ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ – қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті орнатудың әдіс–амалы;  табиғатқа қатысты адамның тұтас та тұрақты өмірлік позициясы, тазалық сақтау санасының белгісі;  «адам–қоғам–табиғат» жүйесіндегі байланысты үйлесімді етуге бағытталған халық белсенділігі; бұқаралық ақпараттың экологиялық–ағартушылық деңгейінің көрсеткіші. Акад. Д. С. Лихачев «Э. м.» терминін ғылыми айналымға енгізді және оны маңызды этикалық–рухани құндылық ретінде қарастырды. Э. м. табиғатты қорғау мәселесін жалпыадамзаттық мүдде және құндылық ретінде қарастыруды тілге тиек етеді, талап етеді; адам мен табиғат арасындағы тепе–теңдікті сақтауға тәрбиелейтін халықтық салт–дәстүр ұстанымын негізге алады; қарым–қатынаста адамның өзіндік рөлі және жауапкершілігі жоғары болу талабын  бетке ұстайды.

Э. м–ді арнайы қарастырудың мақсаты: «адам–табиғат–қоғам» жүйесіндегі қарым–қатынастың теңдігін сақтау, адамның табиғатқа қарама–қайшы іс–әрекеттерді шектеу, қоғам мен табиғат арасында жаңа жүйені қалыптастыру; э–лық тәрбиені жетілдіру. Э. м. екі мағынада: а) табиғатты танып білу, пайдалану және жаңарту іс–шаралары, б) адамның табиғатты аялау талабына сай келетін білім, іскерлік дағдыларын өзара байланыста жүзеге асыру аясында қолданыс табуда. Тынымды да тиянақты іс–әрекеттің барысында адам қабілеттіліктің, икемділіктің қалыпты жағдайын орнықтырады, біртіндеп қоршаған ортаны қорғау қызметіне қызығушылық танытады және адам денсаулығын қорғаудың тиімді тәсілдерін жинақтауға мән береді.

Ғылыми–техникалық жетістіктер адамзатты табиғатты қарқындата, біржақты жарыса пайдалануға итермелеуде. Бақталас заманда Э.м. адамның өзіне, басқаларға, табиғатқа қатысты топтық эгоизмді игеруге септігін тигізеді, тұлғааралық қарым–қатынастардың тетіктерін кеңірек қолдануға мүмкіндік ашады. Э. м–ң тағы бір ағымы адамның табиғатқа әсер ететін  әлеуметтік тетіктерді – экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесін реттеуге арналады. Э–лық білім адам мен қоғам қатынасының эволюциясындағы мифтік сананың, физикалық тәуелсіздіктің табиғаттан алшақтау кезеңдерін, адамды табиғаттың билеушісі ретінде талдауға жол ашады. Табиғатты «шеберхана» ортасы деп ұққан жаңа дәуірде:

  • табиғат адам үшін жаратылған, адам оның иесі болып табылады;
  • табиғат моральдық құндылықтардан жұрдай, тек адам оған іштей мән береді;
  • табиғат адаммен жетілдірілуі және оның жаңартылған күйі–адам жеңісінің куәсі болуы керек, деген қағидалар қалыптасты.

Капиталистік қоғамның ұстанымдарында э–лық–мәдени басым идеялар, тұлғаның гумандық қасиеттері ескерусіз, назардан тыс қалып қойды, ұлттардың дәстүрлі гуманистік бастаулары біріктірілмеді. Содан табиғи ресурс шығыны көбейді; табиғи ортаға жағымсыз антропогендік әсер асқындады, адам өмірінің салауатты жағдайы нашарлады э–лық апат жиілеп адамзат өркениетіне қауіп күшейді.

Э. м. аясында адаммен ортаның қарым–қатынастарын еркіндік пен теңдікте ұйымдастыру тәсілдерін сабақтастыруға және қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Біз алдымен туған жерімізді, туған үйімізді, сол үйіміз орналасқан қаланы қатты қадірін білуіміз сыйлауымыз, жақсы көруіміз қажет. Қала мен ауылдың Э. м–н жақсартуға арналған бағдарламаны жасауға интеллект, білім, мәдениет активтері, елдің ардагерлері мен қайраткерлері тікелей араласуы, олардың азаматтық та, кәсіби де, патриоттық парызы. Э. м.  қоғамда Э. тәрбие – адамның қоршаған ортаға әсерін, оның заңдылықтарын түсіндіретін және орындалуын қадағалайтын ой–пікірлерді, ғылыми деректерді қамтуға; табиғи және әлеуметтік ортаның жан–жақты бай құндылықтарын түсінуге; табиғат байлықтарын тиімді пайдалану дағдыларын білім, таным мәселелерін меңгеруге, өз ортасының жағдайын жақсартуға; табиғатқа зиян келтірмеу бағытындағы тиісті ережелерді саналы түрде орындап отыруға, іс–шараларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ұйытқы болды.

Э. м–нің өзекті міндеті: табиғатты әсемдік пен сұлулықтың қайнар көзі ретінде қабылдайтын сезімді баулу. «Табиғаттың даусын–дыбысын, үнін ата–аналар да, қоғам да, тәрбиешілер де, заң шығарушылар да көңіл қойып тыңдауы тиіс. Табиғатпен егесу, оған зиян келтіру жақсылыққа апармайды, адамға тек оның заңдылықтарын білу және оның табиғи күшін пайдалану ғана қалды» (К.Д. Ушинский).

Э–лық  м–тің ғылыми қағидалары: ортаның заңдылықтарының сақталуы мен орындалуын анықтайтын озат ой–пікірлер мен ғылыми деректерді қамту; қоғамның материалдық және рухани күштерінің қайнар көзі – табиғи және әлеуметтік ортаның бай құндылықтарын нақты әрі терең түсіну;  табиғат байлықтарын тиімді пайдалану дағдыларын, білім, таным мәселелерін дер кезінде меңгеру, әркімнің өзі өмір сүретін ортаның жағдайын бағалай білетін қабілетін дамыту, оны жақсартудың шараларын қабылдау; адам қызметінің табиғатқа тигізер зиянын алдын–ала болжай білу; табиғи және әлеуметтік ортаны жақсарту қызметін, табиғатты қорғау идеяларын жетілдіру, табиғат және әлеуметтік ортаға деген жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Э–ық сана мен э–лық қарым–қатынастың бір–біріне ықпалын жетілдіру бағыты мәдениетті түсінудің ең тиімді жолы. Өнімді қызмет, нақты іс–әрекет қоршаған ортаға ерекше қарым–қатынасты қарастыруымен, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді негізді нығайтуымен құнды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *