ТІЛДІК ОРТА
Тілдік орта лингвоэкологиялық зерттеудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдықтілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этнопсихологиялық факторлардың жиынтығы. Тіл – адамның тіршілік ортасы, белгілі бір қоғамдастықтың, ұлттық ұжымның рухани тіршілік ортасы. Адамдардың да рухани дамуы ана тілі деп аталатын тілдік ортаның сау-саламаттылығына тікелей тәуелді. Тілдің толып жатқан мәселесін экологиялық тұрғыдан қарастырудың мәні айрықша. Тілді тұтынушының, яғни тілдік тұлғаның, тілдік субъектінің ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, тілдің өткендегісі, бүгінгісі, болашағына деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеуде де лингвоэкологияның міндетіне жатады. Қазақ тілі – қазақ халқының мәдени жадын, тарихи жадын жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, оларды қайта жаңғыртушы, ұрпақ пен ұрпақтың рухани дүниесін сабақтастырушы ретінде қазақтілділердің экологиялық рухани ортасы.
Н.Уәли. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері.
– Алматы, 2007