ЖЫЛУ – денені құраушы бөлшектердің (молекулалардың, атомдардың, электрондардың, фотондардың, т.б.) ретсіз (жылулық) қозғалыстарының түрі; жылудың мөлшерлік өлшемі ретінде жылудың мөлшері алынған, яғни жылу алмасу (жүйенің сыртқы параметрлері өзгермейтін кезіндегі: көлемі, т.б.) кезіндегі алатын немесе беретін энергия мөлшері. Жылу мөлшері жұмыспен қатар жүйенің ішкі энергиясының (U) да өлшемі болып табылады. Жүйенің ішкі энергиясы жылу алмасу кезінде жүйе молекулаларының қоршаған денелердің молекулаларымен тікелей өзараәсерлесуі (соқтығысулары) нәтижесінде өзгеретін болады.
Жылудың кинетикалық теориясы бойынша жылу кез келген затты құраушы ретсіз қозғалатын атомдардың немесе молекулалардың кинетикалық энергиясы болып табылады. Термодинамиканың үшінші бастамасы бойынша заттардың барлық молекулалары қозғалыстарын тоқтататын -273,15°С абсолют нөл температура шығару мүмкін емес. Сондықтан молекулалар әрқашан үздіксіз «жылулық» деп аталатын қозғалыста болады; оның қарқындылығы денені қыздырған кезде артады. Осындай қозғалыстың болатынын 1827 жылы ағылшын ғалымы (ботанигі) Роберт Броун (1773–1858) жанама дәлелдеме арқылы анықтаған. Ол суда қалқып жүрген ұсақ тозаңның үздіксіз секірісті қозғалысын байқаған. Әрбір ұсақ бөлшекті (тозаңды) су молекулаларының бірқалыпсыз соққылауы нәтижесінде пайда болатын әлгіндей қозғалыс броундық қозғалыс деп аталған. Бөлшек өте кішкене болған сайын, қарқынды қозғалады.
Жылу құбылысын қысқаша тұжырымдасақ, ол: 1) Жылу алмасу тәсілімен немесе дененің өзінде жүзеге асатын кез келген үрдіс (процес) кезінде денені құраушы микробөлшектердің бейберекет (ретсіз) қозғалысы түрінде қабылданатын немее берілетін энергия; 2) денені құраушы микробөлшектердің жылулық бейберекет қозғалысының (ретсіз) түрі; 3) дененің микробөлшектерінің жылулық бейберекет қозғалысының салдарынан пайда болатын ішкі энергиясының бір бөлігі.
Жылу калориямен немесе джоульмен өлшенеді (1 кал = 4,1808 Дж).