
Жазу (графика) және емле мәселелері
Қазақ халқы сан ғасыр бойы араб жазуын пайдаланып келді. Бұл жазу халықтың рухани-мәдени мұқтажын белгілі бір дәрежеде өтеуге де, түркі халықтарына тән әдеби мұраларды оқып-білуге де, өзге туысқан халықтармен қарым-қатынас жасауларына да, ең негізгісі – сауаттарын ашып, хат тануға, мұсыл- манша ғылым-біліммен танысуға да әбден жарап келді. Соған қарамастан, XIX ғасырдың II жартысында қазақ мәдениетінде жазу (графика) проблемасы көтерілді. Араб жазуынан өзге жазуды – орыс графикасын пайдалану идеясы пайда болды.
Қазақтар үшін орыс жазуын қабылдау идеясы орыстар тарапынан бұдан көп бұрын айтылған болатын. Этнограф Е.Масановтың ізденістеріне қарағанда, XVIII ғасырдың II жар- тысында (1768 жылы) Ресей үкіметі мен академиясы тарапы- нан қазақ даласына Екінші академиялық экспедиция ұйымдас- тырылады, ол қазақ жерінің географиялық жағдайын зерттеп, қазақ халқының этнографиясымен танысу мақсатын көздейді. Тұңғыш рет қазақ тілін танып-біліп, орысша-қазақша сөздік жасау әрекетін бастаған осы экспедиция болатын. Мұның инициаторы, сірә, Ресей Ғылым академиясының рұқсатымен Петербург академиялық гимназиясының инспекторы Г.Л.Бакмейстер болса керек. Оған Өскемен қамалынан қазақ тіліне қатысты материалдарды беріп тұрғандардың бірі генерал-майор Скалон деген болды. Тұңғыш орысша-қазақша шағын сөздіктердің бірінің құрастырушысы да – осы кісі болатын. Осы сөздіктің басында Скалон қазақтар үшін орыс графикасымен азбука-әліппе тұрғызып, өзге де кітаптар жазуға болмас па еді дегенді 1774 жылы айтқан екен[1]. Бұл әрекет, әрине, ол кезде жүзеге асқан жоқ. Дегенмен идеяның ұрығы себілді. Ол ұрық 100 жылдай өткен соң көктей бастады: қазақ жазуы үшін орыс графикасын іс жүзінде пайдалану әрекеті басталды. Ең бірінші болып орыс графикасын миссионерлік пиғылдағы Н.И.Ильминский пайдаланды. Оның 1861 жылы шыққан «Начальное руководство к изучению киргизского наречия» деген кітабы орыс әріптерімен басылды. Осыдан бастап қазақтарға арналған бірнеше кітап орыс графикасымен жарияланды. Ы.Алтынсарин өзінің «Қырғыз-қазақ хрестоматиясын» орыс әріптерімен шығарды. В.А.Васильевтің «Образцы киргизской народной словесности» (Вып.І. Киргизское сказки. — Оренбург, 1898) деген кітабы көпшілікке арналған жартылай ғылыми кітапшалар және христиан дінінің миссионерлік мақсат көздеген кітаптары да орыс жазуын пайдаланды.
А.В.Старчевский де өз сөздіктерінде орыс әріптерін пайда- ланды. 1893, 1897, 1899, 1909, 1910, 1911 жылдары шыққан орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктер мен И.Лап- тевтің (1900) сөздіктері орыс әріптерімен жарық көрді.
Қазақ жазуы үшін араб таңбаларынан гөрі орыс (славян) жазуының таңбалары қолайлырақ деп табудың бірнеше мотив- тері болды: 1) араб жазуы түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің, фонематикалық жүйесін дұрыс көрсете алмайтындығы – арабша дауысты дыбыс таңбаларының өте аздығы; 2) сол кездегі оқыту әдісімен арабша хат танытудың өте ұзақ уақытқа созылатындығы; 3) орыс графикасын қазақ тілінің фонетикасына сәйкестендірудің әлдеқайда оңай екендігі; 4) орыс жазуы орыс халқының мәдениетімен танысуға жәрдемдесетіндігі т.т. Бұл уәждемелердің астарында, сөз жоқ, Ресейдің қазақ жерін түпкілікті отарлап, қазақ халқының мәдени-рухани даму бағытын орысшылдыққа бұру саясаты тұрды. Бұл саясат Ыбырай Алтынсарин сияқты тұңғыш ағартушыларды да өзіне бағындырды. Бұл жөнінде Ы.Алтынсариннің өзі былай деп жазады: «…Жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық, сондықтан бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беруі үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық»[2].
Бұл саясаттың екінші ұшы қазақтар арасында XIX ғасырда етек жая бастаған татар тілінен (сондай-ақ жалпы «түркіден») қазақ тілін орыс жазуын қолдану арқылу алшақтату әрекетіне барып тіреледі. Мүмкін, бұл арада қазақ халқының өз тілін дербес жазба тіл ретінде айырып жұмсау ниеті де көзделген болар. Оған Ы.Алтынсарин, В.В.Радлов, А.В.Васильев, А.Е.Алек- торов, О.Әлжанов, Т.Т.Тихоновтардың айтқан пікірлері дәлел болды[3]. Бірақ миссионерлік, ұлы державалық мүлде де басым болды, бұған христиан дінін уағыздайтын кітаптардың орыс әрпімен шығуы, Н.И.Ильмийскийдің кейбір хаттарындағы пікірлер – дәлел[4].
Үшіншіден, орыс жазуы арқылы орыс мәдениетін, білімғылымын жақын тани түсу, тілін білу сияқты адал ниет те орын алды, өйткені сол кездегі Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев тәрізді озат ойлы қазақ қайраткерлері өз халқының тарихи тағдыры, болашағы орыстың демократиялық-прогрес- шіл мәдениетімен тығыз байланысты болатынын жақсы түсінді.
Сөз болып отырған кезеңде жазу мәселесі – әлеуметтік мән алған проблеманың бірі болды. Қолданылып отырған жазудың (араб графикасының) қазақ тілі үшін қолайсыздығы, онымен сауат ашудың қиындығы баспасөз бетінде де көтерілді. Р.Дүйсембаев, Д.Сұлтанғазин, М.Көпеев сияқты қазақ зиялылары мәселе көтеріп, араб алфавитінде қазақ дауыстыларын түгел білдіретін таңбалардың жоқтығын, кейбір әріптердің қазақ фонетикасына сай келмейтіндігін, яғни артық және жетіспейтін таңбалардың бар екендігін, сондықтан бұл жазуды қазақ тіліне икемдеу қажет, жоқ таңбаларды қосып, артықтарын алып тастау сияқты жұмыстар жүргізу керек деген ұсыныстар айтты[5].
Бұл – қазақ жазуы үшін қолайлы графика таңдау жөніндегі екінші түрлі пікір болды, ол араб жазуын икемдеу идеясын ұсынды. Кейін бұл идеяны XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов жүзеге асырды. Орыс графикасымен бірнеше кітап, сөздіктер шыққанмен, бұл үкімет тарапынан ресми түрде қабылданған жазу болмады[6], сондықтан бұл да қазақ тіліне лайықталып түзілген ұлттық алфавит түрінде қолданылмады. Әр кітап әрқилы белгілерді пайдаланды. Жалпы орыс графикасын қазақ жазуында екі түрлі сипатта қолданды: біреулер (мысалы, Ыбырай, Ильминский, Лютштер) орыс алфавитін өзгеріссіз қолданды, қазақ тіліне тән дыбыстар орыс әріп- терімен берілді, екінші тобы (миссионерлік кітаптар, 1897 жылғы календарь т.т.) қазақтың кейбір арнайы дыбыстарын білдіретін қосымша таңбалар енгізді: ä (ә үшін), ö/ө/, ÿ/ү/, н’ (н әрпінің оң жақ шекесіне кішкене сызықша қойылды).
Қазақтар үшін қолданған жаңа жазудың мұндай ала-құлалы- ғы қолайсыздық тудыратыны, қазақ сөздерін фонетикалық тұрғыдан дұрыс тануға кеселдік келтіретіні сол кездің өзіндеақ әңгіме болды. Мысалы, В.Григорьев Н.И.Ильминскийдің жазуының ыңғайсыз жағын көрсетіп, өз таңбаларын ұсынды[7]. П.М.Мелиоранский Г.Лютштің транскрипциясын сынады, оның қазақ тілінің дыбыстық сыпатына сай еместігін айтты.[8] Бірақ мәселе осыдан арыға бармады, шешілмеді. Оған, бір жағынан, қазақ жазуы үшін орыс алфавитінің ресми түрде қабылданбағандығы себеп болса, екіншіден, қазақтың ұлттық оқу-ағарту, білім-ғылым мәселелерімен шұғылданатын ғылы- ми не ресми мекеме, ғылыми-зерттеу институты, университет кафедралары сияқты орталықтардың жоқтығы болды. Қазақ жазуын (қай графикада болса да), жазу сауаттылығын (емле, пунктуация ережелерін) реттеу ісі ешбір ғылым-білім орындарына не жеке адамдарға ешкімнің тарапынан жүктелмеді, оған қажет алғышарттар әлі жоқ болатын.
Бұл кезеңде тек графика емес, қазақша сауатты жазу мәселесі де қозғалды. Оның ішінде орыс тілінен көптеп еніп жатқан сөздерді түпнұсқаға жуықтатып жазу ұсынысы қойылды. Мысалы, Д.Сұлтанғазин жандарал, жанарал, генерал болып айтылып-жазылып жүрген варианттардың соңғысын жазу керек, өйткені қазақтар үшін ол да түсінікті дейді («Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 27-нөмірінде жарияланған, жоғарыда көрсетілген мақаласында). Орыс графикасымен шыққан кітап- тар русизмдердің бұрыннан ауызекі сөйлеу тілінде өзгеріп қалыптасқандарынан басқа жаңадан еніп жатқандарын орысша тұлғасында жазған. Бірақ бұл да – көтерілгенмен, түбегейлі шешілмей қалған мәселелердің бірі болды, әр кітапта, әр басылымда орыс сөздері әрқилы жазылды.
Араб-парсы тілдерінен енген сөздердің жазылуы жайында да сөз болып отырды. Олардың халық тіліне сіңгендерін түп- нұсқаға жуықтатпай жазу, қалғандарын өзгертпей жазу прин- ципін қолдаған пікірлер айтылды (Рамазанұғлы Мухамедзекір Зайсаннан хат //Дала уалаятының газеті. — 1890. — С.23; Д.Сұл- танғазин Біздің қазақ тілі турасында бес-алты ауыз сөз // Сонда, 1890. — № 6 және осы автордың «Қазақ тілінше жазу турадан» деген мақаласы. – Сонда, 1896. — 31-б. т.б.).
Сауатты жазуға қатысты көтерілген екінші мәселе – тыныс белгілерін пайдалану жайында болды. XIX ғасырдың екінші жартысында баяғыша араб жазуы пунктуация дегенді көп білмейтін. Қазақ жазбалары да осы тәртіптен шыға алмады. Бірақ заман ыңғайына сай жазба дүниелердің неғұрлым көпшілікке түсінікті, сауатты, мәдениетті болуын талап ету – занды құбылыс. Сондықтан қазақтардың өздері араб жазуымен берілген мәтіндерде әртүрлі тыныс белгілері қолданылуы керек деген пікірлер білдіре бастайды. Бұл мәселеге алдымен мән берген – «Дала уалаяты газеті» болды. Ол 1896 жылғы 4147 нөмірлерінде қазақ жазуына тыныс белгілерін қолдану туралы хабарлама (ереже) жариялады. Бірақ бұл да – тек бастама, ізгі ниет сипатында болды, ешбір ресми орын бұл ережелерді қолдануға ешкімді міндеттемеді. Сондықтан да арабша шыққан қазақ жазбаларында сөйлем жіктерін ажыратып, жұлдызша, сызықша сияқты белгілермен газеттердің кейінгі жылдардағы нөмірлерінде қолданылған тыныс белгілері болмаса, бүл ережелер жүйелі түрде қолданылмады.
Сөйтіп, қазақ халқының ұлттық жазу жасау және жазу мәдениетін көтеру сияқты іс-әрекеттері XIX ғасырдың II жартысында басталып, қазіргі біздің тіл, жазу тәжірибемізге ұласты деп айтуға әбден болады.
[1] Масанов А.Э. Очерк истории этнографического изучения казахского народа в СССР. — Алма-Ата, 1966. — С. 74.
[2] Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. — Алматы, 1955. — 71-б.
[3] Алтынсарин Ы. Письмо к Н.И. Ильминскому от 12. IX. 1882 г., Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и
Дзунгарской степи. — Ч. III. Киргизское наречие. — СПб., 1870. — С. XVII; Васильев А.В Материалы к характеристике взаимных отношений татар и киргизов. — Оренбург, 1898; Р ы н -Песковский (А.А лекторов) Мысли вслух // Тургайская газета. — №25; Григорьев Е. О передаче звуков киргизского языка буквами русского алфавита //Учение записки Казанского университета. — Вып. II. — 1882; Отыншы Әлжанов Қазақтарға пайдалы кітаптар //Дала уалаятының газеті. — 1894. — №39.
[4] Ильминский Н.И. Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам. — Казань, 1883.
[5] Дүйсембаев Р. Харіп турасының сөзі //Дала уалаятының газеті. — 1897. — №10; СұлтанғазинД. Қазақ сөзін қалайша жазу турасы //Сонда, 1899. — №22, 23.
[6] Ол жөнінде толығырақ біздің қазақ тілінің революциядан бұрынғы кезеңде зерттелуіне арналған мақаламыздан танысуға болады: Сыздыкова Р. Изучение казахского языка в дооктябрьский период //Развитие казахского советского языкознания. — Алма-Ата, 1980. — С. 3.
[7] Григорьев В. В передаче звуков киргизского языка буквами русского алфавита // Учение записки Казанского университета. — Вып. ІІ. — 1862.
[8] Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак- киргизского языка. — Ч. I. — СПб:, 1894. — С. 5.
Р.СЫЗДЫҚОВА