ЖЫЛУВИЗИЯ (латынша «визио – көз, көру») – денелердің өздерінің немесе шағылған жылулық (инфрақызыл) сәулесі бойынша олардың көрінетін кескіндерін шығару (көрсету); қараңғыда немесе оптикалық мөлдір емес орталарда орналасқан нысандардың пішіндерін және орналасқан орнын анықтау үшін пайдаланылады. Спектрдің инфрақызыл аймағындағы байқаудың ерекшеліктерінің бірі – қара (күңгірт) аймағының (фонның) болмауы, денені қоршаған нәрселердің барлығы тығыздығы бойынша (бөлме температурасында және толқын ұзындығы λ=10 мкм сәуле кезінде) күн сәулесіне қарайлас жылулық сәуле таратады. Егер адамның көзі инфрақызыл сәулеге сезімтал болса, онда айнала ортадағы денелер шығаратын сәулелерден адамның көзі қарығып көрмей қалар еді. Бұған қосымша радиациялық қарама-қарсы түстерді (контраст) байқау мүмкін болмас еді. 1°С температура (толқын ұзындығы λ=10 мкм болғанда) айырымы жуық шамамен ~1% контраст тудырады екен, көздің көретін ең аз контрастылығы 2%-дай болады. Сол себепті жылулық сәулелерге сезімтал арнайы қабылдағыштар жасалған, бұл құрылғыларда нысандардың инфрақызыл сәулелері көзге көрінетін бейнелерге (кескіндерге) түрлендіріледі.
Алғашқы жылу арқылы көру жүйелері ХІХ ғасырдың 20 – 30-жылдары жасалған, инфрақызыл сәулелердің қабылдағыштары ретінде болометрлер және терможұптар пайдаланылған, жылулық сәулелер электр сигналына, сонан соң электрлік-сәулелік түтіктердің кіріс бөлігіне беріліп, люминесценциялық экраннан кескін ретінде байқалатын болған. ХІХ ғасырдың 70-жылдары нысандардың жылулық кескіндерін электрлік сигналға түрлендірместен, жылулық сәуленің ықпалымен өзінің оптикалық сипаттамаларын (шағылдыру коэффициентін, қарқындылығын, жарқырау түсін) өзгертетін заттың жұқа қабаты жалатылған экранға тікелей түсіріп, кескін түрінде байқататын құрылғылар жасалды. Температуралық-сезгіш зат ретінде сұйық кристалдар, кристалдық люминофорлар, жартылайөткізгіштік пленкалар, магниттік жұқа пленкалар пайдаланылған.
Жылувизиялық тәсілі медицинада диагностика үшін, навигацияда, геологиялық барлауда, дефектоскопияда, жылулық үрдістерді ғылыми-техникалық зерттеулерде қолданылады.