Дәріс мақсаты: Еуразиялық өркениет және қазақ халқынынң этномәдени дамуын қарастыру.
Тақырыпқа қатысты сұрақтар:
Еуразиялық өркениет
Қазақ халқының этномәдени дамуы
Адамзат тарихы мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы айырмашылығы.
Тақырыптың қысқаша мазмұны (тезистер);
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті әлемдік өркениет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аумағында қалыптасты. Алтай, Алатау және Орал тауларының арасындағы кең даланы мекен еткен Орталық Азия халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен бас- талған мәдени дәстүрлері жаһандық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты. Кейінірек толық құралып біткен автохтонды төлтума дәстүрлер жапсарлас жатқан халықтар мен елдердің мәдени әсерін бойына сіңіре отырып, қазіргі мәдениеттанулық теориялық тұрғыдағы зерттеулерді талап ететіндей күрделі және біртұтас феномен – дәстүрлі этномәдениетті дүниеге әкелді. Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында қазақ халқы сыннан өткен теңдессіз бай рухани және мәдени мұраны артындағы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Сондықтан қазақ халқы мәдениетінің терең еуразиялық тамырларын есте сақтаған жөн. “Еуразия”, “еуразиялық кеңістік” терминдерінің тек құрлықтың ұғымын ғана білдірмейтіні белгілі. “Еуразияшылдықтың” географиялық және семантикалық шеңберлерін анықтар болсақ, бұл түсінік ұзына бойы жеті жарым мың шақырым болатын Алтай тауынан бастап Карпат тауына дейін созылып жатқан Ұлы даланы білдіреді. Ол өзіне үш аймақты енгізеді: Жоғарғы Азия (Алтай тауы, Тува, Моңғолия), Орталық Азия және Шығыс еуропалық жазықтық. Сондықтан Еуразия ауқымына ену мен енбеу өзіндік тарихи қисынға сәйкес келетін мүдделерге байланысты. Сонымен қатар ол халықтардың діліндегі сұхбаттық қатынастарға бейімділікке де көп байланысты құбылыс болып табылады.
Өзін-өзі бақылау үшін тапсырмалар:
Еуразиялық өркениет пен қазақ халқынынң этномәдени дамуы арасындағы байланыстарды атаңыз. Олардың дамып жетілу динамикасын талда.
Әдебиеттер: 1,5,7.