«БАҚСЫ». ОЛ КІМ?

 

14. «Бақсы». Ол кім?

 

Ежелгі тарихымызда, жырларымыз бен аңыздарымызда тылсым күштің, сиқырлы құдыреттің иесі болып көрінетін бір тұлға бар. Ол – бақсы. Әдетте бақсылар ­– теріс әрекет жасаушы, адамдарды алдаушы ретінде түсіндіріліп келген. «Бақсы» деген сөздің этимологиясы көбінесе бағу – ауруды бағу, емдеу, қарау ұғымдарымен байланыстырылады. Ал көршілес елдерде «бақсы» сөзі түрлі мағынаны білдіреді. Өзбек халқында «бикшу» – шамандықты білдірсе, түркімендерде «бахши» деп ақын-жырауларды атайды. Бақсылықтың шығу тарихына назар салғанда, ерте заманда, ғұндардан бері көне түркілер өздерінің бақсыларын «кам» деп атаған. Бақсы мағындасында келтірілген «кам» сөзі XI ғасыр жазба деректеріне тиесілі Юсуф Баласағұнидің «Құтты білігінде», Махмұд Қашғаридің «Диван Луғат ат-түркінде» және «Кодекс куманикус» қыпшақ жазбаларында кездеседі. Бақсылық мағынасындағы «кам» сөзі бүгінге дейін сақталмағанымен, күнделікті тұрмыстық қолданыста пайдаланылады. Мысалы, «қам жасау», «біреудің қамын жеу», «біреудің қамын ойлау» деген тіркестер.

Әсілі, бақсылар — қазақ халқының тіршілігінде ертеден-ақ пайда болып, ұдайы бірге жасасып келе жатқан халық медицинасының бір саласы. Бұған  дәлел ретінде көптеген тарихи жазбалар сақталған. Бақсылықты зерттеп, артында мол еңбек қалдырғандардың қатарында Ш. Уәлиханов, Ә. Диваев, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Г. Потанин секілді ағартушы-ғалымдар бар. Бақсы деген кім, бақсылық қалай дамып, қалай пайда болған? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін қазақ халқының бойындағы ежелден сақталып келген ұлттық болмысқа, дарын-қабілетке, жеке тұлғалық ерекшеліктерге ден қойып, тереңдеп қарастырған жөн.

Бақсы-құшнаш болу — ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан және тек қазақ халқына тән ұлттық болмысында табылған ерекше құбылыс. Бақсылықты зерттеген ағартушылардың бірі Әбубәкір Диваев былай деп айтқан: «Бақсы шағатай сөзі екені мәлім, бұл тәуіп, шаман, сәуегей, көзбояушы дегенді білдіреді. Көбіне «бақсы» деп, рухтармен байланысқа түсетін, тіпті оларға билік жүргізетін қазақ тәуіптерін атайды. Оларды өте ауыр науқас төсегі маңынан және үйлену тойларынан кездестіруге болады. Мұның алғашқысына бақсы емші ретінде қатысса, соңғысына жастардың болашағына сәуегейлік жасайтын абыз немесе сиқыршы ретінде қатысады. Екі жағдайда да бақсы жын-шайтан мен рухтардың көмегіне жүгінеді.

Бақсылықты толығымен халықтық медицинамен байланыстыруға келмейді. Егер халықтық медицина адамның ғасырлар бойғы ауру түрлерін емдеу жолдары жөніндегі ақылға қонымды білімдерге сүйенсе, бақсылықтың негізі зиянкес және қолдаушы рухтар, жан, ие туралы түсініктерге құрылған. Бақсының іс-әрекеттеріне назар аударғанда, оның бойынан бірнеше қасиеттерді байқауға болады. Олар  – рухани күш беруші, өлілермен сөйлесуші, түстерді жорушы, шайтанды алыстатушы, ажалдан арашалап қалатын емші, ертеңінді болжап айтушы, сәуегей, бұлт шақырып жауын жаудырушы, көңілді әуенмен арбайтын әуезші, көз алдында ғажайыптар жасайтын сиқыршы, арбаушы. Толып жатқан қасиет бәрін қайдан бақсыға қайдан дарыған деген сұрақ туындайтыны орынды. Бақсылықтың бойынан табылатын тағы бір сыр – оның психотерапиялық қасиетінде жатыр. Кей жағдайда бақсы арнайы зікір салып, айналадағы қатысып отырған адамдарға да зікір сөздерін қайталататыны бар. Зерттеуші-ағартушы француз ғалымы Жозеф Антуан Кастаньенің айтуынша, бақсылар «Лә иләһә иллә Алла» сөздерін өзі айтып, оны жанындағыларға қайталаттырады. Одан соң жын-шайтанмен:

Ей, шайтан, сенің нең бар аулақ жүрмей?

Көрмедің әлі күнге мені білмей?

Сазайыңды енді сенің таптырайың,

Тұрсаң да не қылады деп сен күлімсірей.

Ей, шайтандар, шайтандар!

Мынау өкпені алыңыздар,

Осыменен барыңыздар.

