халықтың салт–дәстүр, ана–тілі, төл мәдениеті негізінде берілетін тәрбие. Ұғымын ғылыми айналымға ендірген Мағжан Жұмабаев, оны жас ұрпақты қазақ жанына қабыстырудың, әр тәрбиешінің қолданатын жолы, елді дағдарыстан шығарудың және дамытудың кепілдігі деп түсінеді. Ұ. т. барысында жеке тұлға: а) ана тілін, төл мәдениеті мен тарихын, ұлттық салт–дәстүрлерін меңгереді, ә) ұлттық сана–сезімді, ұлттық мінез–құлық пен намысты, ұлттық дүниетанымын қалыптастырады; б) ұлттық құндылық қасиеттерін игереді, озық жетістіктерді нақты жағдайда пайдалануды үйренеді. Ұ. т–ң қажеттігі – ұлтжанды азамат тәрбиелеу ұлттық болмысын көрсете алатын, жігер–намысы артық ұрпақты баулу; отансүйгіш өнегелілік пен ұлттық рухты ұлықтау; ұлттық сана–сезімі қалыптасқан ұлттық құндылықтарды ұштастыра алатын, ұлттық мүдде мен қоғамның өркендеуіне өз үлесін қоса алатын кемелді азаматтарды тәрбиелеу үлгісінде. Ұ. т – қазақ болудың шарты, ұрпақтың қазаққа жарауының құралы; күнделікті тәртіп пен дәстүрдегі серіктестікті ұрпақтан ұрпаққа беретін әлеуметтік әдіс, ағартушылықтағы халықтық мұраны жалғастыратын нысаналы бағдар.
Ұ. т–ң бастаулары: қазақ халқының тарихи тағдыры қалыптастырған мейірім, жарасым, төзім, шапағат, парасат, ізет, бақыт туралы арман–аңсары, халықтың мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт–дәстүрі, тілі мен ділі, сенім–нанымы мен дінінде тарихи сүзгіден өткен рухани құндылықтар, ұлттық ойын–сауықтар басымдығы, жаңа тарихи кезеңде нақты бастан кешіріп отырған әлеуметтік–психологиялық ахуалдарды, кісілік қасиеттерді дәріптеу. Адами–мәдени даму негіздері: жалпыадамзаттық, ұлттық–мәдени құндылықтар, табиғат пен денсаулық құндылықтары; тарихи тамырлары: халық фольклорындағы тағылымдар, ұлттық және әлемдік өнер тәлімі, қазақ ойшылдарының Ұ. т–дегі ой–пікірлері.
Негізгі ұстындары: ұлттық сана, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық діл, ұлттық салт–дәстүр мен әдет–ғұрып категориялары;
Психологиялық қырлары: ұлттық мінез–құлық, ұлттық сана–сезім тәрбиесі, көңіл–күй иірімдері, тұлғалық кәсіби сапалар, адамның тұлғалық ерекшеліктері, ұлттық өзіндік сана, ұлтжандылық, отансүйгіштік.
Абай, Шәкәрім адам тәрбиесінің ұлттық сипатына, Ұ. т. бағытына ықпал ететін адамның ішкі құндылықтарына айрықша мән береді. Олар үшін тәрбиедегі халықтық дәстүр адамгершіл қасиеттерді ұрпақ санасында қалыптастыратын басты көрсеткіш. Шәкәрімнің пайымдауынша, адамның тату тұруының, адам өмірін түзеудің негізгісі – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл. Ал ақ жүрек адалдықтан, махаббаттан, мейірімділіктен, қайырымдылықтан құралады. Осы тектес қасиеттердің кісілік және елдік мәртебесін көтермелеу – ұрпақтың да, ұлттың да бас бағдары. Жан мен тәннің, ой мен ниет тазалығы, мінездегі әдептілік Ұ. т. арқылы қалыптасады. Осы тұрғыдан, Ұ. т. елдегі тұрақтылық пен келісімді, бірлікті нығайтуға бағытталады, жас ұрпақты терроризммен және қылмыскерліктен аулақтатқызатын мемлекет мүддесімен ұштастырылады. Адамның тұлғалық келбеті – қоғамның әлеуметтік–психологиялық және мәдени дамуының туындылары, жалғасы, көріністері. Республикамызда тұңғыш рет Абай атындағы ҚазҰПУ–нде «Ұлттық тәрбие» кафедрасы құрылды, «Ұ. т.» пәні оқытыла бастады, журнал шығады.