Ұлттық жазба әдеби тілдің лексикалық құрамының толығуы және нормалануы

 

Ұлттық жазба әдеби тілдің лексикалық

құрамының толығуы және нормалануы

XIX ғасырдың II жартысындағы ұлттық жазба әдеби тіл өзіне дейінгі қазақтың ауызша тараған төл әдеби тілінің бар қазынасын түгел пайдаланғандықтан, бұрынғы лексикалық қат-қабаттар мен нормалары бұған да тән болды. Сонымен қатар мұнда сапалық өзгешеліктер орын алды. Әдебиеттің жаңа жанрларының пайда болуына және шығарма тілінің сол шығарманың идеялық-тақырыптық мазмұнына үндесе түсуіне байланысты лексикалық топтар көбейіп, сөздік құрам жаңа көздермен (каналдармен) байыды.

Әсіресе әлеуметтік-саяси лексика тобы ұлғайды. Публицистика мен жартылай ғылыми стильдердің тууына байланысты қоғам өмірі, саясат, заң, медицина, география, табиғаттану т.б. қатысты сөздер әдебиетте актив және молынан қолданыла бастады. Олардың жоқтары жасалып, барлары тұрақтала түсті. Әсіресе дерексіз ұғым атаулары көзге түсерлік дәрежеде дамыды. Олар адамзаттың рухани дүниесін сөз ету үстінде публицистика мен ғылыми әдебиетте жиірек қолданылатыны мәлім. Осы жанрларға жататын Абайдың «Қара сөздері» мен мерзімді баспасөз тілі және көпшілік-ғылыми үлгілер қазақ тілінде дерексіз есімдердің молаюына бірден-бір себепкер болды.

Бұл кезендегі қазақтың ұлттық әдеби тілінің лексикасын- дағы ерекшеліктердің бірі – жаңа сөздердің (неологизмдердің) көптігі болды. Мұнда бұрыннан бар сөздердің не мағынасын ауыстырып, немесе қолданылу жиілігін арттырып, тұрақтан- дыру да, өзге тілдерден сөз алу да, қазақ сөздеріне жұрнақ жалғап, жаңаларын жасау да орын алды. Әсіресе соңғы орайда лық жұрнағының қызметі күшейді. Мысалы, Абайдың бір өзі осы жұрнақтың көмегімен ондаған жаңа атауды ұсынды (ынтықтық, масқаралық, қырмызылық, суықтық, жылылық, арлылық, тоқтаулылық, жеңсікқойлық, қорғалауықтық т.т.). Бұл атаулардың бірқатары тұлға ретінде бұрында да бар болғанмен, белгілі бір терминдік мәнде жұмсалмайтын.

XIX ғасырда шыққан екі тілдік сөздіктерді құрастырушы- лар орыс сөздеріне қазақша балама іздеу үстінде кейбір жаңа сөздерді өздері жасап отырған. Ол үшін жалпы мағынасы жуық келетін, бұрыннан таныс қазақ сөздерін немесе қазақ тіліне сіңіп кеткен араб-парсы сөздерін алады. Мысалы: ойыншы актер, сома – капитал, өсімші, сүтхор банкир, әмектес компаньон т.т. Сөздікшілер жаңа сөздер жасауда калька тәсілін пайдаланады. Мысалы, поденщик деген ұғымды күндікші деп, печатный деген ұғымды тасқа басқан деп, больница –аурухана, отдых демалыс, писецжазушы деп ұсынуларынан калька құбылысы көрінеді.

Лексика құрамын толықтырудың келесі жолы бұрыннан қолданылып келген араб-парсы сөздеріне жаңа, нақты мағына беру арқылы жүзеге асқан. Мысалы, бұл кезде ғылым/ илм/ілім, ғалым, ақы/хақы, дарухана, хисап ілімі, кітапхана, кітапшы, өнер/ һөнер, махкеме, қызмет/хизмет деген сөздер қазақ қауымы үшін енді-енді таныс бола бастаған наука, ученый, жалованье, аптека, арифметика, библиотека, библиотекарь, искусство, управление, служба деген терминдердің баламасы ретінде тұрақтала бастайды (әрине, бұл ұғымдардың өздері бұрыннан таныс болғанмен, оларды бір сөзбен дәл атау дәстүрі жоқ екендігі аян).

XIX ғасырдың II жартысында осы көрсетілгендей, арабпарсы сөздерін түрлендіріп, ягни мағыналарын жаңғыртып, кеңейтіп, тарылтып пайдалану, тіпті бұл тілдерден жаңадан сөз алу – әлі де тоқтамаған тірі процесс болатын. Әсіресе проза жанрлары шығыс тілдерінің элементтерін молырақ жұмсады. Бұл кезенде араб-парсы сөздері поэтикалық қазына қорын да түзеді. Дүлдүл, перизат, айдаһар тәрізді сөздер өздерінің мифологиялық мәндерінен айрылып, поэтикалық образдар жасайтын құралға айнала түседі. Мысалы, Абайдың перизаты – пейіштегі хор қызы емес, «Евгений Онегиндегі» Татьяна Ларина! Айдаһары – айналасын жалмайтын мифологиялық аждаһа емес, Кавказдағы Терек өзенінің толқыны!

Қазақ лексикасы орыс сөздерімен толықты. Әсіресе Ресей империясының ел билеу, сот жүйесіне, сауда-саттыққа, орыс мәдениеті арқылы келген әртүрлі зат, бұйым, іс-әрекет атауларына, оқу-ағартуға байланысты жаңа ұғымдарды орыс сөздерімен білдіру принципі орнықты. Мысалы, бір ғана сала – қазақ даласына келген Ресей империялық сот істеріне қатысты закон, адвокат, дознание, посредник, судья сияқты орыс сөздері баспасөзде де, ресми іс-қағаздарында да, Абайда да еркін пайдаланылады. Сол сияқты доктор, визит, награда, кандидат, начальник, трагедия, князь, граф, расход, франк, такт тәрізді сөздер жиі жұмсалмағанмен, сол кездегі қазақша жазбаларда орын алған (бұлар, әрине, біз тізіп бергендей орысша тұлғасында емес, біршама қазақыланған түрде қолданылды). Бұлардың көбі осы тұстан бастап қалыптасып, қазіргі әдеби тілімізге енді.

Орыс атауларын аудармай қабылдау – сол кездегі өмір талабынан туған зандылық. Қоғам өмірі мен әдеби тілдің даму сатысы XIX ғасырдың II жартысында әр нәрсені, әр құбылысты, әлеуметтік-саяси не экономикалық мәні бар іс-әрекетті өзгелерімен шатастырмай, жеке атау талабын қойды. Мысалы, бұл кезде қазақ жерінде заң-сот істерінің үш түрі қатар өмір сүрді: бірі – қазақтың бұрынғы әдет-ғұрып дәстүрлеріне негізделген, билер жүргізетін қылмыс-іс құқығы, екіншісі – мұсылман дінінің заң құқығы – шариғат, үшіншісі – Ресей империялық сот құқығы. Соңғы құқықты алдыңғы екеуінен ажыратып көрсету үшін закон/ закүн сөзі әдейі қолданылады. Қазақ қоғамының бұрыннан келе жатқан билер құқығын көбінесе әдет-ғұрып немесе заң деп атау дәстүрі пайда болады, ал ислам дініне негізделген құқықты тек қана шариғат деп атау әдеби тіл нормасына айналады. Дознание, посредник, адвокат атаулары да – осы мотивте, яғни ажырату үшін алынған сөздер. Монастырь – шіркеу де емес, мешіт те емес, өзгеше дін тұрағы, демек, оны басқаларына араластырмай, өз атымен беру қажеттігі осы сөзді (монастырь сөзін) қабылдатады.

Орыс тілінен енген сөздердің тұлғалануы жағынан мына- дай ереже ретінде қабылданып, жазылмаған (кодификация- ланбаған) нормалары болғаны байқалады:

  • Ауызекі сөйлеу тілінде жиірек қолданылып, қазақ тілінің дыбыс заңдарына икемделген сөздерді сол қалыптасқан түр- лерінде беру. Мысалы: болыс, ауылнай, піркәшік, ояз, майыр, облыс, боблық шашу (публикация, обнародование), мүлиеншік, пөселке т.б. Бұлар жазба нұсқаларда да, сөздіктерде де осылайша берілген. Кезең үшін сипатты жайт – бұлар сан жағынан әлдеқайда кем.
  • Орыс сөздерінің сан жағынан едәуір мол тобын түпнұсқадағы тұлғасына біршама жуық түрде қабылдап пайдалану. Мысалы, бір ғана Е.Букиннің сөздігінде (1883): болосной упрауител, задетке, қарындаш, қарта (ойын), клас, солдат, кантор, кәмпит, мәгәзін, мұжық, политса, румке, ыстақан, тауар, шөтке, ямшік, яшік, аршын, шот сөздері бар (бұл топқа осы сөздіктегі земтемір «землемер», көкпараз «купорос», мұнанай «меновой двор» сияқты фонетикалық суреті едәуір өзгеріп берілгендерді қоспай отырмыз). Өзге сөздіктер мен кітап, газеттерде көпес, содия, кнеге, тетрат, грифел, линейке, капусте, тұрба, іскірт, музике, скрипке, гармон, минет, секөнт, шетбертек, кір, лот дегендер хатқа түскен. Ал Абай, Ыбырай тілдеріндегі орыс сөздері туралы арнайы еңбектерде көрсетіліп, айтылып келеді. Бұл сөздердің барлығы дерлік – жазба әдебиет арқылы енгендер және басым көпшілігі қазақ тіліне XIX ғасырдың II жартысында қосылғандар.
  • Женский родтағы сөздердің а деген соңғы дыбысы (окончаниесі) көбінесе түсіріліп алынған: минөт/минут, фабрик, награт.
  • ка дыбыстарына аяқталатын орыс сөздерінің соңы көбінесе —ке түрінде айтылып, жазылған: кәтелешке, землеңке/ зілмәңке, бөтелке, румке, іспешке, бөшке, линейке, музике, скрипке т.б.
  • Орыс тіліндегі кейбір сын есімдер окончаниесімен алынып қолданылған. Бұл құбылыс Абайда да, баспасөзде де, орыс тілінен аударылатын іс-қағаздарында да, кейде тіпті публицистика тілінде де кездеседі: уездный начальник, военный губернатор, самородный сары алтын, уголовный іс, Енисейский губерне т.б. (біз бұларды осы жерде орысша жазып беріп отырмыз, ал олар араб жазуымен түскен текстерде дәл түпнұсқадағыдай болмағандығы мәлім).
  • Орыс тілінен тұтас штамп ретінде алынған тіркестер де мүмкіндігінше түпнұсқаға жақындатылып тұлғаланған: подвижной элемент, притягательная однородного, впечатлительность сердца (бәрі де Абай «Қара сөздерінде») дегендер араб жазуының мүмкіндігінше орысшаға жуықтатылып берілген.

XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ лексикасында сөз мағынасының кеңею, тарылу және айқындалып, бір ұғымда тұрақталу процесі әлдеқайда жандана түсті. Бұған жазба әдебиеттің, әсіресе публицистика, ғылыми-көпшілік, ресми іс- қағаздары сияқты «қатаң» стильдердің өріс алуы зор ықпа- лын тигізді. Мысалы, бұрыннан қолданылып келген халық сөзінің мағынасы нақтыланып, көбінесе енді «народ» мағы- насындағы терминдік сөз ретінде жиі қолданыла бастайды, бұл ұғымдағы жұрт сөзінің мағынасы тарылып, «жалпы көпшілік» («публика», «масса») және «көшкен ауылдың орны» ұғымын беретін болады. Қауым сөзінің де семантикасы айқындала түседі, ол енді көбіне көп «общество» деген мәнде жұмсалады. Сол сияқты білім сөзінің мағынасы тарылып, оқу-ағартуға қатысты термиңдік мәнді білдіруге бейімделе түседі, қарашы сөзінің ертеректегі «ханның кеңесшісі» ұғымы жоғалып, енді ол «тәуелді, бағынышты адам» («подвластный, подданный») деген мағынада жұмсалады (сөздіктерде осы ұғымда көрсетіледі) т.т.

Әдетте нормаға тірелетін мәселенің бірі – жарыспалылық (варианттылық) жайы. Ұлттық жазба тіл қалыптасып, дамуы- ның алғашқы кезендерінде бұл – өте-мөте күшті сезілетін құбылыс. Тіл тәжірибесі бір мағынадағы екі-үш параллель- дерді біреуін бірте-бірте таңдайды да қалғандары не басқа мағына беретін болады, не қосымша семантикалық реңк үстеп, синонимдер қатарына көшеді, я болмаса ауызекі сөйлеу қорында қалады.

