Әсемдікке, эстетикалық кемелділікке ұмтылу тіреуіштерді, ағаш қақпалар мен есіктерді, терезелердің қақпақтарын сәндік элементтермен, қыш ыдыстарды мозаикалық әшекейлермен көркемдейтін ежелгі ұсталардың жұмысынан көрініс тапты.Халық зергерлері құю, соғу, өрнек салу, оймалау, жапсырма және нәзік зерлеу сияқты әдістерді шебер меңгерген. Халық шығармашылығы олардың авторларының күнделікті үй тұрмысындағы заттардың эстетикалық, сәндік сапалары туралы ізденістерін дәлелдейді. Ұлттық музыкалық аспаптар: дутар, тамбур, най, сатар, годжак, равап, сурнай, карнай, бебельваз, бубен–дап және басқаларын дайындау өнері қайта жаңғырды.
Ұйғыр қолданбалы өнерінің ежелгі дамыған түрлеріне металды көркемдік өңдеу жатады, олар – ұсталық кәсіп, ыдыс–аяқ, зергерлік бұйымдар дайындау, ұйғырлардың металл бұйымдарының дәстүрлі жиынтығына әр түрлі мақсаттарға арналған ыдыстар: жуынуға, дәрілік тұнбаларға, шәйнектер, самаурындар, табақтар, жуынатын құралдар, тегештер, мантоваркалар енеді. Олардың арасында жай ғана пайдаланылатындары, сонымен қатар жоғары көркемдік үлгілері де кездеседі. Металды көркем өңдеуде зергерлік өнер ерекше орынға ие. Ұ–да барлық уақыттарда зергерлік бұйымдар кең қолданысқа ие болды, оларды еркектер де, әйелдер де тағатын болған. Ұ. тоқылған және киіз кілем бұйымдарын өңдеуде үлкен өнерге қол жеткізді. Ұйғыр киіздері мен түйіндік жүн және жібек кілемдер Шығыс Түркістанның алыс шектерінде де танымал болып, кеңінен экспортталатын тауар болды. Әлемдік нарықта ұйғыр кілемдері парсы кілемдерімен бірдей бағаланды.
Ұ. қолданбалы өнерінің ежелгі түрлерінің бірі – кесте тігу болып табылады. Ол көбіне үй өндірісі сипатында болады. Әрбір үйде әйелдер кесте тігу білді және өз отбасының қажеттіліктеріне қызмет етті. Қыздар өздеріне тойға жасау дайындады, оның көп бөлігін кестеленген бұйымдар құрады.
Қыш өндірісі – ұйғыр көркемдеу кәсібінің дәстүрлі түрі. Ағаш оюды сәнді безендіру түрі ретінде ұйғырлар дәстүрлі жиһаз, ыдыс–аяқ, балалар ойыншықтарын дайындау кезінде кеңінен қолданған. Былғары белбеулер ұйғырларда ерлер костюмының бұйымы болып табылған. Белбеулер өрнектеліп, оймаланып, нәзік оюмен өрнектелген, жартылай асыл тастар қондырылған фигуралы күміс жалпақ тіліктермен көркемделеді. Белбеулерді безендіруде полихромды қалқаланған эмаль, алтындау қолданылған.