Материалдық мәдениеттің жекелеген сәттерін, атап айтқанда дәстүрлі киімді сипаттай отырып, оның көбіне өз белгілерінен айрылғандығын айта кету керек. Бұрын Жетісу ұйғырларының ерлер костюмы жіңішке тік жағалы ұзын кең пішілген желбегей жейде (койнэк) мен балағы етіктің ішіне салынатын кең шалбардан (тамбал) тұрған. Жейденің сыртынан қысқа башмет киіп, оның сыртынан жіңішке тік жағалы және тар жеңді ұзын халат (чапан) киген. Халатты мақта матасының ұзын кесегінен жасалған белбеумен (бэлваг) байлаған. Қысқы сырт киім ретінде қой терісінен жасалған тон (жута) қызмет етті. Аяқтарына ұзын қонышты тар жұмсақ етіктер (мэсэ) киген, оларды үйге кірерде шешіп қоятын былғары галоштармен бірге киетін болған. Тағалы етік (отук) киген. Бас киім ретінде жазда – тақия (допа), қыста – қой елтірісімен қапталған шұға бөрік (топа), ал байларда – кәмшат, бұлғын, құндыз терісімен қапталған бөрік қызмет етті.
Әйелдер мақта матасынан тігілген, кішкене тік жағалы туника тәрізді пішілген ұзын кең жейде, сонымен қатар толарсаққа қарай тарланып келетін кең шароварлар киген. Тұрмыстағы әйелдердің жейдесіндегі қиығы мен ілгегі алдыңғы жағында кеудесінде, ал қыздардыкі – иықтарында болған. Тұрмыстағы әйелдер жейдесінің оң жақ кеудесі кестемен безендірілген. Жейденің сыртынан үйде және көшеде әдетте үнемі ұзын, тізеге дейін жететін, ілгексіз жеңсіз киім (кэмзэл) киген. Көшеге шыққанда тар жеңді (чапан), ал оның сыртынан екіншісін – анағұрлым ұзын және кең халат (перенджэ), немесе қысқа сырылған көкірекше киетін болған. Қытайлық үлгіде пішілген, өзіндік өрнектермен (мади–хан) безендірілген көкірекше (хтай–чэкойнек) де киген. Қыста олар да қой терісінен тон киетін болған. Аяқ киім ретінде көбіне галоштармен бірге жұмсақ етіктер қызмет еткен. Бас киімдері – тақия немесе орамал, қыста жалпақ жылы тері бөрік болған. Бай әйелдердің мерекелік бас киімдері сүйір төбесі ұсақ бүрмеленіп, түрлі–түсті тастармен безендірілген зерлі дөңгелек бөрік болды. Бөріктің үстінен ұзын кездемелі орамал киілген. Әйелдер беттерін жаппаған, бөтен адамды көрген уақытта беттерін орамалмен сәл ғана бүркеген.