туған жердегі әлеуметтік–мәдени тұтастықтың бастауы – тілдің, ділдің, діннің бағдары, елдік пен ерліктің сауыты және самғауы; қазақтың сандық және сапалық өсуінің өмірлік құндылықтарын құптаудың демеушісі, қазақ ұрпағында патриоттық сана–сезімді жаңғыртудың қозғаушы күші. Ұ. р–ң түп–тамыры – кең даладағы балбас тастардың мұңы мен беймәлім мүрделердің тарихында, ел мен туған жердің бедерін сақтап, бірлестігін нығайытқан тағдырымызда, ірілікке ұйытқы болған діліміз бен дінімізде, рухани құндылықтарымызбен тіл қатыса білуімізде. Ұ. р–ң қуаты – ұлттық құндылықтар мен қаиеттерді қолдауда, қорғауда, халқымыздың басын біріктірген береке мен біріктіретін беделге иелік етуде. Ұ. р–ң негізі – Отандық сезімге лайықты бітім мен бірлікте, келісім мен бірігуде. Рухы биік, рухани қағидаларды жетік меңгерген халықтың қай салада болмасын озық болары хақ.
Өтпелі кезеңде рухани құндылықтар халықтың күнделікті өміріне, қоғамдық санаға, тұлғалық дұниетанымның қалыптасуына едәуір әсер ете бастады. Өз ұлтыңды ұлағаттамай, оның еңбеккері мен еңселілерін елемей, рух қайдан келмек, кімге енбек. Ұ. р–ң мән–мағынасын терең түсіну және дәйекті түсіндіру үшін әр ортада азаматтық белсенділік, интеллектуалды орындылық және әлеуметтік жауапкершілік қажет. Маманның да, халықтың де әлеуметтік күш–қуатын тұрақты жұмылдыратын қолжетім осында. Рухани дүниетаным өмір болмысын жан–жақты, толыққанды қарастырады, адам мен қоғам тіршілігінің дамуын жетілдіреді.
Рух – сергек жүректің әлемі. Сондағы өрелікте әрекетті ілгері бастайтын тірлік, болашақты ойлатқызатын ізгілік деп ұғынушылық басым. Содан рухты елдік пен ерлікті түгендеуші ішкі қасиет, оның қайнар көзіне үкідей сақ болдырғызатын қабілет–қайсарлыққа балаушылық қалыптасуда. Рух рабайы бес сапалы өлшемнен – тазалықтан, туралықтан, түсіністіктен, татулықтан, тұтастықтан білінеді. Тірі рух арқылы адамның бойында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдік қан ойнады. Қаны қызулы жандардың, отандастардың бойында ұлт болмысын ұғынатын жігер, отаншылдық қайрат басым болды. Осындай күш–жігердің ілгері басуына септік тигізу – бүгінгі әлеуметтілік қажеттілікті мойындаушылық әрі құптаушылық. Қажеттілік деп отырғанымыз – елді біріктіретін күш–қуатты іске асыру, осы бағыттағы патриоттық, рухани, ұлттық тәрбиені жетілдіру.