таңба

өзге заттың орнын анықтаушы, әйгілеуші,  белгілі бір хабарды сақтау, қайта өңдеу және жеткізу үшін қолданылатын белгі. Егер таңбаның өзі денотат қызметін атқарса, оны қоршайтын мағыналық кеңістігі коннотат деп аталады.Т. ұғымының пайымдалуы философия, логика, лингвистика, психологияда маңызды орын алады. Т. ұғымының танымдық қасиетін таразылауға антикалық философтар көп зейін бөлген (Платон, Аристотель, стоиктер), бұл мәселемен ХVІІ–ХVІІІ ғ. философтары да айналысқан. ХІХ–ХХ ғ.  Т. туралы арнайы ғылым – семиотика пайда болды (Пирс, Моррис, Соссюр, қазіргі структуралистер). Таңба табиғатын зерделеу барысында Т. пайдаланатын ерекше әлеуметтік жағдайларды анықтау өте маңызды. Ондай жағдайлар тіл мен ойдың даму барысына тығыз байланысты. Стоиктердің ілімі бойынша, Т–лардың мағынасы олардың құрылымының екіжақтылығынан көрінеді, яғни, тура қабылданатын, мағынаға ие құбылыстардың біртұтастығынан байқалады. Осы байланыстың түрлі нұсқасынан түрлі анықтамалар туындайды.1867 ж. Ч. Пирс Т–ны үш түрге бөлген – индекстік, иконикалық, символикалық. Бұл анықтама екі қарсы бөлінуге негізделеді – нұсқаулық пен ұқсастықтың және дәйектілік пен шарттылықтың қарама қарсылығына. Индекстік (нұсқаулық) қатынаста таңбалаушы мен таңбаланушының арасында нұсқалау байланысы болуға тиіс. Иконикалық қатынаста белгілі қажетке байланысты қарапайым ұқсастық басым. Символикалық Т–да таңбалаушы мен таңбаланушы ешбір нақты байланыссыз бір біріне теліне береді. Қоғамдағы байланыс құралы ретіндегі тілдер құрамына кіретін Т–ларды қатынас Т–лары деп атайды. Соңғылар жасанды және табиғи Т–лар жүйелеріне бөлінеді. Т–лар ілімінің жасалуы үшін математикалық логика мен метаматематика аясында жүргізілетін Т–лар жүйелерінің зерттелуі өте маңызды. Осының бәріне қарамастан Т–ның қордалы концепциясын жасау мәселесі әлі шешілген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *