XIX ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ лексикографиясы

 XIX ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ лексикографиясы

Кейбір тілдердің сөз байлығы өзін зерттеп танудан бұрын хатқа түседі. Сондай тілдердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикалық құрылысының ғылыми тұрғы- дан алғаш зерттеліп, ол жайындағы еңбектердің жарық көруі XIX ғасырдың соң тұсынан басталады. Ал қазақ тілінің лексикографиясы, яғни сөздіктері, өз тарихын бұдан көп бұрыннан бастайды. Түркі тілдерінің әйгілі сөздіктері – Махмұд Қашғари құрастырған «Диван лұғат ат-түрк» (XI ғ.), XIV ғасыр ескерткіші – «Кодекс Куманикустер» мен орта ғасырларда жазылған әр алуан арабша-түркіше, түркіше-арабша-монғолша, парсышатүркіше сөздіктерді былай қойғанда, одан кейінгі кезеңдерде де қазақ лексикасы әрдайым хатқа түсіп отырды.

Әрине, лексикографияны құрайтын тек екі тілдік сөздіктер емес, дегенмен сөздік жасаудың бір мақсаты – екі тілді табыстыру болғандықтан, лексикографияның тағдыры мен дамуы көбінесе бір халықтың өзге халықтармен қарым-қатынас тарихына ұштасып жатады. Егер түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне қатысты алғашқы сөздіктер араб, парсы, монғол тілдерімен жанасып жатса, соңғы екі ғасыр ішіндегі қазақ лексикографиясы орыс тілімен тікелей байланысты болып келеді.

Қазақ тіліне қатысты лексикографиялық жұмыстардың қауырт қолға алынып, дами бастаған тұсы – ХIX ғасырдың II жартысы. Екі тілдік сөздіктер мен салыстырма түрдегі сөздіктерді қоса есептегенде және кейбіреулерінің қайта басылымдарын санағанда, Қазан революциясына дейін қазақ лексикасына қатысты 40-қа жуық сөздік жарық көрген екен. Олар мыналар:

А.Е.Алекторов  Краткий казахско-русский словарь. Приложен к книге «К мудрости ступенька». — М., 1891.

М.Бекчурин  Начальное руководство к изучению арабского, персидского и татарского языков с наречиями бухарцев, башкир, киргизов и жителей Туркестана. — Казань, 1869.

Т.Бокин  Русско-киргизский словарь. — Верный, 1913.

Л.Будагов Сравнительный словарь турецко-татарских наречий с включением употребительнейших слов арабских и персидских и с переводом на русский язык. — СПб., 1869. — Т. I. — 1871.

Н.С.Жетбысбаев Начальное руководство арабского, персидского и киргизского языков с арабско-персидско-русско- киргизскими словами в конце. — Казань, 1890.

Н.И.Золотницкий Корневой чувашско-русский словарь, сравненный с языками и наречиями народов тюркского, финского и других племен. — Казань, 1875.

Н.И.Ильминский Материалы к изучению киргизского наречия. — Казань, 1861.

В.В.Катаринский Краткий русско-киргизский словарь. — Изд. 1. — Оренбург, 1895; — Изд. 2. — Оренбург, 1898; Изд. 3. Орен- бург, 1899-1900.

В.В.Катаринский Киргизско-русский словарь. — Оренбург, 1897.

Киргизско-русский словарь. — Оренбург, 1897.

Киргизско-русский словарь. — Изд. 2. — Оренбург, 1903.

Краткий русско-киргизский словарь. — Оренбург, 1893.

Краткий русско-киргизский словарь. — Оренбург, 1898.

Краткий русско-киргизский словарь. — Казань, 1909.

Краткий русско-киргизский словарь. — Казань, 1911.

Ж.Кушербаев. Краткий русско-киргизский дорожник со словарем. Под ред. А.Е.Алекторова. — Изд. 1. — Омск, 1906; — Изд. 2. — Омск, 1911.

Материалы по киргизскому языку, собранные И.Лаптевым. — М., 1900.

М.А.Машанов Русско-киргизский словарь. — Оренбург, 1899.

Н.И.Пантусов Материалы по изучению казак-киргизского наречия. — Казань. — Вып. I (1899), II… III, IV (1902), VI (1903), VII (1904).

В.В.Радлов Опыт словаря тюркских наречий. — 4 тома. — 24 выпуска. — СПб., 1888-1905.

