талион

(лат.talіo– кек қайтару, өш алу)— қандас туыстар арасындағы қарым–қатынасты реттеуші алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан салт–дәстүр.Ол салт–дәстүр бойынша туыстар жасалған қиянат үшін пара–пар кек қайтаруы керек.“Қанға – қан, жанға – жан” формуласы Т–ның мазмұнын білдіретін ең танымал формула. Кейінірек, алғашқы таптық қоғамдарда Т. жасалған қылмысқа сайма–сай жаза кесуді талап ететін қылмыстық жауапкершілік принципіне ауысты. Т.– адамзаттың ақыл ойының ақиқат, әділеттілік туралы алғашқы қарапайым түсінігінің пайда болғандығының көрінісі. Т. алғашқы қауымдық қоғамда қанды кек қайтаруды ғана көздемей, сонымен қатар адамдар қарым–қатынасына қатал шек бола білді. Өйткені, Т. пайда болмай тұрған кездерде жөн–жөнсіз кек қайтару орын алған болса, Т. арқылы алынатын кектің шамасы нақтыланды. Т–ның негізінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам санасына және дүниетанымына қатысты “біздер” және “басқалар”,“өзіміздікі” және “өзгелердікі”,“жақын, бауырлас” және “бөтен” түсінігі жатыр. Т. бір мезгілде адамдарды бөліп те, біріктіріп те отырған, себебі ол бір рудан  тарағандарды басқа ата балаларынан өзгешелеп отырған, сонымен қатар бір атаның ұландарының басын ортақ жауға қарсылық тұрғысынан біріктірген. Т. орындау, жүзеге асырудың өзі қасиетті рәсім ретінде қарастырылғандықтан оған атаның еркек кіндіктері, әсіресе соның ішінде жапа шеккен жанның ең жақын туыстары қатысатын болған. Т.– алғашқы қауымдық қоғамда бой көрсеткен  адамгершіліктің өзіндік ерекшелікті түрі. Т. көне салт–дәстүр қалдығы ретінде көптеген халықтарда әлі күнге шейін кездеседі. Мыс., тау халықтарының қанды кек қайтару принципінен қол үзбегендігін ешкім жоққа шығармайды. Жалпы Т. дүниежүзінің бүкіл халықтарының ертедегі даму сатысында кездескен. Қазақ халқының өмір салтында “барымта” сынды Т–ның түр көрінісі болған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *