорын жабдықтаушы кәсіпорынға (сатушыға) сатып алған тауар үшін ақшаны бірден төлемей оның орнына вексель жазып береді. Вексельдегі сома көрсетілген мерзімде, әдетте, 3 айдан аспай төленуі тиіс. Егер сатушыға көрсетілген мерзімнен бұрын ақша қажет болса, онда ол банкке төлем міндеттемесін қабылдауын және өзіне (жабдықтаушыға) вексельде көрсетілген сомадан есептеу процентін шегергеннен қалған соманы төлеуін өтінеді. Банк вексельді қабылдаған жағдайда орнына қолма-қол ақша төлейді. Сонда сатып алушы (қарыздар) несие берушімен емес, банкпен есептеседі. Банктің көрсеткен қызметі үшін алатын табысы – вексельді есептеу проценті деп аталады.
Коммерциялық вексель – жай және аударым вексель болып екіге бөлінеді. Жай вексельге екі субьект қатысады. Жай вексельді (соловексель) қарыздар онда көрсетілген соманы төлеу уақытын көрсетіп толтырады.
Аударым векселін көптеген субьектілер пайдалануы мүмкін: вексель беруші – ол вексельді толтырушы және ұсынушы жақ. Вексель иемденуші – ол вексельде көрсетілген соманы алуға құқы бар вексель ұстаушы. Жай вексель бойынша төлеуші вексель берушінің өзі болса, ал аударым векселі бойынша төлеуші – үшінші жақ. Аударым векселі (тратта) — несие беруші (трассант) қарыз алушыға (трассатқа) вексельде көрсетілген соманы төлем уақыты келгенде белгілі бір жаққа (ремитентке) төлеу жөнінде берген жазбаша үкімі. Аудармалы вексельді төлем құралы ретінде үшінші және т.с. жақтар пайдалануына болады. Бұл жағдайда «индоссамент» деген аудару белгісі жазылады, онда вексель иемденуші «индоссант» деп, ал оны алған жақ «индоссат» деп аталады.
Вексель бойынша төлем авальмен (вексель бойынша кепілдік) қамтамасыз етілуі мүмкін. Онда «аваль бойынша есептелсін» деген белгі вексельдің бет жағына, немесе аллонжеге (қосымша қағаз) жазылады. Авальшы (аваль беруші) төлем төлеу жауапкершілігін өзіне алады.
Сонымен, вексельдердің барлық түрі несиелік және ақшалы есеп айырысудың құралы. Көптеген вексельдер өзара өтелетін вексельдік міндеттемелерді есептеумен де төленеді. Сайып келгенде вексельдерді қолдану айналысқа қажетті қолма-қол ақшаны азайтуға мүмкіндік туғызады.
Несие ақшаларының келесі түрі – банкнота. Ол ХVІІ ғ. аяқ шенінде пайда болған. Коммерциялық вексельдің айналым шегі банкнота шығарумен ұзартылады. Банкнота — әр мемлекеттің орталық (эмиссиялық) банкі шығарған және оны иемденушінің талабы бойынша төленуге тиісті банк берген қарыз міндеттемесі.
Толық құнды ақша айналысы кезінде алтын құйма немесе алтын монета иесі өз байлығын елдегі ең орнықты банкте (кейіннен орталық банкте) сақтауға ұмтылды. Сондықтан сынамасын (проба) анықтап және мұқият өлшегеннен кейін банк алтынды сақтауға қабылдағаны туралы қолхат – банкнота (банктік жазу) толтырып береді. Банкнота – алтынға тең, себебі кез келген уақытта бұрын депоненттелген (банкке салынған) асыл металға айырбастауға болады. Банкнота – қолдануға ыңғайлы ақша. Шын мәнінде банкнота – банк жазып берген вексель. Сонда классикалық банкнота екі жақтан қамтамасыз етілген (банктің алтын қорымен). Алтынмен қамтамасыз етілмеген банкнота фидуциарлы (сенімге негізделген) деп аталады.
Банкнотаның негізі коммерциялық вексель болғанымен одан өзгешеліктері бар. Олар бір-бірінен несие беруші, кепілдігі және мерзімі бойынша ажыратылады:
- вексель бойынша несие беруші – сатушы немесе кәсіпкер, ал банкнота бойынша – Орталық банк;
- вексельді айналысқа жеке кәсіпкер түсіретіндіктен вексельдің жеке кепілдігі бар, ал банкнотаны елдің орталық банкі шығаратындықтан, ол қоғамның несие ақша ретінде айналыста жүреді;
- банкте сақталған бүкіл өнеркәсіп иелерінің қаржы қоры банкнотаның қоғамдық кепілдемесі болып саналады;
- вексель мерзімді (3-6 ай) төлем міндеттемесі, ал банкнота мерзімі шектелмеген міндеттеме.
Сонымен қатар классикалық банкнотаның (яғни металға айырбасталатын) қағаз ақшадан да – пайда болуы, эмиссиялау әдісі, қайтарылуы және айырбасталуы жөнінен өзгешеліктері бар. Олар:
- қағаз ақша айналыс құралы қызметін орындауынан пайда болса, банкнота ақшаның төлем құралы қызметінен пайда болады.
- қағаз ақшаны айналысқа мемлекеттің қазынашылық мекемесі шығарса, банкнотаны орталық банк шығарады.
- классикалық банкнота (вексельмен қамтамасыз етілген) вексельдің өтеу мерзімі аяқталғасын орталық банкке қайтарылады. Қағаз ақша қайтарылмайды, мерзімсіз, үнемі айналыста жүре береді.
- классикалық банкнота банкке түскен соң алтынға, не күміске айырбасталды, ал қағаз ақша ешқашан айырбасталымды болған жоқ.
Классикалық банкнотаның осындай артықшылықтарына сәйкес оның айналым аясында артық ақша болмайды және ол құнсызданбайды. Қазіргі кезде бүкіл елдердің банкнотасы алтынмен қамтамасыз етілмеген қағаз ақша. Сондықтан әр елдің ұлттық ақшасы тек осы мемлекеттің ғана заңды айналыс және төлем құралы болып саналады. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңге – банкнота (классикалық емес) болып саналады. Себебі ол – ҚР Ұлттық банкінің барлық активтерімен қамтамасыз етілген – қарыз міндеттемесі.
Несие ақшаларының келесі түрі – чек. Чек банкке ақша салу және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу барысында пайда болған. Чек дегеніміз – оған қол қоюшының ағымдағы шотынан қолма-қол ақшаны чек иеленушіге беру немесе басқа бір шотқа аудару туралы банкке берген жазбаша үкімі. Чекпен есеп айырысу несие және банк қатынастары өрістеген кезде пайда болды. Алғашқы чек 1683ж. Ұлыбританияда қолданылған.
Чек, біріншіден, банктегі ағымдағы шоттан қолма-қол ақша алғанда; екіншіден, тауар сатып алғанда және қарызды өтегенде; үшіншіден, қолма-қол ақшасыз есеп айырысқанда айналыс және төлем құралдары ретінде жүреді.
Чектің белгілі бір формасы болады, яғни ол кітапша түрінде шығарылады. Чек қысқа мерзімге беріледі. Негізінен ақшалы және есеп айырысу чектері кездеседі. Ақшалы чек: иесі – көрсетілген, кісі яғни атаулы чек және иесі – оны ұсынушы кісі; яғни ұсынушы чегі болып екіге бөлінеді. Ақшалы чекпен банктен қолма-қол ақша алады. Есеп айырысу чегі ордерлі чек деп те аталады. Чек кітапшасынан жыртылып алынған чектің парақтары сатылып алынған тауарлар үшін немесе көрсетілген қызмет үшін есеп айырысқанда қолма-қол ақшаның орнына қолданылады. Чекпен есеп айырысу, әсіресеі бір банктің клиенттері өзара есеп айырысқан жағдайда чек орталық банкке толтырылады.
Банк жүйесіне ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың нәтижесінде 1959ж. әлемде ең алғашқы рет Сан-Франциско қаласындағы «Бэнк оф Америка» банкі чектерді өңдеу және ағымдағы шоттарды жүргізу үшін толық автоматтандырылған электрондық құрылымды банк ісіне енгізген. Кейін электронды-есептегіш машиналардың одан да жетілген түрлерін енгізу аралық құрылым – алып жүретін терминал-пульттің көмегімен оларға көптеген абоненттерді (клиент) қосуға мүмкіндік береді. Осы процесс АҚШ-тың барлық банктеріне және Еуропа мемлекеттерінде енгізілген. Нәтижесінде ақша-есеп айналымына электрондық пластикалық карточка енгізілді.
Пластикалық карточка қолма-қол ақша мен чектің орнына жүретін, сондай-ақ иесіне банктен қысқа мерзімді қарыз алуға мүмкіндік беретін есеп айырысу құралы. Клиенттің ағымдағы шотында қажетті ақша мөлшері болмай қалса, онда белгілі бір лимитке (шектеу) дейін оған қысқа мерзімді несие берілуі мүмкін. Пластикалық карточка (дебеттік) негізінен бөлшек сауда айналымы мен қызмет көрсету аясында қолданылады.
Қазіргі кезде өркенетті елдерде белгілі бір үлгімен (образец) жасалған оннан аса несие карточкасының түрлері бар. Олар: сапар шегуге арналған, саудалық, бензин сатып алуға арналған, туризм мен көңіл көтеретін қызметтерді төлеуге арналған, халықаралық есеп айырысуға арналған (Виза, Мастеркард, Еврокард және т.б.)
Қазақстанда Мастеркард және Виза үлгілерімен жасалған әлемдік несие карточкаларын шығаруды 1992 жылы қараша айында алғашқы болып «Әлем Банк Қазақстан» игерді, ал 1994 жылы бұл банк жергілікті дебеттік карточка — ӘЛЕМКАРДты шығарды. Қазіргі кезде осы үлгілердегі әлемдік несие карточкаларымен өз клиенттеріне ТұранӘлемБанк, Казкоммерцбанк, Халықтық банк және т.б. қызмет көрсетуде.
Қорыта айтқанда, ақша айналымына ақшаның неше түрлі жетілген және автоматтандырылған жүйесін енгізгенмен адамзат қоғамының негізі – тауарлы өндіріс болғандықтан «ақшасыз шаруашылық» деген ілім құрғақ қиял (утопия) болып қала бермек. Ақша бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да болады.
Ақша айналысы заңы.
Ақша айналысы заңы – құн заңының айналыс аясындағы көрінісі. Ол – тауар-ақша қатынастары болатын барлық қоғамдық формацияларға тән. Айналыстағы ақшаның саны К.Маркс ашқан ақша айналысы заңымен реттеледі. Тауар айналысына қызмет ету үшін қажетті ақша мөлшері (А мөлш.) екі факторға: біріншіден, бір кезеңде, айталық бір жылда сатылуға тиіс тауарлар бағасының қосындысына (Стб); екіншіден ақша айналымының жылдамдығына (А жылд.) байланысты өзгереді. Ақша айналысы заңы мына формуламен өрнектеледі:
Стб
А мөлш. = ————-
А жылд.
Ақша айналысы заңының мәні – ақшаның айналыс құралы қызметін орындауы үшін қажетті ақша мөлшері сатылуға тиіс тауарлар бағасының қосындысын бір аттас ақша өлшемінің айналым санына (айналым жылдамдығы) бөлгенге теңесуі керек.
Ақша тек айналыс құралы ғана емес, сонымен бірге төлем құралы қызметін де атқаратындықтан айналысқа қажетті ақша мөлшері де несиеге сатқан тауарлар сомасына байланысты азаяды. Қарыз міндеттемелерінің бірсыпырасы қолма-қол ақшасыз есеп айырысқанда өтеледі, яғни олар қарыз талаптары мен міндеттемелерін өзара есептеу жолымен де өтеледі. Сөйтіп несиенің даму дәрежесі ақша мөлшеріне кері әсерін тигізеді: тауардың неғұрлым көп бөлігі несиеге сатылса, айналысқа соғұрлым аз ақша мөлшері қажет. Одан басқа, айналыстан шығарылған әлдеқандай ақша мөлшері шаруашылықтың және халықтың тұрақты ақша қорын құрайды. Қорытындысында, айналыстағы ақша мөлшерін анықтаушы заң мынадай формуламен өрнектеледі:
-Стбн+Ст-Сө
А мөлш.=———————- + Ақ
А жылд.
Онда:
А мөлш. – айналыс құралы және төлем құралы қызметттеріне қажет ақша мөлшері;
Стб – сатылуға тиіс тауарлар бағасының сомасы;
Стбн – несиеге сатылған тауарлар бағасының сомасы;
Ст – қарыз және басқа міндеттемелер бойынша төленетін сома;
Сө — өзара өтелетін талаптар мен міндеттемелердің сомасы;
Ақ – ақша қоры;
А жылд. – айналыс құралы және төлем құралы қызметтеріндегі ақша айналымының орташа саны (айналыс жылдамдығы).
Осы теңдіктегі ел экономикасында сатылған тауарлар бағасының айналыста әлдеқайда кем ақша массасының жүруінің себебі төлемеушілік проблемасының болуынан. Ол кезде Ст мөлшері теріс сан болады. Бірақ бұл Қазақстанда және басқа да директивалы экономика үлгісінен нарықтық үлгіге өтуші мемлекеттерде кездесіп отырған кәсіпорындар арасындағы төлемеушілік проблемасы жай ақша массасын ұлғайтумен шешіледі дегенді көрсетпейді. Себебі төлемеушіліктің көптеген себептері бар: төлем тәртібінің босаңдығы, төлемеушіліктің тізбегінде потенциалды күйреушілердің (банкроттардың) болуы, күйреушіліктің тиімді тәжірибесінің болмауы, жекеменшіктендіру процесінің аяқталмауы, төлем құралдарының дамымауы және т.б.
Сөйтіп, айналысқа қажетті ақша мөлшері өндірістің даму жағдайларына әсер ететін көп факторларға байланысты өзгереді: айналыстағы тауарлар мөлшеріне, тауарлар мен қызмет бағасының деңгейіне және т.б. Айналысқа қажетті ақша мөлшері ақша айналысының жылдамдығына кері пропорционалды болып өзгереді. Ал ақша айналысына әсер ететін жағдайлар мыналар:
- несиенің даму деңгейі, егер тауардың көп бөлігі несиеге сатылса, айналысқа сонша мөлшерде кем ақша қажет;
- қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың дамуы;
- ақша айналымының санының өсуі.
Айналысқа ақша екі формада эмиссияланады (шығарылады): қолма-қол ақша, яғни айналымдағы банкнота және майда монеталар; банктік айналымдағы ақша формасы, яғни банктегі шоттарға жазылған сома. Екі деңгейлі банк жүйесінде ақшаның бірінші формасын, яғни қолма-қол ақшаны монополиялы құқықпен орталық банк эмиссиялайды да, ал қолма-қол емес ақша белгілерін коммерциялық банктер жүйесі шығарады. Ақшаның екі формасы бірімен-бірі тығыз байланыста жүреді. Егер банк клиенті – шоттағы ақшаның иесі өз қаражатын қолма-қол ақша формасында алса, онда банктік айналымдағы ақша белгілері нақты қолма-қол банкнотаға айналады. Керісінше, клиенттің шотқа жазу арқылы банкке ақша сомасын салуы қолма-қол ақшаның банктік айналымдағы ақша формасына айналуын көрсетеді.
Ақша айналымының екі жағының (қолма-қол ақша мен банктік айналымдағы ақшаның) бірлігі, олардың бір формасының екіншісіне алмасуы жалпы ақша массасының құрамын анықтауды қажет етеді. Себебі, ақша массасы ақша айналымының сандық көрсеткіші. Белгілі бір мерзім аралығында және белгілі бір күнге ақша айналымындағы сандық өзгерістерді талдау үшін, сол сияқты ақша массасының көлемін және оның өсу қарқынын реттейтін іс-шаралар жүргізу үшін әр түрлі көрсеткіштер (ақша агрегаттары) қолданылады.
Өнеркәсібі өркендеген мемлекеттерде ақша массасы құрамын анықтау үшін негізгі ақша агрегаттарының төмендегі жиынтығы пайдаланылады:
- М1 – айналыстағы қолма-қол ақша (банкноталар, монеталар, ал кейбір мемлекеттерде қазыналық билеттер) және банктік ағымдағы шоттардағы қаражат (депозиттер) жатады;
- М2 — оған М1 агрегаты және мерзімі 4 жылға дейінгі коммерциялық банктердегі мерзімді және жинақ салымдары (вклады) кіреді;
- М3 — оған М2 агрегаты және арнаулы несие мекемелеріндегі жинақ салымдары кіреді;
- М4 — оған М3 агрегаты және ірі коммерциялық банктердің депозиттік сертификаттары қосылады.
Қорыта айтқанда, әрбір келесі ақша агрегаты өзінен алдыңғылардың барлық элементерін өзіне біріктіріп үлкен ақша массасын құрайды. Бірақ оның алдыңғыға қарағанда өтімділігі төмен.
Ақша массасының нақты құрамы әр мемлекеттің өзіне тән ақша-несие жүйесімен анықталады. Мысалы, АҚШ-та ақша массасын анықтау үшін – төрт, Швейцарияда мен Германияда – үш, Ұлыбританияда – бес, Францияда – екі ақша агрегаты қолданылады.
Қазақстан Республикасының ақша массасының құрылымына келесі ақша агрегаттары кіреді:
- М0 – айналыстағы қолма-қол ақша;
- М1 — өзіне М0 агрегатын және шаруашылық субьектілерінің есепшоттары мен басқа депозиттерінің заңды тұлғалардың күрделі қаржыландыру шотының ұзақмерзімді несиелеу және қаржыландыру қорлары шотының, чектік және аккредитивтік шоттардың, қоғамдық және басқа үкіметтік емес ұйымдар шоттарының қалдығын және халық пен заңды тұлғалардың талап етіп алатын салымдарын біріктіреді;
- М2 — өзіне М1 агрегатын, сонымен бірге жеке және заңды тұлғалардың мерзімді салымдарын біріктіреді;
- М3 — өзіне М2 агрегатын және мемлекеттік займ облигацияларын біріктіреді.
Ақша агрегаттарының құрылымы тұрақты қалыпта болмайды. Ол ақша нарығы құралдарының дамуына байланысты өзгерді.
Ақша массасы бірнеше жолмен өсуі мүмкін:
- банкноталар мен монеталарды эмиссиялау есебінен;
- орталық банктен коммерциялық банктердің несие алуымен;
- мемлекеттік бюджеттің кемшілігін жабу үшін орталық банктің үкіметке несие беруімен;
- орталық банктің асыл металдарды, шетел валютасын және мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып атуымен;
- чек шығарумен немесе коммерциялық банктердің салым тарту негізінде заем беруімен (депозиттер негізінде несие ақшаларын шығару).
Ақша массасы айналымының баяулауы – ұлттық жиынтық өнімді орналастыру коэффицентінің төмен екендігінің көрсеткіші. Егер ақша айналысының жылдамдығы артса, ол жоғары коньюктураның барлығын және ақша қаражатын жұмсаудың шапшаңдығын көрсетеді. Ақша айналысы жылдамдығы айналыстағы ақша санына кері пропорционалды әсер етеді, яғни ақша неғұрлым көп айналыс жасаса, соғұрлым қосымша ақша эмиссиясының қажеттілігі азаяды.
Ақша жүйесі туралы ұғым. Биметаллизм жүйесі
Әрбір мемлекеттің өзіне тән ұлттық ақша жүйесі болады.Ақша жүйесі – ол тарихи қалыптасқан және мемлекеттің ұлттық заңдарымен бекітілген біртұтас ақша айналымы. Алғашқы ақша жүйесі ХVІ-ХVІІ ғғ. капиталистік өндіріс әдісі қалыптаса бастағанда пайда болды. Бірақ оның кейбір жекелеген элементтері одан да бұрын айналымда жүре бастаған. Капиталистік өндірістің және тауар-ақша айналысының қарқынды дамуы ақша жүйесіне өзгеріс енгізді.
Ақша жүйесінің типі: ақша – ерекше тауар ретінде жүруіне, яғни жалпыға ортақ эувивалент болуына немесе ақша – құн өлшемі қызметін атқаруына байланысты қалыптасады. Сондықтан әлем тарихында ақша жүйесінің төмендегідей типтері кездеседі:
- металл ақша айналысы, бұл жүйеде ақша тауары, яғни толық құнды ақша айналыста жүреді және ол ақшаның барлық қызметтерін орындайды. Ал несие ақшалары металға айырбасталады;
- несие ақшалары және қағаз ақша айналысы, бұл жүйеде атына сай, айналыстан толық құнды ақша, яғни алтын біржолата ығыстырылып, айналыста тек ақша белгілері жүреді.
Әрбір мемлекетте жалпыға ортақ құн эквиваленті ретінде қабылданған металға байланысты металл ақша жүйесі: биметаллизм және монометаллизм болып бөлінеді.
Алғашқы капитал жинау кезінде (ХVІ-ХVІІ ғғ.) биметаллизм ақша жүйесі пайда болып, одан әрі дамыды. Онда ақша айналысын толық құнды ақшалар қамтамасыз етті. Биметаллизм – ол мемлекет заңды түрде жалпыға ортақ эквивалент ролін алтын мен күміске бекіткен ақша жүйесі.
Бұл жүйеде алтын мен күміс тең құқықты ақша – қос металды валюта, онда екі металдан да кең көлемде монеталар соғылып, айналыста шектеусіз қатар жүрген.
Биметаллизмнің үш түрі болған:
- Қатар жүретін валюта жүйесі – онда алтын мен күміс монеталардың арақатынасы стихиялы түрде металдың нарықтық бағасына байланысты бекітілген.
- Қос валбталы жүйе – онда металдардың сандық арақатынасы мемлекет бекітіп, алтын мен күміс монеталар сол қатынаспен соғылды.
- «Қосалқы» валюта жүйесі – онда алтын мен күміс монеталар заңды төлем құралы деп саналғанмен іс-жүзінде күміс монета алтынның белгісі ретінде жүрді.
Капиталистік тауарлы өндірістің қарқынды дамуы тұрақты ақшаны, яғни жалпыға бірдей бір эквивалентті қажет етті. Сондықтан биметаллизмнің орнына монометаллизм ақша жүйесі өмірге келді.
Монометаллизм жүйесі.
Монометаллизм –ол жалпы эквивалент ретінде тек бір ғана металл (не алтын, не күміс) қолданылатын ақша жүйесі. Айналыстағы құн белгілері мен монеталар алтынға немесе күміске айырбасталады. Күміс монометаллизм Үндістанда 1852-1893 жж., Голландияда 1847-1875 жж., Ресейде 1843-1852 жж. қолданылды.
Құн белгілерінің алтынға айырбасталу ерекшеліктеріне байланысты алтын монометаллизмнің үш түрі болады.
Алтын монеталы стандарт(үлгі) – оған негізгі төмендегі белгілер тән:
- елдің ішкі айналымында алтын монеталар жүреді және ол ақшаның барлық қызметтерін атқарады;
- алтын монеталарды еркін соғу рұқсат етілген;
- айналымдағы несие ақшалары (банкнота, майда металл монеталар) көрсетілген құнымен еркін және шектеусіз алтын монеталарға айырбасталады;
- алтынды, шетел валютасын елден еркін алып шығуға және елге әкелуге, сондай-ақ алтын нарығының еркін жұмыс істеуіне рұқсат берілген.
Алтын құймалы стандарт– оның алтын монеталы стандарттан айырмашылығы бұнда алтын монета айналыста болмайды және оны еркін соғу жойылды. Алтын құймалы стандартта банкнотаның белгілі бір сомасы алтынқұймасының белгілі бірсалмағына айырбасталды. Мысалы, Ұлыбританияда салмағы 12,4 кг стандартты құйма 1700 ф.ст., ал Францияда 12,7 кг – 21,5 мың франкке теңгерілді.
Алтын девизді (алтын валюталы) стандарт – ол банкнотаның девиздерге (яғни, белгілі бір шетел валютасына) айырбасталатын ақша жүйесі. Бұл жүйеде Австрияда, Германияда, Данияда, Норвегияда және басқа да елдерде жүрді. Бұл кезде алтын монетаның еркін соғылуы жойылып, ол айналыстан да алынып тасталды. Міне тек осындай қосалқы жолмен ғана алтын девизді ақша жүретін елдердің алтынмен байланысы сақталды. Ұлттық валютаның тұрақтылығын бірқалыпта сақтау девиздік саясат әдісімен, яғни нарықта ұлттық валютаның курсының төмендеуіне немесе жоғарылауына байланысты оған шетел валютасын сатып алу немесе сату арқылы жүзеге асырылды. Сөйтіп, алтын девизді стандарт кезінде бір елдің валютасы басқа елдердің валютасына тәуелді болды.
1929-1933 жж. әлемдік экономикалық дағдарыс нәтижесінде барлық мемлекеттерде әр кездері алтын монометаллизмнің барлық формасы жойылды. (Мысалы, Ұлыбританияда – 1931ж., АҚШ-та 1933ж., Францияда – 936ж. және т.с.с.).
1944ж. Бреттон-Вудсте құрылған Халықаралық валюта жүйесі еркін айырбасталатын валютасы бар мемлекеттердің қолдануы үшін мемлекетаралық алтын девизді стандартты, шын мәнінде алтын долларлы стандартты бекітті. Оның ерекшелігі, яғни алтын долларлы стандарт – тек
- Эмиссилау жүйесі– ол заңмен бекітілген ақша белгілерін айналысқа түсіру тәртібі. Экономикасы дамыған мемлекеттерде қолма-қол ақша айналысының негізін құрайтын банктік билеттерді шығаруға орталық банктің монополды (айырықша) құқығы бар. Ал қолма-қол ақшаның шамалы бөлігін (10 процентке жуығын), яғни ұсақ купюралар (қазыналық билеттер) мен майда монеталарды кейбір мемлекеттерде (мысалы, АҚШ-та) қазынашылық (казначейство) шығарады.
АҚШ доллары алтынмен байланысын үзген жоқ, себебі бұл стандарт тек орталық банктер мен үкімет мекемелері үшін ғана бекітілді. АҚШ үкіметі өзінің алтын құймаларын долларға сатуды тоқтатты, сондықтан алтын долларлы стандарт та айналыстан шықты.
1976-1978 жж. Ямайка Халықаралық валюта жүйесі алтынның айналыстан шығуын алтын құрамы және алтынның ресми бағасы жойылды. Халықаралық валюта қорымен оның мүшелері арасындағы есеп айырысудан да алтын алынып тасталды. Сөйтіп бүкіл мемлекеттерде алтынға айырбасталмайтын несие ақшалары жүйесі орнықты.
Банкноталар мен қағаз ақшалар айналысы жүйесі және оның сипаттамасы
Ақша жүйесі негізінен мына элементтерден құрылады:
- Ақша өлшемі – ол барлық тауарлардың бағасын көрсету үшін қолданылатын заңмен бекітілген ақша белгісі. Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 15 қарашасынан ақша өлшемі – теңге және тиын. Ақша өлшемі, міндетті түрде, еселі ұсақ бөліктерге бөлінеді. Көптеген мемлекетерде бөлудің ондық жүйесі бекітілген: 1:10:100 (мысалы, Қазақстанның 1 еңгесі 100 тиынға тең, ал АҚШ-тың 1 доллары – 100 центке; 1ф.ст. – 100 пенске; 1 индонезиялық рупия – 100 сенге және т.б.);
- Баға масштабы – ол тауарлар бағасын белгілеу үшін қолданылатын заңмен бекітілген техникалық құрал. Несие ақшалары алтынға айырбасталмайтындықтан ресми баға масштабы өз экономикалық мәнін жойды. Сондықтан ішкі тауар айналымында әр мемлекеттің өзінің баға масштабы қолданылады;
- Ақша түрлері – ол осы мемлекетте заң жүзінде қолданылатын төлем құралдары – несие ақшасы (банкнота) және қағаз ақшалары (қазыналық билеттер), сонымен бірге ұсақ монеталар.