БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРЛЕР БЕЙНЕСІ

Раимбекова І.М.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

Қазақстан халқының егемендікке ие болып, тәуелсіз дербес мемлекет атануы тек саяси экономикалық салада ғана емес, ұлттық рухани әдеби саласында да айрықша маңызы бар екені баршамызға мәлім.
Тәуелсіз ел атанған сәттен рухани ұлттық мұраларды саралап, бүгінгі уақыт биігінен, бағалаудың күні туды.
Әр халықтың көркі мен мақтанышы сол халықтың аты шулы батыры, даңқты ғалымы өнер майталманы, данышпан жазушысы. Мінезі тік, ойы жүйрік даңқты қолбасшы Бауыржан атамыздың 2010 жылы. 100 жылдық мерей тойы Халықаралық көлемінде атап өтілгені баршамызға мәлім. Ол тәуелсіздік туымен тұғыры биіктеген қалам мен қаруды қатар ұстаған бірегей тұлға аңызға айналған батыр.
Б. Момышұлының жазушылық жолы жеке тағдырымен ғана емес, халық тағдырының тарихымен өріліп атасқаны соны батырдың елеусіз қалдырмай, дүниетанымын әдебиет арнасына бейімдегені айқындалады. Б. Момышұлы қан кешкен батыр ғана емес, тынысы кең суреткер. Қазақ әдебиетінде әскери тақырыптың негізін қалаған жазушылардың бірі де бірегейі. Оның портрет жасау шеберлігі әдеби шығармашылқ мұрасынан, оның ішінде әскери тақырыптағы әңгімелерінен, повесттерінен танылады. Жауынгер жазушының “Москва үшін шайқас”, “Жол үстінде”, “Ана әмірі”, “Адам қайраты”, “Курляндия майданы” әңгімелерінен қатарлас жауынгер бейнесін соның ішінде қазақ жауынгерлер бейнесін аңғару, елестету қиын емес. Шығарма кейіпкерлері өмірде болған азаматтар “Ана әмірі” атты әңгімеде адам портеті жоқ десек болғандай. Ондағы тек бір кейіпкер назарымызды өзіне аудартады. Ол – Мұхамедқұл Исламқұлов Бауыржанның тек бұл әңгімесінде ғана емес, “Москва үшін шайқас романында да осы кейіпкерді басқа қырынан танимыз. Жалпы алғанда, жазушының барлық әңгіме-повестері бұл сол романның үзік-үзік үзінділері. Олардың әр қайсысына ат қойып, көркемдік сипатын да, шындықтың салмағын арттыра түскендігін көреміз. Мұның өзінде де бір сыр бар ғой. Сондай-ақ, ондағы мақал-мәтелдерге де назар аударатын болсақ, ол шығарманың нәрін беріп тұрғандығымен бірге, кейіпкерлерге де қосымша мән үстеп, олардың мінездерін айқындаудың таптырмас құралы іспеттес.
Мұқаметқұл Исламқұлов – Бауыржанның көп солдаттарының бірі болса да, оны туған бауырындай көрді деген ағаттық болмас, аса сүйікті жауынгері еді. Өз ісіне берік, ерлігі тасып тұрған ер жүрек арыстарының бірі еді. Өз мемуарларында жазушы да оны «арысым еді» деп есіне алатыны бар:
«Мұқаметқұл ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, көзі алақандай, қыр мұрын, қалың қасы бүркіттің қанатындай сұлу жігіт еді» [3, 82 б.]. Ал, әңгімедегі суреттеу мынадай: «Орта бойлы, кең маңдайлы, жайнаған дөңгелек мөлдір көзді, салтанатты, келбетті жігіт еді» [3, 52 б.] — делінген. Қалай болғанда, екі суреттеу де бірі-бірінен кем соқпаған. Адамның қай кезде тұлғасын сөзбен мүсіндеу – әдебиетте ғана емес, жайшылықта та орын алатын кәдімгі құбылыс. Ал жазушы мұнда кейіпкерінің сырт тұлғасын бере отырып, өзінің көңілін білдіріп отырады. Бұл орайда, Мұқаметқұлды «Түсі игіден түңілме» деп, оның бейнесін осы сөздері арқылы нәрлендіре түседі.
