ЖУКОВСКИЙ ТЕОРЕМАСЫ – сұйықтың не газдың жазық параллель
ағынында орналасқан денеге әсер ететін көтергіш күш туралы теорема. Бұл теорема бойынша көтергіш күш ағын ішіндегі денемен байланысқан құйындардың себебінен туады. Бұл құйындар сұйықтың тұтқырлығынан пайда болады. Осы тұтқырлықтың болуы себепті сұйық не газ ағыны ұшақ қанатын орағытып аққанда ағын жылдамдығы нөлге тең емес айналып ағуы (циркуляциясы) пайда болады. Ал жылдамдықтың циркуляциясы сұйық не газ ағынының құйындалу дәрежесін сипаттайды.
Бұл теореманы 1904 жылы орыс ғалымы Николай Жуковский (1847 – 1921) тұжырымдаған. Бұл теорема былайша тұжырымдалады: егер сығылмайтын сұйықтың орныққан жазық параллель потенциал ағыны шексіз ұзын цилиндрдің жасаушысына перпендикуляр бағытта ақса, онда цилиндрдің жасаушысы бойымен алынған ұзындығы бірге тең бөлігіне көтергіш күш (Ү) әсер етеді және ол ортаның тығыздығы (р) мен ағынның шексіз қашықтықтағы жылдамдығының (υ) көбейтіндісін цилиндрді орағытып ағатын кез келген тұйық контурдағы ағын жылдамдығының циркуляциясының (Г) көбейтіндісіне тең: бұл теорема формула түрінде былай жазылады: Ү=ρ·υ·Г·L. Көтергіш күштің бағыты, шексіз қашықтықтағы жылдамдық векторының бағытын циркуляция бағытына қарсы тік бұрышқа бұру арқылы анықталады. Жуковский теоремасы сығылатын сұйықтың (газдың) денені орағытып ағу бағыты бойынша дыбыс жылдамдығына дейінгі жылдамдықпен қозғалатын ағынға қолданылады.
Жуковский теоремасы ұшақ қанаты мен ескек винттің теориясының негізі болып табылады. Осы теорема бойынша ұшақ қанатының шекті құлашының көтергіш күші, ескек винттің тарту күші, турбина мен компрессор қалақшаларындағы қысым күші, т.б. есептеледі.