
ДИНАТРОНДЫҚ ЭФФЕКТ [грекше «дина (мик) – күш» + «…трон»] – электрондық атқылау әсерінен электродтардың (анодтың, тордың, коллектордың) беттерінде екінші реттік эмиссияның пайда болуы себепті электрвакуумдық аспаптардағы (мысалы, триодтарда немесе тетродтарда) токтың өзгерісі. Динатрондық эффект электрондық шамдардағы анодтық кернеудің басқарушы торының кернеуінен кем болған жағдайда туындайды. Осының нәтижесінде екінші реттік электрондарды торлар анодтан «қағып әкетеді», осыдан шамның анодтық сипаттамасында теріс тік учаске пайда болады. Сол себепті динатрондық эффект электрондық шамдардың күшейткіштік қасиетін шектейді.