Мұқаметқұл Исламқұлов Бауыржаннан он жас үлкен екен. Ұлы Отан соғысына дейін ауылда қарапайым мұғалім қызметін атқарып, бала оқытты. Аудандық газетте жұмыс істеді. Қолынан іс келетін, қабілеті бар, ниеті адал адам екен. Бауыржанның адам танығыш қабілеті, әрі Ғабит Мүсірепов айтқандай, алтыншы сезімі, яғни интуициясы жақсы еді. Содан болар бүкіл батальон басқаруға өзінің сенімді әрі істің түбін ойлайтын жауапты да салмақты жауынгері, серігіне тапсырады. Крюковода болған қанды шайқас соны дәлелдейді. Оны жазушының шығармаларын оқып, хабардар боламыз.
«Ана әміріне» негіз болған нәрсе – «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақал. Оқырман оқи отырып көз жеткізеді. Халқымыздың даналық сөздерін қай шығармасында болса да өзек етеді. Ал, «түсі игіден түңілмені» қолданып, табанды, сабырлы, салмақты жүректі жауынгерін арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты командирдің бірі деп баға береді. Бауыржан Исламқұлдың қазасын естіп, «Серігім» (22.02.42 ж.) деп аталатын өлең шығарады
«Москва үшін шайқас» романындағы тағы бір қазақ жауынгерінің бейнесі ол – Жалмұхаммед Бозжанов. Қазақ жауынгері Бозжанов өзінің көктем күніндей құлпырған жылы жүзімен Бауыржан Момышұлын өзіне баурап алғандай. Өйткені Бозжанов сөйлеген сөздері, жүріс-тұрысы сұрапыл кезеңде қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін, үлкенді сыйлай білу дәстүрді, туған жерді, ата – ананы аңсап жүрген Бауыржанның көз алдына суреттейді.
Жазушының көптеген әңгімелерінің ішінде, сан алуан кейіпкерлер арасынан көңіліңді мазалайтын кейіпкерлердің бірі – Әкімгерей. Ол «Адам қайраты» әңгімесінің кейіпкері болумен бірге, Бауыржанның үлгі тұтар, құрметтейтін ағаларының бірі. Бірақ Бауыржан өмірінде оның алатын орны ерекше.
«Денесі аюдай, аяқ-қолы добалдай, жалпақ бет, салпы ерін, кең маңдай, қыр мұрын, қою қас, шүңірек көз…» — дегенде, бұрындары оқыған ертегідегі қазақ батырларының образы іспеттес оқырманын іштей жақын тартады. «Әйтеуір бәрі олпы-солпы. Түрі қазаққа ұқсайды. Өзінің білгенінше әскери әдепті сақтаған болып қақшиып тұр» [2, 117 б.] — деп оның портретіне қосымша толықтырулар жасайды. Автор оны қазаққа ұқсатқан болатын. Ал бірақ өзін Андрей деп таныстырғанда, шығарманы әрі қарай оқуға деген құмарлықты туғызады. Осы тұста жазушы өз оқырманын ынтықтыра түсуі оның шеберлігінің де көрсеткіші екенін айтпаса да белгілі. Әкімгерей – Бауыржанның өзі қамқор болған сүйікті жауынгері. Ол туралы: «Әкімгерей – соғыста он алты рет жараланған жауынгер. Алтауы – ауыр, оны – жеңіл жарақат. Это – оригинальная личность. Бірақ аяқ-қолы сау. Мен оны: – Он алты рет өлімге барғаныңыз жетеді, енді он жетінші рет жібере алмаймын, — деп наубайханаға жұмысқа бөлдім. Ол кәдімгідей торсаңдады. Міне, нағыз жауынгер деп осыны айт» [3, 5 б.] – деп аса бір зор мейіріммен есіне алғаны бар. Ол тек «Адам қайратында» ғана емес, жазушы мемуарында «Солдат махаббаты» деген хикаяның «Өшпеген өмір» атты бірінші бөлімнің де кейіпкері болуы тиіс еді.
Жазушы өзі атап көрсеткендей, ол шынында да соғыста аса бір сирек кездесетін айрықша адам еді. Момын, адал да еңбекқор. Жасаған ерлігін көзсіз қалдырмау үшін Бауыржан ресми түрде «старшина» деген шен алғызып, төрт награда («Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Даңқ», «Қызыл жұлдыз») мен «Қызыл Ту» орденіне ұсынған болатын. Оның қарапайымдылығы мен момын аңғалдығы соншалықты, ол жасағанынан безгендей болады, оны ерлік демейді. Жазушының атап көрсеткеніндей «нағыз жауынгер» Әкімгерейді 17-ші рет жаралануға жол бермей, оның өмірін осылай сақтап қалады.
