ЭСТЕТИКА

ЭСТЕТИКА – адамның көркемдік таным–түйсігімен тебіреніс, толқынысын айшықтайтын теориялық ғылым саласы. Э–ның басты функциясы адам өміріне Э–лық көзқараспен қарау немесе Э–лық өлшем енгізу. Э–лық өлшем – адам болмысы мен санасының ерекше түрі, рухани кеңістіктің ерекше деңгейі мен көрінісі.  Мәдениет тарихында Э–лық сана, Э–лық тәжірибе, Э–лық қызмет туралы бұрыннан пікірталас туып келеді. Бірақ Э. білімнің арнайы саласы ретінде кейін, ХҮІІІ ғ. қарастырыла бастады. «Э.» терминін алғаш қолданып, арнайы талдай бастағандардың бірі неміс философы А. Баумгертен Ол өзінің «Aestnetica» атты кітабында (1750–1758жж) Э–ны «сезімдік білім туралы ғылым», көркемдік шығармашылықтың философиясы, сезімдік және рационалды танымның тұтас теориясын  құрайтын «танымның төменгі, жетілмеген теориясы» деген түрлі мағынада қолданады.  Адамның индивидуалды және әлеуметтік болмысы әр сәтте түрлі кеңістікте – экономикалық–шаруашылық, саяси–құқықтық, идеологиялық–психологиялық, адамгершіл деңгейде өтіп жатады. Дүниеге, өмірге деген Э.–лық көзқарас дегеніміз оған құмарта, сүйіспеншілікпен, жан дүниесінің тебіренісімен қарау немесе жалғандықты қабылдамау, терістеу; дүниемен үйлесімділікті жан–тәнімен тебірене қабылдай отырып, субъект пен объектінің, ішкі мен сыртқының, адам мен табиғаттың айырмашылығы мен қайшылығына айрықша мән бермей, оларды материя мен оның формасына ендіру; көрікті де келбетті болмыспен іштей сұхбатта болу; шындықтың идеалды түрін игеру және оған объективті сипат енгізуге талпыну; қабылдамақ затқа ынта–ықыласты әрдайым ояту, құлшындыру. Объективті дүниедегі, қоғамдық қатынастағы адам өмірінің ортақ сипаттары мен заңдылықтары, олардың өзара байланысы – философиялық зерттеудің проблемасына жатады..

Э–лық толғаныстар туралы мәліметтерді ертедегі, яғни бұдан 2,5 мың жылдардан бұрынғы қытай, үнді, антика ойшылдарының шығармаларынан кезіктіреміз. Олар табиғат пен адам өмірінің көптеген құбылыстарын сезім арқылы қабылдау барысында белгілі бір көңіл күйлерге – таңдану, жеріну, қайғыға ортақтасу, ашулану, сүйсіну, елжіреу, әзілдеу, тебірену, толқу және т.с.с. бөленетіндігін әрі  өзіндік сезімдік тебіреніс сипатымен әлемде ерекшелетіндігін байқаған. Күнделікті тіршіліктегі тебіреніс–толқулардың қайнар көзін пайымдаған адам, а) бірде «сұлулық», «әсемдікке», бірде «трагедиялық», «комедиялық» жәйттерге айрықша назар аударған, б) бірде сезімдік тартылыстың жағымды, жағымсыз жақтарын талдауға мән берген. 

Ежелгі грек және рим мәдениетінің өзекті желісін антикалық Э. құрайды. Оның негізгі қағидалары мен ерекшеліктері:  Космологизм – ғарыштық үйлесімділік пен әсемдік әлемі. Ғарыштығы қозғалыстың өзіндік жарастығы, үйлесімділігі болады. Әлемдік үйлесімділікке әуестенген адам өз қолымен жарастықты жасай, жалғастыра алады деген наным–сенімді қалыптастырды; Гомердің «Одиссея», «Илиада» дастандарындағы «гармония» идеясы. «Гармония» ұғымы «Одиссеяда» өзінің бастапқы нақты заттық мағынасында беріледі, ал «Илиадада» адамдар арасындағы келісім, тыныштық мағынасында қолданыс табады; Пифагор үшін «гармония» болмыстың негізінде жатқан сан, санның ішкі үйлесімділікке, өлшемділікке жарауы; Үндестіктің бір түрі іштей тазаруға,  «катарсиске» қатысты.

Э–ны кейде өнер іліміне, өнер философиясына жатқызады.  Демек Э–лық түсініктің қалыптасуына философияның, оның тарихының ықпалы айқын. Кейінірек, Э. – адам болмысының Э–лық өлшемін пайымдайтын–бағалайтын ғылым деген көзқарас қалыптасады.  Э–лық өлшем – әлеуметтік, саяси, этикалық сияқты адам өмірінің құрамдас бөлімі; адамның дүниеге деген Э–лық қатынасы мен Э–лық қабылдаудың  дара сапасы. Екі өлшемде адамның әлеуметтік қарым–қатынасының жетілуіне ықпал етеді. Шындықтың кез келген аясындағы көрікті форма, оның құндылықтары – Э–ның арнайы зерттейтін затын құрайды. Көрік – пайымдауға тұрарлық құндылықтар және қоғамдық–тарихи қатынастардың қосындысы. 

Э–лық реакция мен көзқарас қабылдаудың, қобалжудың, эмоциялық реакцияның, Э–лық эмпатияның (эмоциялық шоғырланудың, көркем дүниемен сұхбаттасудың, өзгеріске сезімталдықтың, көңіл–күйді болжай білудің), рефлексияның (сезімдік пен ойлану қызметінің) нәтижесі әрі олардың жеке тұлғалық мән–мағынасының көрсеткіші. Э–лық түсініктің негізін әсемдік ұғымы құрайды, бірақ онымен шектелмейді. Асқақтық, құлдырау, күлкіге айналдыру, қалжың, келемеждеу, гротеск сияқты құндылықты Э–лық тұрғыдан қабылдаудың құрамын құрастырады. Э–ның құпиясы да, құдыреті де өнер шығармасының әсемдігін, оның адамға тигізер ықпалын көрсетуде.

Э–ның әлеуметтік табиғаты  мәдениет аясында анықталады. Бүгінде «Э.» термині мәдениеттің Э–лық құрамы мен құндылығын айқындау үшін жиі қолданылады. Э–ның өнертанудың жеке салаларына – әдебиеттануға, бейнелеу өнерлеріне, музыкаға тигізер ықпалы артуда. Э–лық тәрбиенің басты мақсаты – өмір ортасымен аралас адамда өзінің айналасындағы сұлулықты көре білетін, сезіне алатын, қабылдайтын, бағалауға бейім қабілетін арттырып, келістік, үйлестік заңдарына сәйкес өмірді жаңартып, жетілдіріп, жинақтап отыру.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *