2010 жыл
Жеңіс, естегілер, отаншылдық
«Соғыс!» сөзін естігенде сәби жүрегім дір етеді, өйткені ауыл ақсақалдарының, аталарымның айтқан, әңгімесінен бұл сұрқия сөздің астарында жыланның тіліндей сумаңдаған жамандық жатқанын сеземін. «Өмір біреуге ерте, біреуге кеш…» дегендей сонау сол жылдардағы ата-ағаларымыздың қыршынан қиылып, біз үшін жанын қиғанын тағы білемін. Барлығымызға белгілі болғандай, 1941 жылдың 22 маусымында Германия мен оның одақтастары кеңес – герман келісімшартын бұзып, Кеңес одағына соғыс ашты. Бұл соғыс жер жүзін дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс еді. Ұзамай бұл соғыстың шарпыған жалыны қазақ жеріне де жетіп үлгерді. Әрине, бұл кескілескен соғыс кімге болсын оңай тиген жоқ. Майданға Ресейдің азаматтарымен қатар қазақстандықтар да белсене қатысты. Нақ осы шақта боздақтар елін, жерін қорғай алатындығын дәлелдей білді. Барша әлемді дүр сілкіндірген осындай соғыста, жас жауынгерлер — басты қуатты күш болатындығы баршамызға аян. Қыршынынан қиылған қаншама жауынгерлер:
Қайғы ойлаттың естен кетпей, туған жер,
Қаны қашты, әм сайратты ет пен тер.
Сені ойласам, ішім күйер қапа боп,
Жүрегімде түйіншектей қайғы – шер-,
дегендей Отан үшін жандарын беруге дайын болды. Бұл жайында: «Соғыстың әділеттілігіне көзі жету, өз бауырларының игілігі үшін жанын құрбан етудің қажеттігін түсіну-солдаттардың рухын көтереді және оларды құлақ есітіп көрмеген ауыртпалықтарға төзуге көндіреді… Соғыстың мақсаттары мен себептеріне бұқараның осы санасы жетуінің зор маңызы бар және бұл өзі жеңісті қамтамасыз етеді»,- деуші еді атам. Жауынгерлер өз елі, жері үшін, халқы үшін жандарын пида етті. Бұл шақта жауынгерлер Отанды жау қолынан қорғап қалуға жандарын салды. Әлемді оқ пен отқа ораған бұл соғыста жеңіс туын ұстауға тырысты. Қазіргі біз 65 жылдығын тойламақ болып отырған жеңісіміз осы күнге жетпей жастайынан кеткен сан мыңдаған жауынгерлердің аманаты еді. Жеңіс – халықтың зарыға аңсап күткен арманы еді, қанды қырғынның тоқталғаны білдіретін соңғы нүкте болды. Қазіргі ұрпаққа, майданда қаза тапқандардың есімі тек қайғы сезімін ғана туғызбайды. Осымен қатар, ұрыста қаза тапқандардың ұлы іс атқарғандары үшін зор, жарқын мақтаныш сезімі де жүрегімізде мәңгі өмір сүре береді. Көкірегімізге егер де осы құрбандар болмаса – Жеңіс те болмас па еді, халқымыздың фашизмді жеңіп, алға қадам басқан жарқын болашағы да болмас па еді деген ой келеді.
Соғыс жылдарында жауынгерлерді қуаттандыру үшін «Артымызда – Москва, шегінерге жер жоқ!» деген айбынды ұрандар тасталды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі жаумен кескілескен шайқастарда жауынгерлердің бүкіл әлемді таң қалдырған идеялық – саяси, моральдық қасиеттері, Отанына, халқына деген махаббаттары, қажымас қайрат жігерлері, асқан ерліктері, жеңіске деген шексіз сенімдері бар қырынан айқын көріне білді. Мұның бәрі жастайынан патриоттық сезімге баулып тәрбие бергендіктің арқасында деп ойлаймын. Бұл соғыстың қаншама халықтар үшін, қаншама елдер үшін зарлы болғаны соншалық, оның зардабы соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да ұмытыла қойған жоқ. Қанды – кекті майданда жауға қарсы аттанған әскерлердің қатарында қазақ сарбаздары да аз болмады. Осы соғыста жан – алысып, жан беріскен, Отанының жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері мәңгілік халық жадында сақталары сөзсіз.
Қазақтың қос жұлдызы пулеметші Әлия мен снайпер Мәншүк апаларымыз асқан ерліктерімен көзге түсіп, халық қаһарманы атанды. Бауыржан Момышұлы секілді батыр аталарымыз атақ – даңқты емес, елін – жерін қорғауды, ең алғашқы мақсат етіп қойды. Бұл сөздердің растығын мынадай жалынды өлең шумағынан байқауға болады:
Маған деген атақты,
Міндет етсең, өзің ал.
Әділетке бас ұрып,
У берсең де маған бал.
Осы жылы жарияланған «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбына арналған прозалық, поэзиялық жанрда жазылатын шығармалар байқауына да біздің мектеп оқушылары белсене қатысуда. Мен де Жеңіс тақырыбына арналған мәнерлеп оқу сайысы үшін Жеңіс туралы көптеген өлеңдер жаттап жүрмін. Біздің мектебімізде де Бауыржан атамыздың 100 жылдық мерейтойына арналған өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы өткізілмекші.
Ұлы Отан соғысы батырларының қатарында Кеңестік жүйенің шовинистік сұрқия саясатының кесірінен ерлігі дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай талас – тартысты тудырып келген асыл азаматтардың бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Бауыржан Момышұлы: «Шыңдық әрқашан жеңеді, бірақ кешігіп жүреді», — дегендей әділдік орнады. Рақымжан Қошқарбаев атамызға Рейхстагқа ту тіккені үшін аттай 54 жыл өткеннен соң ғана, 1999 жылдың 7 мамырында «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Қазіргі кезде мен оқып жүрген оқу орны да соғыс жылдарында елін қорғау жолында жау танкісінің астына түсіп асқан ерлік көрсеткен Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия – интернаты деп аталады. Биылғы жылы Ә. Досмұхамбетов атамызға 90 жыл толғалы отыр. Осыған орай мектеп қабырғасында батыр атамызға арналған «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» атты әдеби – музыкалық кеш, Жеңіс тақырыптарына арналған мәнерлеп оқу сайыстары, «Жарқын болашақ» атты суреттер көрмесі т.б іс-шаралар өткізілмекші. Осындай батыр атамыздың аты берілген мектепте оқу — мен үшін мақтаныш. Бұл мектепте оқып жүргенде менің еліме, жеріме, Отаныма деген сүйіспеншілігім де арта түседі.
Бұл майданда жеңіске жетуге үлес қосқан тек майдан ардагерлері ғана емес, сонымен қатар тылда еңбек еткендердің де үлесі үлкен екендігін айтпай кетуге болмайды. Бір кездері тылда еңбек еткен аталарымыздың да жұмыстары оңайға түскен жоқ. Майдан шебіндегі жауынгерлерді азық – түлікпен, керек – жарақпен қамтамасыз ету осы аталарымыздың мойнында болды. Сондықтан бұл аталарымызға да үлкен қошемет көрсетіп сыйлау, құрметтеу қазіргі ұрпақтың парызы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында «Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңдестірілген, ҰОС уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедектері мен оларға теңдестірілген мүгедектердің жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері де материалдық қолдаусыз қалмайды» деген сөзі жаныма жылы тиді. Өйткені, еңбек өтілі 53 жылдай атамның еңбегі зая кеткен жоқ деп қуанамын. Оған да үлкен мерей. Оның айтуынша, менің туған ауылым Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жалтыр аулынан майданға 101 адам қатысқан. Соғысқа кеткен адамдардың ішінен 65 адам қайтып оралған. Майданға кетіп, оралмаған қаншама ер – азаматтардың үйлері асыраушысыз қалды. Атамның да Тәжібаев Қари деген інісі мен Обай және Жұмағали деген ағалары майдан шебінен оралмаған. Сол кездегі осындай ауыртпашылықтарды өз көздерімен көріп өскен аталарымызға, әрине, оңай болған жоқ.
Гитлердің жер бетінде тек асыл текті неміс халқы ғана өмір сүруі қажет деп, өркөкіректік пен шектен шыққан менмендікке бағытталған саясатының салдарынан тұтанған алапат соғысқа тек қазақ жерінен ғана аттанған 350 мың қазақ еліне қайтып оралмады. Олар сұрапыл соғыс жылдарында Отанын, туған жерін жаудан жанқиярлықпен, асқан ерлікпен қорғай білді. Нәтижесінде 500 қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың 98 – і қазақ ұлтының өкілдері. Ұлы Отан соғысы қай аймақты алсаң да қарапайым халқымыз үшін, көп ұлтты еліміз үшін аса үлкен, өте ауыр болды. 1418 күнге созылған бұл қатерлі айқаста Отанымыздың экономикалық қуаты, халқымыздың ерлік – жігері, олардың саяси – бірлігі мен моральдық күші сынға түсті. Ұлы Отанымызды шексіз сүйген халқымыз фашист басшыларды ойсырата талқандап, бүкіл дүние жүзінде өркениетті сақтап қалды. Адам баласының еркін дамуына, тәуелсіздігі мен бостандығына өріс ашты. Халқымыздың бұл ерлігі мәңгі жасап, ұрпаққа ұран, өшпес мұра болып қала бермек. Қазіргі таңда аталарымның, жауынгер қыздарымыздың орнында мен болсам, мен де өз елімді, Отанымды, халқымды қорғауға бел буар едім. Нағыз қызу қанды қазақ жастары да бұл ерлікті 1986 жылы да қайталаған жоқ па еді?! 41 жылы аталарым, 86 жылы аға-апаларым елін, жерін аманат қып бізге, қазіргі жас ұрпаққа аман етіп тастап кетсе, ол елді көркейтуге, азат етуге дайынмын деп сертімді беремін!
Биылғы жылы Жеңіске 65 жыл толып отыр. Жеңіс біздер үшін, аға – апаларымыз үшін естен кетпес ерекше мереке. Өйткені мұндай мерекені жүздегі қуанышпен қатар, жас пен бірге қарсы аламыз. Ал енді бір кездері ата – бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған, ұшқан құстың қанаты, жортқан аңның тұяғы талатындай кең байтақ қазақ жерін қорғау, еліміз, жеріміз үшін жеңісті қолдан бермеу — біздің міндетіміз екенін ұмытпайық, ағайын!