Мұндай мысалдар, әрине, көп. Мәселе – бұл шығармалардың өз оқырманын табуында ғой. Ал мақсат болса, ол – жас ұрпақты елін, жерін сүюге, оны қорғай білуге тәрбиелеу. Елін сүю, қорғау – әр жауынгердің азаматтық борышы. Сол себепті ол жоғары азаматтық санаға ие болуы керек. Әкімгерей – осының жарқын да айқын мысалы, үлгісі. Оның портреті және сол арқылы көрінген іс-әркеттері де осындай ойға жетелейтіні де орынды.
Әңгімені оқу барысында оқырман назарын аудартатын нәрсенің бірі — Әкімгерейдің сөйлеу әдеті, яғни оның орыс сөздерін өзінің сөйлеу дағдысына орай өзгертіп айтуы. «Добарищ болкоуных» (товарищ полковник), «байүкімет» (военкомат), «байсары» (писарь), «шолан» (эшелон), «шас» (часть), «боловой» (полевой), «Ережеп» (Ржев), «абыройна» (оборона), «арпат» (артподготовка), «корсимис» (горючая смесь), «биотанкыбай ружие» (противотанковое оружие), «мерген сопы» (марганцовка), «урлыбатыр» (регулятор), «маржабай» (маршевой) деген кейіпкердің өз мәнеріне салып айтқан сөздері езуге күлкі ұялатады. Бірақ бұны тіл шұбарлығы деп түсіну біржақты болар, жазушы мұны белгілі бір стильдік мақсатта қолданылуын байқаймыз. Сондықтан мұны кекесін, мысқыл үшін кейіпкердің сауатсыздығын немесе оның сауаттылық дәрежесін аңғарту мақсатында қолданылды деген теріс ұғымға соқтырады.
Исслужим Советской Союзом! [3, 12 б.] – деп дірілдеген даусымен старшина сапқа қарап айқайлады. Солдаттар қол шапалақтады.
Орыс сөздерін Әкімгерейдің аузына салып сөйлетуі – оны даралап көрсетуінің тәсілі. Ол сонысымен оқырманына ұнайды, оны баурап алады. Кейіпкер портретіне көптеген бейнелеу тәсілдері тікелей әсер етеді, оны тануға көмекші құрал болады деп жоғарыдағы мысалдардан келтірілген. Мұндағы кейіпкер сөзі (Әкімгерей) кейіпкер портретіне қосымша танытқыш құрал болып тұр.
Ол әскер қатарындағы жауынгерлердің бірі. Аты шулы атақ, дабыл қаққан даңқты керек етпей, тек өзінің міндетін абыроймен өтеп, Отан алдындағы адал парызын орындаған солдаттарының бірі. Өз командирін, яғни Бауыржанды да бойындағы осы бір қарапайымдылығымен баурап алды. Адамның қажыр-қайратын, ерік-жігерін танытуда, әрі сын сағатта да алынбас қамалға айналады деген жазушының мақсаты көздеген нысанасына жетті деген қорытындыға келеміз.
Жауынгер-жазушының әңгімелерін оқи отырып, оны характер жасаудың шебері екенін танимыз. Қай кейіпкері болсын, оның жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісі шыншыл да нанымды бейнеленеді. Сол себепті де жазушының әр туындысы «сүйіспеншілік жемісі» болғанын байқаймыз, Және көретініміз, кейіпкердің авторына ұнауы мен ұнамайтындығында. Академик З. Қабдоловтың мынадай анықтамасы бар: «Мінез – адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық жағдай қалыптастырған қоғамдық құлқы, барлық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» [1, 103 б.]. Жазушы өз шығармаларында кейіпкердің характерін сипаттап қана қоймайды, характерді ашу арқылы оқырманның кейіпкер туралы пікірінің қалыптасуына да әсер етеді. Ең бастысы, ол кейіпкер мінезін түрлі деталь арқылы күрделендіріп барып, кейіпкердің тұтас бейнесін қалыптастырады. Кейіпкерлеріне арнап бүкіл бір әңгімесін арнайды, сөйтіп барып оның шығармашылығының негізгі желісі адам, оның тағдыры. Олардың шын образын толығымен ашып, танытып, көз алдыңа тірі бейнедей етіп жанды көрінісін оқырманына ұсынады.
