
ЖАРЫҚТЫҢ ТЕСУІ, оптикалық тесу, лазерлік ұшқын – оптикалық жиілікті электрмагниттік өрістердің әсерінен заттардың қарқынды иондануы нәтижесінде плазмалық күйге ауысуы. Бұл жарықтың тесуі модуляцияланған төзімділік режимде жұмыс істейтін рубин кристалындағы қуатты импульстік лазердің сәулесін ауада фокустау (тоғыстау) кезінде 1963 жылы алғаш рет байқалған. Жарықтың тесуі кезінде линзаның фокусында күшті жарқылды ұшқын пайда болады, бұл құбылысты бақылаушы күшті дыбыс шығуымен қабаттас байқайды.
Оптикалық жиілікте газды тесу үшін өте күшті 106 – 107 В/см электр өрісі қажет, бұл шама лазер сәулесіндегі ~109 – 1011 В/см2 жарық ағынының қарқындылығына сәйкес болады. Аса жоғары жиіліктік тесу атмосфералық ауаны өріс кернеулігі ~104 В/см кезінде-ақ теседі. Жарықтың тесуінің екі түрі болуы мүмкін. Мұның біреуі өзінің табиғаты бойынша онша жоғары емес жиілікті өрістердегі газдың тесуінен айырмашылығы жоқ. Әртүрлі себептермен өрісте пайда болған электрондар, алғашында газ атомдарымен соқтығысу кезінде фотондарды жұтып энергия жинақтайды, осы үрдіс (процесс) бейтарап қозған атомдардың электрондар шашыратуы кезіндегі кванттардың тежеулік шығарылуына қатысты кері үрдіс болып табылады. Ең соңында электрон иондауға жеткілікті энергия жинақтап атомды иондайды, бір электронның орнына екі баяу электрон пайда болады, үрдіс қайталанады. Осылайша тасқын дамиды. Осы үрдіс күшті өрістерде жеткілікті түрде тез жүзеге асырылып газда тесілу пайда болады. Жарықтың тесуінің екінші түрі – оптикалық жиілікке тән, мұның нағыз кванттық табиғаты болады. Электрондар көп атомды фотоэффектінің, яғни бір мезгілде бірнеше фотон жұтылуы нәтижесінде атомдардан жұлынып шыға алады. Көзге көрінетін диапазондағы жиілік кезінде бір квантты фотоэффектінің пайда болуы мүмкін емес, себебі, атомдардың иондалу потенциалы кванттың энергиясынан бірнеше есе артық. Мысалы, рубиндік лазердің фотонының энергиясы 1,78 эВ-қа тең, ал аргон газының иондауыш потенциалы 15,8 эВ-қа тең, яғни электронды жұлып ажырату үшін 9 фотон қажет. Бірақ әдетте, көп фотонды үрдістің болу ықтималдығы аз.