Русско-киргизский и киргизско-русский словарь (составил: воспитанник IV кл. Туркестанской учительской семинарии Иш-Мухамед Букин. Под ред. Н.А.Воскресенского). — Ташкент, 1883.

Русско-киргизский словарь. — Изд. 2. — Оренбург, 1899.

Русско-киргизский словарь. — Изд. 1. — Верный, 1912.

Русско-киргизский словарь. — Изд. 2. — Казань, 1915.

Русско-киргизский словарь. — Казань, 1916.

Словарь русско-киргизский. — Оренбург, 1894.

Сравнительные словари всех языков и наречий, собранные десницею всевысочайшей особы. — Отд. I. — СПб. — Ч. I. 1787; — Ч. II. — 1789.

А.В.Старчевский Проводник и переводчик по окраинам России, заключающий в себе 24 языка. — СПб., 1888.

А.В. Старчевский Карманный стоязычный словарь. — СПб., 1887.

А.В. Старчевский Спутник русского человека в Средней Азии. — СПб., 1878.

Бұл сөздіктердің дені – орысша-қазақша және қазақшаорысша екі тілді болып келеді және олар күнделікті мұқтаж- дықты өтеу үшін, яғни орыс әкімшілігі мен жұмыс бабындағы орыс адамдарының Ресей империясы қоластына қараған халықпен қарым-қатынас жасауына көмектесу мақсатымен түзілсе де, А.Н.Кононовтың сөзімен айтсақ, «орайы келіп, ғылыми мазмұнға да ие болған» жұмыстар болды. Бұларда сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани өміріне қатысты лексика топтары жақсы қамтылды.

XIX ғасырдағы сөздіктерді жасағандардың басым көпші- лігі – орыс ғалымдары мен ағартушылары болды. Олардың ішінде «орыс түркологиясының алыбы» – В.В.Радлов, қазақ грамматикасын ғылым дүниесіне тұңғыш таныстырушы – Н.И.Ильминский, түркі тілдерінің салыстырма сөздігін жаса- ған – Л.З.Будагов, орыс тілін қазақтарға үйретуде көп еңбек сіңірген В.В.Катаринский, қазақ мәдениетіне қызмет көрсеткен А.Е.Алекторов, Ресей империясындағы түркі халықтары тілдерінің сөздігін түзу әрекетін жасаған АВ.Старчевскийлерден басқа Н.Ф.Катанов, М.Бекчурин, И.Лаптев, Н.И.Золотницкий, Н.Н.Пантусовтар болды.

XIX ғасырдың II жартысынан бастап екі тілді сөздіктерді жасауға орыс авторларымен қатар, қазақтардың өздері де қатысқан. Олар: Е.Букин, Н.Жетпісбаев, Ж.Көшербаев, М.Ма- шанов, Т.Бокиндер. Бұлар өз жұмыстарын орыс лексикограф- тарының тәжірибесіне сүйеніп, солардың үлгісімен жүргізген.

Екі тілдік сөздіктер, жоғарыда айттық, кезінде күнделікті мұқтаждықты өтеу үшін жасалды, яғни Ресей империясының қоластына енген қазақтармен жасалатын әр алуан қарымқатынасты жеңілдету мақсатын көздеп, қазақтардың орыс тілін, орыстардың қазақ тілін үйренетін құралы ретінде тұрғызылды. Осыған орай, бұл сөздіктердің өздеріне тән және мынадай ерекшеліктері болды:

  1. Бұларда екі халықтың, әсіресе қазақ халқының сол кездегі экономикалық, әлеуметтік, мәдени хал-жағдайына қатысты сөздерді қамту принципі көзге түседі. Мысалы, бұған 18601880 жылдардағы сөздіктерде сол тұста қазақ даласына келе бастаған сауда капиталына қатысты ұғымдарды білдіретін мына сөздердің қамтылғаны дәлел бола алады: өсім – аренда; өсімші, сүтхор – банкир, пайда – барыш, прибыль, қарыз – заем, долг, кіреу – заклад, залог, бексел – вексель, задетке – задаток, сома – капитал, дүкен – магазин, мүлиеншік – миллионер, өсім жүз сомға – процент, саудагер – торговец, залал – убыток, баһа – цена. Ал 90-жылғы сөздіктерде бұлардың үстіне қарақша – медные деньги, шетпертек – 10 копеек, четвертак, есептесу – расчитаться, қадақ – фунт, мысқал – золотник, сатып беру – продать, сатып алу купить, саттық – продажный, сома – оборот в торговле сөздері қосылған. Бұлардың ішінде қазір қолданылмайтын, тіпті кейде түсініксіз, бірақ сол кездегі сауда-саттықтың түріне, сипатына, жаңалығына байланысты жасалған сөздер де бар. Мысалы: көтере сауда (аукцион), мұнанай (меновой двор – сауда-саттық ақша арқылы емес, айырбас арқылы жүргізілетін орын), қол саудалы (купленные на деньги, покупка), базарлы мал (удобный для продажи скот), көтерме (комиссионерство), бас сату (совсем продать), бас алу (совсем купить), алып сатар (барышник).

Қазақ лексикасының сауда капиталына байланысты сөздері бірте-бірте жасалғанын, кейбіреулерінің өткен ғасырларда-ақ көнеріп, пассив қорға кеткенін, енді біреулерінің түзетіліп, айқындала түскенін де екі тілді сөздіктерден көруге болады. Мысалы, 1878 жылғы А.Старчевский сөздігінде «ярмарка» – ақ базар деп көрсетілсе, кейінгілерде жәрмеңке, «вексель» – 1878 жылғыда – куә қағаз, кейін – бексел деп орысша терминнің өзі алынған. Алғашқы сөздіктерде қазақ үшін беймағлұм ұғымдарды суреттеп түсіндіру амалына жүгіну де бар болса (мысалы, «процент» – өсім жүз сомға), кейінгілерде терминге балама термин ретінде бір сөз (өсім) қалыптастырыла бастағаны байқалады. Әрине, әр сөздікте бір ұғымның әртүрлі берілуінде, біздіңше, екі түрлі себеп бар: бірі – осы жаңа ұғым атауларының әлі қалыптасып болмауы, бұл – іздену процесін көрсетеді, екіншісі – сол ұғымдардың Қазақстанның кең-байтақ даласының әр өлкесінде әртүрлі аталуының хатқа түсуі. Бүгінгі ғылым үшін мұның екеуі де құнды материал болып табылады.

  1. Әңгіме болып отырған екі тілдік сөздікттерде ислам дініне қатысты ұғымдарды кемде-кем ұсыну бағыты байқалады. Оның орнына миссионерлік қоғам тарапынан шығарылған сөздіктерде әдейі «Бог» деген тарау беріліп, онда христиан дініне қатысты ұғымдар атауын көрсетуге ұмтылушылық бар. Бірақ баса көрсететін бір сипат – бұл сөздіктерде қазақ тілінен араб-парсы сөздерін аластату ниеті де және, керісінше, бұл тілдерді жаңа сөз жасаудағы көз етіп ұстау бағыты да жоқ. Бұларда қазақ тілінде ертеден қолданылып келе жатқан арабизмдер өзгертілмей, толық берілген.
  2. Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар мен ұғымдардың атауын жасауда өткен ғасырдың өзіндеақ қазақ тілі өз мүмкіндігіне иек артқаны осы сөздіктерден білінеді. Мысалы, аренда – өсім, банкир – сүтхор, өсімші, работник – жұмыскер, малай, слуга – төлеңгіт, станция – қызыл үй, бекет, темница – қараңғы үй, хирург – сынықшы, художник – ұста, жамаушы, будка полицейского – қарауылшы үй, компания – ортақ, железная дорога, вагон, локомотив – от арба, пароход – от қайық ,столетие – жүз жыл, подорожная – бедерлі қағаз, баллотировка – тас салу т.б.

Революцияға дейінгі сөздіктердің бірқатарында түсіндір- мелік сипат бар. Әсіресе Ильминскийдің, Будаговтың, Радлов- тың сөздіктерінде кейбір қазақ сөздерінің түсіндірмесі не этно- графиялық, не лингвистикалық, не филологиялық мәліметтер болып келеді. Мысалы, Н.И.Ильминский шақыру деген сөзді тек «звать», «кликать» деп білдіріп қоймайды, осы тұста қазақтардың әр малды әр жағдайда қалай шақыратынын да көрсетеді. Үй сөзі де кішігірім этнографиялық этюд ретінде келген. Мұнда қазақтың киіз үйінің барша бөлік, жабдықтарының атаулары суреттеме жолмен толық түсіндірілген. Онымен де тынбай, автор іргеден шығарып жіберу («енші бермей қуып жіберу») сияқты тұрақты тіркестің де беретін мағынасын көрсетеді.

Бұл іспеттес материалдар, бір жағынан, сол кездегі қауым- ға қазақ халқын, оның тұрмыс күйін, шаруашылығы мен мәдениетін таныстырғандығы үшін құнды болса, екінші жағы- нан, кейбір көне немесе жергілікті сөздердің мән- мағынасын ашып беретіндігі үшін бағалы.

  1. XIX мен XX ғасырдың бас кезінде шыққан екі тілдік сөздіктер қазақ тілінің лексикалық құрылымының сол кездегі қабаттарын көрсетеді. Бұл кезеңдегі қазақ тіліндегі кірме сөздердің үлкен бір тобы – орыс сөздері. Орыс халқымен әр алуан саладағы қарым-қатынастар арқылы келген жаңа ұғым атауларының бірқатарын аудармай, орысша алу бағыты көзге түседі, Мысалы 1893, 1911 жылғы «Шағын орысша-қазақша сөздіктерде» мынадай орыс сөздері орын алған: аршын, ағлөп (оглобли), бет (печь), бөрене, булка, бөшке, вилка, гармун, грифель, горчица, гір/кір (гиря), десте, землянке, капуста, картошке, карта, көзір, қарандаш, кінеге, кірауат, минут, линейка, лот, патнос, содия, стул, ыскамия, іскірт, салом, скрипка, секунт, тетрат, труба, шот, шкаф, шарф, шайнек, шілия, шетпертек. Бұдан әсіресе оқу құрал-жабдықтарына, үй-тұрмыс бұйымдарына, азық-түлік түрлеріне қатысты сөздерді орысша күйінде қабылдау принципі байқалады. Осы күнгі газет, наград, минут, секунд, почта, шот, жәмшік, магазин, доктор, штат сияқты орыс сөздері қазақ тілінде қолданылу тарихын өткен ғасырлардан бастағаны осы сөздіктерден көрінеді. Қазірде орнықпаған боблық – публикация, земтемір – землемер, кінеге – книга, мүлиеншік – миллионер, кірен – граница, задетка – задаток, көкпараз – купорос, мұнанай – меновой двор сияқты сөздердің қазақ тілінде бір кезде қолданылғандығын да жоғарыдағы сөздіктер білдіреді.
  2. Біздің байқауымызша, бұрынғы екі тілдік сөздік авторлары тек регистраторлық емес, ішінара шығармашылық қызмет те атқарған тәрізді. Бұған бірінші дәлел – бұл авторлар әсіресе жаңа ұғымдардың атауларын беруге ұмтылады, ол үшін кейбір жасанды жаңа сөздерді ұсынады. Мысалы, мектепте болатын дежурный-ды кезу/кезі деп береді (қазірде кезекші), ученый дегенді оқымыс, сочинитель, автор – кінеге жазушы, шығарушы, товарищество – ептестік, құрама – совет, собрание людей. Екінші факт – түбірлес сөздерді мағынасына қарап айырып жіктеу әрекеті байқалады. Мысалы, 1897 жылғы сөздікте жиналыс – собрание, вообще съезд, жиын – собрание народа (по случаю поминок), бастық – начальник, басшы – вожак, білік, білім – знание, білімдік – премудрость, өнербет – искуссный, өнерші(л) – ремесленник, нажағай – зарница, найзағай – молния. Бұлар көп емес, өте аз. Дегенмен сол аздың өзі – қазақ тілі лексикалық кұрамының даму процесін танытатын фактілердің бірі.
  3. Екі тілдік сөздіктерден қазірде қолданылмайтын немесе жергілікті ерекшелік ретінде табылатын бірқатар сөздер мен тіркестердің мағынасын біле аламыз. Ал кейбіреулерінің өткен ғасырларда қазіргіден өзгеше ұтымды білдіргенін де осы сөздіктерден көруге болады. Мысалы, бір ғана А.Старческийдің сөздігінде: «айбана – наказание за воровство, когда изобличенный в воровстве возвращает трижды девять за украденное; аудандау – подготовить дело настолько, что немного остается докончить; жазушы – писец, гражданский чиновник; жарылғас – высочайшая награда; жортуыл – предполагаемая добыча; көмбе – зарытое имущество (при перекочевке с зимовок некоторые вещи зарываются); құлақ, сүйінші – вознаграждение доказчика; сара қайсақ (сарқазақ) – степные казахи, так называют себя сами киргизы; сасығыт – поймавший вора с поличным имеет право отобрать от него все, кроме рубахи с подштанником. Эта добыча называется сасығыт. Он должен представить вора к бию. Если вор убежит, то не имеет право на сасыгыт, не может требовать сүйінші, если докажет на вора, если же нет, то подвергается ответственности сам; шоқыншық – новокрещенный.
  4. Әңгіме етіп отырған сөздіктердің барлығына тән ортақ белгінің бірі – оларда қазақ тілінің сөз байлығын реттеуші, нормалаушы сипатының болмауы. Әдетте, лексикографияның, әсіресе қазіргі әр алуан сөздіктердің басты міндетінің бірі – әдеби тіл нормаларын беркітіп, жалпы тіл мәдениетін көтеруге көмектесу екендігі белгілі. Ол үшін сөздікке енетін реестр сөздер мен тіркестер сұрыпталып, таңдалып алынады. Көрсетілген дексикографиялық еңбектерде бұл принцип жоқ. Іріктеу жоқ, қолға түскен материалды енгізу бар. Егер кейбіреулерінде біраз сөздер бірдей түсіп отырса, ол сол сөздерді тұрақтандыру, нормаға айналдыру мақсатымен болған іс-әрекет емес, бірінің материалын келесісі пайдаланғандық қана. Тілдің сөздік байлығын ортақ әдеби нормаға келтіру мақсаты көзделінбегендіктен, бұл сөздіктерде не стильдік, не өзге көрсеткіш-белгілер жоқ. Мысалы, сөз диалектизм бе, қарапайым ауызекі сөйлеу тіліне тән ғана элемент пе, мағынасы күңгірт көне сөз бе, енді қолданыла бастаған жаңа сөз бе – бұлардың ешқайсысы көрсетілмеген. Сондықтан Ташкентте шыққан сөздіктер де (Воскресенскийдің, Букиннің сөздіктерінде) оңтүстік қазақтарына тән жергілікті сөздерді былай қойғанда, өзбек, парсы әдеби тілдерінің әсерімен сөздікке енгізілген масхарабас (актер), кәтте орыс мулласы (архиерей), хикаят (басни), наху (грамматика), басмахана (типография) сияқты сөздер кездеседі. Ал Орынборда шыққан сөздіктерде де қазақтың бірер өлкесіне тән алғырт-салғырт, ебсек (действие), ересе (мальчик лет 14), күмәнді (беременная), ырабат (хозяйственное заведение), бітегене (немножко), шарқат (красная шелковая шаль), шаңғыл (винтовка), шілеңгер (мастер), атқышыл (стрелок) тәрізді сөздердің орын алуы – бұл сөздіктердің нормалаушы емес, регистрациялаушы сипатынан деп табу керек.

Нормалаушы сипат болмағандықтан, кейбір ұғым атаулары әр сөздікте әртүрлі берілген. Мысалы: компанион сөзін 1897 жылғы қазақша-орысша сөздік әмектес деп берсе, 1883 жылғы Букин сөздігі ортақ деп береді; лакей – бір сөздікте қызметші, шоры, екіншісінде – төлеңгіт, земледелец – 1893 жылғыда жер жыртушы, 1883 жылғыда диқан, егінші т.т. Әсіресе мұндай жарыспалылық қазақ даласына жаңа келген әр алуан әлеуметтік, мәдени құбылыстар мен зат атауларында көбірек ұшырасады. Сөз жоқ, бұл жерде сөздіктерді айыптауға әсте болмайды. Бұл сөздіктер үшін қазақ әдеби тілі нормаларын орнықтырып, заңдастырушы рөл атқаратын шақ ол кезде әлі тумаған-ды. Олардың барды барша тіркеп отырған қызметінің өзі – сол кездегі қазақ тілінің күй-қалпы (статикасы) үшін тарихи құбылыс.

  1. XIX ғасырда шыққан сөздіктерде қазақ тілінің аса бай фразеологиясы жүйелі түрде берілмегенімен, оның үлгілері, кейбір сипатты түрлері орын алды. Бұл салада әсіресе салыстырма сөздіктер мен Ильминский сөздігі көзге түседі. Мысалы, Радлов сөздігінде жол деген сөзтізбеде: ұлы жол, жол сайлады, жол бастады, жол берді, жол салды, жолдан қайтты, жол түсті, жол болсын, ауыр жол, жол тапты, жол аяқ, жол көрген кісі, айтқаның жол, жолы бар, жолы үлкен, жолы қара деген тіркестер түсіндірілген. Әсіресе сөзтізбе қатысқан мақал-мәтелдерді қамту ниеті айтарлықтай. Радлов сөздігінің тек ж әрпінен басталатын сөздер аясында 27 мақал-мәтел қамтылған.

XIX ғасырдың II жартысында қазақ тіліне қатысты лекси- кологиялық ізденістер тек сөздіктер жасау тұсында емес, өзге сәттерде де орын алды. Қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық тұрмысы, поэзиясы туралы жазылған мақалалар мен кітаптарда жүздеген қазақ сөздері келтіріліп, олардың мағынасы түсіндірілді, кейбіреулерінің этимологиясы ашылды. Әсіресе этнографияға қатысты атаулар мен тіркестер, аң-құстардың, ауру-індеттердің атаулары, музыка аспаптары мен ойын аттары қазақ даласы туралы сол тұста жазылған кітаптарда, мақалаларда, баспасөз беттерінде орыс, қазақ тілдеріндегі материалдарда едәуір кездеседі. Мысалы, Ш.Уәлиханов «қазақ халқының Геродоты» деп атаған А.И.Левшиннің (1799-1879) ең алғашқы қолжазбаларынан (Вестник Европы. — 1820. — Ч. 114) бастап, әйгілі «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» (СПб., 1832) деген үш томдық еңбегінде қыруар қазақ сөзі қамтылып, олардың мән- мағыналары түсіндіріледі. А.Е.Алекторовтың «Народная литература киргизов» (Астраханский вестник. — 1893, 1177) деген мақаласында батыр, бархан, кереге, келін, би, қымыз, жылқы, жігіт, домбыра, төре, курай, сандуғаш, қаймақ, қатық, ер, сайлау, барымта, ұран, той, ілу, жеңге, сәукеле, беташар, икулан (?), зекетші, байғұс, қобыз, ақын, серкер т.т. ондаған қазақ сөздері келтіріліп, мағыналары ашылған, кейбіреулерінің орысша баламасы берілген.

Біздің байқауымызша, қазақ лексикасында ертерек кезден терминдік сипатқа ие болған және сол терминдік мәнде күні бүгінге келіп ұласқан сөздер – заң-сот (юриспруденция) саласындағы сөздер. Қазіргі заң-сот істеріне қатысты жаза, айыптау, қылмыс, ақықтау, куә, куәгер т.т. сияқты сөздер бұдан ең кемі екі-үш ғасыр бұрын да осы күнгі мәнде қолда- нылғанын байқаймыз. Қазақтың әдет-ғұрып заңының («Обычное право казахов») ауызша қалыптасқан «статьялары» өткен ғасырдың басынан бастап жиналып, олар жөнінде орыс тілінде мағлұматтар берілген. 1824 жылғы жиналған «Материалы по казахскому обычному праву и положения на них Омского временного комитета» дегеннің ішінде және 1846 ж. Орынбор шекара комиссиясының чиновниктері жинаған материалдарда, Григорьев, Валлюзектердің қатысуымен д’Андре жинап бастырған қазақтың әдет-ғұрып зандарында ондаған қазақша термин қамтылып, мағыналары ашылған.

Бұл фактілерді тіл тарихын танудағы құндылығы – олардың едәуірі сол өткен ғасырлардағы қазақ тілінің сөз байлығын, лексикалық ресурстарын танытады, бұл күнде ұмыт болған көне элементтердің сырын ашады.

Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысында едәуір жанданған қазақ лексикографиясы болды. Ол нормативтік мақсат көздей жүргізілмесе де, қазақтың сол тұстағы және одан бұрынғы дәуірлердегі сөздік құрамын есепке алып тізіп, хатқа түсірді, оның тақырыптық топтарын көрсетті, жаңа-көне сөздердің берген мағынасын танытты. Әрине, бұларды қазақтың көркем әдебиет қайраткерлері пайдаланып, кәдеге асырмағанымен, олар орыс тілінен аударма ісінде, мерзімді баспасөз бен ресми іс-қағаздары тілінде жәрдемін тигізгені сөзсіз. Сөйтіп, едәуір дамыған лексикографиялық жұмыстар өз кезеңінде қазақ тілінің әрі қарайғы әлеуметтік қызметіне септігін тигізіп, оның дамуына үлес қосты.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *