Украинаның негізгі халқы (37,4 млн.). Ресейде (4.4 млн.), Молдавияда (600 мың), Беларусьте (290 мың), Қырғызстанда (100 мың), Өзбекстанда (150 мың), Польшада (350 мың), Канадада (550 мың), АҚШ–та (535 мың), Аргентинада (120 мың) және т.б. У., орыстар және белорустармен бірге шығыс славян тобын құрайды. У. тілі индоеуропалық тілдер әулетінің шығыс славян бөлігіне жатады, негізінен үш сөйлеу тобы бар: солтүстік, оңтүстік–шығыс және оңтүстік–батыс. У. көне русь халықтарынан бөлініп, шығыс славян тайпаларымен туыстас болып қалыптасқан.
XIX ғасырдың соңында Қазақстандағы У–дың саны 85 мың болған. Бүгінде Қазақстанда 896240 у. тұрады. У–дың алғашқы тобы Қазақстан аумағында XVIII ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Олар негізінен ұлт–азаттық қозғалыстарына қатысқандар еді. У–дың елеулі бөлігі қазақтың кең–байтақ даласына ХІХ–ХХ ғасырлар шебінде, Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы кезінде келді. Қоныс аударушы у. негізінен Полтава, Харьков, Таврия, Херсон, Екатеринослав және Киев облыстарының шаруалары еді.
У–дың басты шаруашылық кәсібі егіншілік болды. Қазақ даласындағы белгілі украиндық диқандардың бірі Ақмола облысының Атбасар ауданы Қима болысына қарасты Запорожское селосының шаруасы Василий Марченко еді. 1913 жылы Романовтар әулеті билігінің 300 жылдығын атап өту құрметіне ең үлгілі шаруашылық үшін белгіленген арнайы сыйлықтардың бірін осы В. Марченко жеңіп алған болатын. Ол егістік топырағының құнарлылығын арттыру мақсатымен тұқым себудің он танапты әдісін енгізді: Сол кездегі ең жаңа ауыл шаруашылық техникаларын пайдаланды. Үй жануарларының тұқымын асылдандырумен де айналысты.
Патша үкіметінің шаруалардың қоныс аударуына қаншалықты отарландырушы сипат беруге тырысқанына қарамастан, У. мен жергілікті қазақтардың арасында достық, тіпті туыстық қарым–қатынастар қалыптаса түсті. Мәселен, 1905 жылы Киевте болған шеруге қатысқаны үшін Ақмола облысының Ақмола уезіне жер аударылған Афанасий Латутаны Жоламан деген қазақ өкіл бала етіп асырап алып, оған Жақып Жоламанов деген есім берген. Жақып қазақ тілін меңгеріп алып және өз бетінше ізденіп, исламның негізін де үйреніп, мұсылман дінін қабылдаған. 1916 жылы қазақтардың ұлтазаттық көтерілісі кезінде ол Қорғалжындағы көтерілісшілердің танымал басшыларының бірі болды.
1897 жылғы халық санағының деректері бойынша Қазақстанда 86,7 мың У. тұрды. У–дың қазақ өлкесіндегі бүкіл халықтың арасында алған өзіндік үлесі 2 пайызға жуық еді. У–дың негізгі топтары (51 пайызы) Ақмола облысында шоғырланды. Олардың басым көпшілігі (87 пайызы) шаруалар болды, бірқатары (7 пайызы) мещандар тобына жатты. У–дың 5 пайызға жуығы Ресей казактары қатарында әскери қызмет етті.