Бұл қатыңды өлтірме,

Бұған зиян келтірме… – деп тілдеседі.

Бақсы – рухани адам, оның ең жақын көмекшілері — жындар. Егер бақсы шебер болса, жын-шайтандарды өзіне бағындырып алып, өзінің қалаған ісіне пайдаланады. Қазақ түсінігі бойынша, бақсының көмекшілері жындардан басқа жебеуші рухтары болады. Жебеуші рухтары деген – бақсының арғы аталарынан болған бақсылар, немесе кезінде дүниеден өткен атақты ерекше қасиетке ие басқа адамдар. Әдетте бақсылар жындарын шақыру кезінде аспаптарын (қобыз, даңғырық) сарнатуын тоқтатпай, әбден қалжырап, әл-дәрмені біткенге дейін ойнайды. Аттарын атап шақырады. Оның арасында Алладан медет сұрап мынадай өлең жолдарын да айтады:

Істің басы бісміллә!

Құранның басы бісміллә!

Оңдай көр ісімді,

Жаратқан жаббар бер Алла.

Айналайын, ей Алла!

Сен қолдасаң, мен мұнда.

Жалпы алып қарағанда халық арасында бақсы жырлары кеңінен тараған. Бақсы жырларын оқып, зерделеп қарағанда қай заманда, қандай дін болса, билер, хандар, байлар табының құралы әрі мықты тірегі болғанын аңғаруға болады. Бақсы жырларының сарыны халықтың өзге жыр-күйлерінен бөлек, өзгеше келеді. Бақсы жырларының күйі суық, жат сарынды, тыңдаған надан адамның сезіміне суық қиял елестеткендей, надан адамның бойын шымырлатып, ойын түршіктіргендей болады. Жырау-бақсылар жұртшылықапен кездескенде, ең алдымен, қобызға қосылып, боздап сарын айтады. Сарнаған кезінде шабыттанып, екіленеді. Содан кейін барып сөзбен сәуегейлік, болжау айтуға кіріседі.

Түркі жұртының алғашқы бақсысы, дана абызы болып ұлы сазгер Қорқыт ата саналады. Қорқыттың есімін көп халықтар біледі. Ал оның бақсылық қасиеті қазақ елі аузында әсіресе жақсы сақталған. Қазақтың ертедегі бақсылары Қорқытты өздерінің ұстазы, пірі санаған. Осы тұста абыз деген сөдің мағынасына тоқталсақ, Ә. Марғұланның пікірінше, қазақ даласында ежелгі бақсы-жыраулардың ерекше бір тобын «абыз» деп атаған. Нысан абыз, Құрманбай абыз, Сабырбай абыз, Қойлыбай абыз және т.б. есімдер ел арасында бақсылық ерекше қасиеттерге ие болғанымен танымал. «Қойлыбайдың қобызы» атты кең тараған дастанда Қойлыбайдың Қорқыттың шәкірті екені әрі ерекше дана тұлғалық қасиет иесі деп сипатталады. Қойлыбай туралы Ш. Уәлиханов: «Бақсылардың атақтысы бағаналылық Қойлыбай, ол бақсылардың бақсысы, әлде пірі…» деген.

Бертінгілердің бірі XIX ғасырда өмір сүрген Хамидолла есімді бақсының аты халық есінде бүгінге дейін сақтаулы. Хамидолла бала кезінен бастап бойына ерекше күш қонады. Үлкен буын аталардың айтуы бойынша, Хамидолла түсінде Қойлыбайды көріп, одан бата алып, бақсылығын бастап кеткен. Хамидолла емдеу, болашақты болжаудан басқа, жоғалған мал-мүліктерді табатын, ұрланған зат қайда және кімде екенін тура айтып беретін.

Дәстүрлі исламда бақсылардың айналысатын істерінің кейбіріне тыйым салынған. Мәселен, егер бақсы емдеуді тек Алланың атымен ғана жасайтын болса, онда оған рұқсат етеді. Жын-шайтандар мен өлілер арқылы емдеу шариғатта тыйым салынған іс болып табылады. Өлілермен сөйлесу, жын-шайтанмен дос болу немесе оның көмегіне жүгіну, ажалдан арашалап қаламын деп Алладан басқа өзгеден медет сұрау, ертеңгіні болжау, сәуегейлік, Алланың атынан басқа біреуге сыйынып бұлт шақырып жауын жаудыру, аспаптар арқылы көңілді әуенмен адамды алдап-арбайтын әуез ойнау, көз алдында ғажайыптар жасап сиқыр көрсету, арбаушылық түрлерінің бәрі де исламда тыйым салынған. Діни қағидаларда бұл жайында: «Кімде-кім сиқырға ұшыраса, ол өзіне Алланың сынақ жібергеніне және одан құтылу да Алланың қолында екеніне мықты сенімі болуы тиіс. Алла ауруды жаратумен бірге оның емін де жаратқан» делінген. Құранда, сиқырды үйреніп, сиқырмен айналысып тура жолдан тайған Сүлеймен пайғамбардың қауымы жайында баян етіледі. Онда: «Олар Сүлейменнің мүлкі (кітабы) деп, шайтанның азғыруына ерді. Бірақ мұнымен Сүлеймен кәпір болған жоқ, керісінше, адамдарға сиқыр үйрететіні үшін шайтандар кәпір болды. Мұны олар Бабиладағы Һарут, Марут деген екі періштеге келген сиқыр деп уағыздайды. Ол екі періште «Біз адамдарға іріткі салып, сынап бағу үшін келгенбіз, бізге қарап кәпір болмаңдар» деп айтпайынша, ештеңе үйретпейтін. Ал олар бұл екеуінің ең әуелі ерлі-зайыптыларды ажырататын сиқырды үйренетін еді. Бірақ онымен де Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян келтіре алмайтын…» («Бақара» сүресі, 102) деп жазылған. Исламда жақсы мен жамандық Алланың белгілегеніндей болатындығына сену әр мұсылман үшін міндет болып табылады. Адамдардың сиқырға ұшырауы да Алланың ықтиярымен ғана болады.

Дегенмен, бақсылық деп алдау, арбауды, жынмен байланысуды ғана білдірмейді. Ол сонымен қатар емшілікпен айналысу. Бақсылық-емшілік түріне ежелгі қазақта кең тараған «бәдік» те жатады. Ауырған адамды қоршаған бір топ еркек пен әйел түні бойы, ал кейде күнімен де біресе топ болып, біресе жеке-жеке емдеуді «бәдік» деп айтады. Бәдік жырларының үздік үлгісін Ә. Диваев жазып көрсеткен. Қазақ даласына исламның таралуымен «бәдіктің» мән-мағынасы өзгеріп, жын шақыру ойынына айналған. Ислам дінімен ұштасқан бақсылық-емшіліктің халық арасындағы танымал болған бір түрі – «тыб» және тұмар тағу. Тыб пен тұмар тағу Ираннан, Орта Азия елдерінен, арабтардан әкелінген емдеу түрі. Жергілікті бақсылар аталмыш емдеу түрлерін меңгеріп, күнделікті тұрмыста қолдана білген. Мәселен, бақсылардың емдеудің тыб түрін қолданғанда, кісі атын және жыл санын ерекше есептей отырып, науқастың сауығуын, адамның өлімін, басқа да болжамдарды жорамалдап бере алатын болған. Екінші түрі, тұмар тағуда – Құраннан аяттар көшіріп, оны қалташаға тігіп, мойынға тақтырады немесе киімге тіктіріп қояды.

Қазақ даласына исламның келуімен бақсылықтың үлгісі де өзгеріске ұшырады. Формасы қалып, мазмұны өзгерді. Исламға дейінгі бақсылар жын-перілермен тікелей араласып, тіпті оларға табынып кетуге дейін барған. Жын, пері екі түрлі болып қарастырылып, бірі – адамға зиян әкелуші, қастық қылушы болып саналса, екіншісімен достық қылып алуға болады деп танылды. Бақсы сол адамға дос болатын жынның қуатымен бақсылық қылады деп нанатын болған қазақ. Бақсылық, ақындық, әншілік, байлық «Алланың әмірімен» қалаған пендеге қонатын қасиет деп білетін.

Ертеде Бұқара, Самарқанд сияқты ірі орталықтардағы діни медреселерде ұзақ уақыт оқып шыққандар болған. Сол кездегі діннің бір саласы бойынша, белгілі бір діни білім дәрежесіне жеткен шақта, ғайып ілімі де оқытылатыны туралы ел аузында айтылып жатады. Ол ілімнің күштілігі сол аспаннан айдаһар, басқа да жануарлардың бейнесін көрсеткен. Құйын болдырып, боранды қара түнек жаңбыр жаудыртқан. Екі дүниенің тағдырына байланысты түрлі кереметтерді көрсеткен. Ол медреселерде ғылым үйреніп, тылсым ғайып ілімін жетік меңгергендер қатарында қазақтардың саны да аз болмады. Қазақ ғалымдары ішінен ғайып ілімін, бақсылықты дін жолы арқылы зерттеп, көрермен алдында дәлелдей білгендер – Ақжан Әл-Машани, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сындылар. Қ.А.Яссауидің жетінші атасы Ысқақ баб ханның Баба Құмар (лақап аты Баба түкті Шашты Әзіз) оң қол уәзірі болады. Баба түкті Шашты Әзіз өзінің дара қасиеті арқылы Құранды қолына ұстап қалың жұрт алдында өзін өртетеді. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын Баба түкті Шашты Әзіздің кереметін көрген халық тегісімен исламды қабылдаған екен.

Жын-шайтанның тілін білген, оларды өзіне бағындыра алған Баба түкті Шашты Әзіз ғажайып тылсым қасиеттерін тек өз елінің амандығы үшін қолданып жүрген. Әр нәрсенің жақсы-жаман жақтары болатыны анық. Нендей болса да, бақсылық – халықтық дәстүрлі дүниетанымның, идеологияның, мінажаттық ғұрыптардың, емдеу практикасының қалыптасуына әсер еткен қазақ халқының этнографиялық мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *