
ЖАРЫҚТЫҢ ГАЗ-РАЗРЯДТЫ КӨЗДЕРІ – газдардағы, заттардың буларындағы немесе қоспаларындағы электр разрядтары нәтижесінде оптикалық сәуле шығаруға арналған газ-разрядты шамдар (аспаптар). Газ-разрядты шамдар жасау 1802 жылы орыс физигі Василий Петров (1761 – 1834) ашқан доғалық разрядтың жарық шығару құбылысына негізделген. Электр разрядын іс жүзінде жарықтандыруға пайдалану 1876 жылы орыс өнертапқышы Павел Яблочковтың (1847 – 1894) жаңалығынан кейін (доғалық көмірлі шамға патент алған) ғана дамытыла басталған. Газ-разрядты шамдардың кәдімгі электрлік қыздыру шамдарынан өзгешелігі: бұлардың сәулелік спектрлері мкм-дің (микрометрдің 10–6) ондық үлесінен бірнеше мкм-ге дейінгі диапазондағы оптикалық аймақты қамтиды.