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары жауынгер-жазушының шығармаларында үлкен оқиғалармен суреттеледі. Әсіресе майданда жан алысқан ұлы арпалыстарда шешуші тетікті солдат деп біліп, оның психологиялық қарым-қатынастарын жаңа қырларынан суреттеуге шебер.
«Көзі жоқ, көкжал, жүректі жойқын жолбарыс, айбатты алғыр арыстандай ер, анадан туа батыр болмайды. Тәрбие мен тәртіп, тар жолда тәжірибеден тарыға сабақ алып, қысылтаяң жағдайдың қыспағында болып, шегіне барып шеңгелден құтылып, ашына алға ұмтылып, арпалыста айқасып алып ұрып, көптен көріп, көптен оқып барып батыр болады. Оны өмір ұршықтай иіріп, шылбырдай ширатып, терідей илеп, иін қандырып барып, батыл батыр деген атаққа ие етеді. Ерлік ер басына жүре бітетін қасиет. Атаққа ілінудің жолы – алыс жол. Атақ туы – ардақты ар. Ар, намыс анасы – тәрбие. Тәрбие «Жаным арымның садағасы» дегенімізге ұлы серт. Күресте күш шынығып, арпалыста арбаудан өтіп барып, айла мен айбындылық пайда болады» [3, 63 б.] — деп сырт көз байқай бермейтін адам жанының қатпарлы сырларына үңіледі.
Бауыржанның «Төлеген Тоқтаров» атты әңгімесі жас жауынгердің үлкен сынға алынуы жайлы. Ол Төлеген туралы, оның ерлікпен қаза тапқанын өзек етіп, шындықпен суреттейді. «Егер ер туралы шын айтсам, шынды сыр етіп шынықтыра айтсам деген ниет ойымда. Шыным мен сырым Төлегендей таза, ақ пейіл, ақ ниет болса, ақ қағазға түсіріп, елге сөз жеткізсем мен Төлегеннің қарызынан құтылған болар едім» [3, 109 б.] – дейді. Сондықтан да, ерлікті елеусіз қалдыру командирге күнә мен адамгершілігіне қатты сын деп түсінген Бауыржан жауынгері үшін қолына қалам алады.
«Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, айбынды тік көзді, ашаң жүзді, әдемі қара торы жігіт шекпенінің белін қыса буған, қадамын дікілдете басып келіп, әскери әдет сақтап, сіресе тұра қалып: – Жауынгер Төлеген Тоқтаров, — деп аты-жөнін мәлімдеді» [3, 111 б.] – деп автор Төлегеннің портретін суреттейді. Жиырма жасар жас солдат өз ерлігімен, әрі бойына біткен қарапайымдылық, адамгершілік қасиеттерімен жазушыны ғана емес, бүкіл дивизияны қайран қалдырған. Тәртіпті, әдеп сақтаған, ибалы жауынгер болғанын бәрі де аса бір жылылықпен естеріне алады.
Жазушы өз кейіпкерлерінің әр кездегі, әр жағдайдағы қимыл-әркеттерімен олардың ситуациялық портреттерін беруге шебер дедік. Төлегеннің де ерлігін, жауға деген өшпенділігін оның опат болғандағы портретімен суреттейді: «Көзді ашып-жұмғанша біреу ыршып барып автоматтың шүйдесімен офицердің шекесінен періп қалып, өзі шалқалайтай барып, жерді құша құлады. Офицер тырп етпей қатты.
Өзіміздің жауынгерді аударып басын сүйей берсем, бетінде қасық қаны жоқ Төлеген… Көзі жұмулы, тыныс жоқ. Бауыры ұйыған қара қан» [3, 112 б.] – деп Алтайдың қыраны болған майдандас серігін есіне алады.
Қан майданда жасалған әрбір ерлікті елеусіз қалдыруды өзіне күнә, арына түсетін қара таңба деп санаған Б.Момышұлы өз шығармаларында тек қана шындықты айтуды мақсат етеді.

Әдебиет

Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2007.
Момышұлы Б. Адам қайраты. – Алматы: Жалын, 1981.
Момышұлы Б. Москва үшін шайқас. – Алматы, 2004.
Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз, 2007.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *