адамның ағат кеткен іс–қылығына өкініш білдіріп, келешекте оны болдырмауға үзілді–кесілді бел байлау, барға шүкіршілік ету, жаман әдет бойға сіңбей тұрғанда, тез оны қайталамау, жаманшылықтың орнығуына жол бермеу. Т. адамның өзін–өзі тәрбиелеудің бір жолы. Кімде–кім пендешілік жасап, теріс жолға түсіп қалса, дереу өзін–өзі жазғырып, адамшылық жолға түсуге бел байлап, бойын тез жинап алып, ар намысы алдында таза болуы жағын ойластыруы тиіс. Сонда ғана ол менің ожданым (ар–намысым) таза деп қысылып–қымтырылмай айта алады. Өзімен өзі және басқалармен үйлесімді қатынаста болу үшін адамға тәубешілдік қажет. Т–ге келу дегеніміз, адамның бұл дүниенің қыр–сырын түсініп, шектен шыққан нәпсіқұмарлықты тоқтатуға бағытталған әрекеті. Өз қатесін мойындай білу әркімнен батылдықты қажет етеді. Т–ге келу уайым философиясы емес. Мен кереметпін, тек бәріне сұм заман кінәлі деген позиция адамның әлсіздігін білдіреді. Қазақ мақалындағыдай “Жағам жаман болса, жеңім жақсы, өзім жаман болсам, ағам жақсы” деп отыра беруге де болмайды. Қазақы түсінік бойынша құдай Адам атаны балшықтан жаратып оған өзі жан берген. Адамның өмірдегі келеңсіз көріністерінің барлығы осы хаостық табиғи денеде ұяланады. Адам өз нәпсіқұмарлығын жеңіп, құдайлық рухани жоғарылылыққа жетуі қажет. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде нысап, несібе, Т. негізінен имандылық талаптарынан туатын кісілік құндылықтар ретінде қабылданған Ислам дінінің қазақ сахарасында нығаюына қатысты этикалық ұғымдардың діни мазмұны арта түсті. ХV–ХVI ғасырлардағы жырауларда кісілік құндылықтардың көшпелілік, тәңіршілдік түсіндірмелері мен суреттемелері басым болса, ХVIII ғасыр ақын–жырауларында “обал”, “сауап”, “Т.”, “несібе” сияқты мұсылмандық мағынадағы түсініктер жиі қолданыла бастады. Әрине, бұл ұғымдарда жалпы адамзаттық нормалар да көрініс тапты.