(полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда “тыйым салу”)— алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді–кесілді тыйым салуды талап ететін ұғым. Терминді алғаш рет ағылшын жиһанкезі Кук енгізген болатын. Т–да екі ұғым — киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Т. белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылады. Т. туралы терең теориялық ізденістер аз болғандықтан оның қолданыс аясы анықтала қойған жоқ. Дегенмен де Т–ды діни–моральдық тыйым салу түрлерінен ажырата білген дұрыс, өйткені аталған соңғылары адамзат мәдениетінде кейінірек пайда болған күрделі құрылымды ұғымдар. Фрейзер дін мен сиқырды (магияны) бір–біріне қарама қарсы қойып, Т–ды магияның теріс пішіні ретінде түсіндіреді. Т. туралы психоталдаудан көп мәлімет жинақтауға болады. З. Фрейд өзінің “Тотем және табу” атты еңбегінде Т–дан көсемге деген екіұшты (амбивалентті) қатынасты: бір жағынан, көсемді қастерлеп, табынуды, екінші жағынан, іштей қызғану, жек көруді, бейсаналы түрде ұнатпауды байқаймыз дейді. Әлеуметтік антропология тұрғысынан (Малиновский, Радклифф–Браун және т.б.) Т–ды әлеуметтік бақылау мен қадағалау рөлін атқаратын құрал деп қарастырады. Т. қасиеттілік туралы түсінік қалыптасқан барлық мәдениеттерде кездеседі. Әр мәдениеттің өзіне сай заттарға, іс–әрекеттерге немесе сөздерді айтуға салынатын тыйым түрлері бар. Т–ды бұзған адам қатты жазаланатын болғандықтан оны еш нәрсеге, еш жағдайға қарамай орындауға тырысатын болған. Қазақ мәдениетіндегі кездесетін ата–ене, қайынаға, қайын, қайын сіңлілердің атын атамау, отты, ошақты аттамау, белгілі киелі жануар түрлерін қорғау т.б. Т–лар қазақ халқының көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр тартады. Қазақ мәдениетіндегі тыйым салу жан–жоралғылары туралы Ш. Уәлихановтың шығармаларынан көп мағлұмат алынады.