Бұрын болмаған жаңа ұғымды атау үшін де, ғылым, техника, әлеумет өмірі т.б. салаларға қатысты терминдерді беру үшін де, кейде тіпті бұрыннан бар ұғымдарды нақты атау үшін де бір сөз бірден қалыптаспай, екі-үш, кейде төрт сөз қатарынан қолданылып келгені жоғарыда айтылды. Мысалы, терминдік сипаттағы еңбек сөзімен бірге осы ұғымда бейнет сөзі де жиі жұмсалады. Сол сияқты «торговец» ұғымын сатушы, саудагер деген екі сөз білдіреді, «станция» ұғымын қызыл үй, бекет, ыстанса деген үш түрлі атаумен береді.

Мұндай параллельдер орысша-қазақша, қазақша-арабша (немесе парсыша), кейде қазақша-қазақша, арабша-парсыша, арабша-арабша қатарлардан түзіледі. Мысалы, школ ~ мектеп, шенеунік ~ төре, дворян ~ ақсүйек, начальник ~ ұлық, әкім ~ бастық, расписке ~ тілхат, пропуске ~ жолхат, уезд ~ дуан, жалованье ~ ақы ~ хақы варианттары алма-кезек қолданыла береді. «Тәрбиелеу» деген бір мағынада асырау және тәрбие сөздерінің, «дәрігер» мағынасында тәуіп және дәрігер сөздерінің, «искусство» ұғымында еп және өнер параллельдерінің, «кеңесу» мағынасында кеңес және мәслихат варианттарының қатар жұмсалуы араб-парсы сөздері мен қазақ сөздерінің жарыспалылығын көрсетеді.

Бұл кезеңдегі варианттылықтың тағы бір себебі – ғылым мен техниканың әр алуан салаларына қатысты терминология жасауда жүйелі принциптердің жоқтығында. Дегенмен бұл ретте жалпы бағыт-бағдарлар нышаны бар екені байқалады. Олар, негізінен, мынадай: жаңа ұғымды түсіндіріп беру амалы басым, сондықтан жеке сөз-терминнен гөрі суреттеме тіркестер орын алады. Мысалы, «ботаника» ұғымы ағаш-су ғылымы болып, «метеорит» – көктен түскен тас болып аталады. Кей сәттерде қазақша не арабша баламасы бар сөздердің өзін орысша түрінде қабылдау бағыты сезіледі. Мысалы, ақы сөзі тұрғанда, онымен жарыса жалованье сөзі қолданылады, ай аттарының бұрыннан айтылып келген қазақша, арабша, парсыша варианттары тұрғанда, ендігі қазақ жазбалары орыс календарының атауларын көбірек пайдаланады. Қазақтың ауызекі сөйлеу тілінде кәнігі болып кеткен қарашекпен сөзімен қатар мұжық сөзін, дәрігер-ден гөрі доқтыр-ды, кітап сөзі мен қосарластыра кінеге сөзін, тәржіма-мен қатар переуат сөздерін жұмсауға бейімділік көзге түседі.

Сөз мағыналарын реттеуде байқалатын бағыттардың бірі – жұрнақ жалғау тәсілін жандандыру. Дерексіз ұғымдарды біл- діру үшін лық және —шылық  жұрнақтары өте-мөте актив- тенеді: білімдік, бостаншылық, кедейшілік, зәрушілік, қысым- шылық, әкімшілік, татушылық, жұмшылық, залымшылық т.б. Кәсіпті, мамандықты білдіруде шы жұрнағы жиірек жұмса- лады: газитші, жазушы, боблықшы, қазнашы (казначей) т.т.

Жаңа ұғым атауларын беруде және оларды қалыптасты- руда функционалдық стильдер арасында азын-аулақ айырма- шылықтар бар: оқу-ағартуға, қоғамдық білім-ғылымдарға қатысты үлгілерде терминдер мен жаңа атаулар араб-парсы тілдеріне иек артса, заң-сот істеріне байланысты әдебиет қазақтың өз тілі мен орыс тіліне, ал ресми іс-қағаздары мен көпшілік-ғылыми кітапшалар көбінесе орыс тіліне жүгінеді. Мысалы, осы кезенде жиі қолданыла бастаған лұғат, харіп/ әріп, әліфби, кағида, наху (грамматика), кітап, хат, әдәбият, хисаб ілімі (арифметика), хикаят (басня), кітапхана, кітапшы (библиотекарь), мінбер (кафедра), медресе, мектеп, тәржіма, дәфтер, ұстат (ұстаз) (учитель, профессор), шербет (искуссный), сауат, есепші (счетчик) сияқты оқу-білімге қатысты атаулар араб-парсы сөздерінен жасалып, жазба тіл нормасына айнала бастаған.

Лексикалық нормалануға қатысты мәселелердің бірі – тер- минология жайы. Бұл процесс – XIX ғасырдың II жартысын- дағы қазақтың төл жазба тілінде едәуір жанданып, өмірлік жолдама ала бастаған құбылыс. Ол жөнінде жоғарыда әр стильді сөз еткен тұстарда кеңінен айтылды. Мысалы, бұрын жалпы ұғымдағы сайлау сөзі енді белгілі бір әлеуметтік-саяси актіні білдіретін терминге айналады. Осы сияқты атқамінер, пысық сөздері жаңа әлеуметтік топтарды атайтын бір ұғымды сөздер ретінде қалыптасады. Осы қатарда қол сауда (покупка на деньги), көтерме сауда (комиссионерство), шоқыншық (новокрещенный), өнім (прибыль), оқымыс (ученый) тәрізді сөздерді көруге болады. Осы күнгі белгілі бір ғана мағынада қолданылатын кітапхана, аурухана, денсаулық, өнер, дүкен, куәлік деген сөздер – бізге өткен ғасырда қалыптасып жеткендер.

Нормалану процесіне қатысы бар құбылыстың және біреуі – диалектілік ерекшеліктердің әдеби тілдегі көрінісіне (баржоғына, көп-аздығына, сипатына) келсек, өткен кезендердегі үлгілер тіліне қарағанда XIX ғасырдың II жартысында жергілікті ерекшеліктердің едәуір кездесетіндігі байқалады. Оның басты себебі – осы кезең үлгілерінің молдығы және жазба түрде жеткендігі болды. Әсіресе екі тілдік сөздіктердің Қазақстанның әр өлкесінен жиналған материал бойынша түзілгендігі көптеген фактілерді ұстатады. Мысалы, Ташкентте шыққан, сол шаһардың студенті Е.Букин түзген сөздікте кәтте (үлкен), шиша (бутылка), фақыр (бедняк), шамба (выварки), бәңқор (мечтатель) сияқты бұл күнде диалектизм ретінде танылып жүрген сөздер бар. Ал оңтүстік өлкелерінен шыққан Майлықожа, Сүйінбай, Базар ақындарда ң ~ л дыбыс- тарының алмасулары (маңлай, таңлай, тыңла, аңла, даңлы, мұңлы), ауқат (тамақ), кесел (ауру), азар (реніш) сияқты сөздер кездеседі.

Зерттеушілер қазақ даласының батыс өлкесі тұрғындары- ның тілі бойынша түзілген сөздіктерде (Н.И.Ильминскийдің сөздігі, «Гурия братствосы» шығарған сөздіктер т.б.), қазақ жерінің шығысы мен Жетісу тіл ерекшеліктерін танытатын материалдарда (В.В.Радлов кітаптарында) хатқа түскен диалектизмдерді тізіп көрсетеді. Мысалы, С.Аманжолов Н.И.Ильминскийдің сөздігінен 160-қа жуық жергілікті сөздер мен тұлғаларды санайды (жамандырақ, сыйыр-сыбыр, түйетеге, атшұңқай, ерісе, ойнарқы, тайыз, дайра, лөкүр т.б.)[1]. Әрине, көрсетілген 160 сөздің бәрі түгел – диалектизм емес: олардың тілінде әріптес (единомышленник), өнербет (искуссный) сияқты жасанды сөздер де (яғни халық тіліндегі жергілікті ерекшелік емес, сөздік құрастырушының орыс сөзіне балама іздеу үстінде жасаған сөздері), көбеген (бала), кіріс (садақтың), сарыжа (жай, садақ), шаңғыл (мылтықтың түрі), жора (салт), жыға (үкі) сияқты барлық өлкелерде қолданылған, бірақ бұл күнде көнерген сирек сөздер де, майталман, үптеу, балқаш, бекіре сияқты әдеби сөздер де бар. Дегенмен фонетикалық варианттарды қоса есептегенде (мұрсат, молтық, самқал, бұл сөздер – С.Аманжоловтың көрсетуі бойынша,  әдеби нор- мадағы пұрсат, солтақ, шамқал дегендердің батыс регионы тұрғындары тіліндегі жергілікті көрінісі), диалектілік құбылыс болып келетін сөздер мен тұлғалардың бар екені даусыз. Мұндай таралу аумағы шектеулі сөздер қазақ жерінің барлық өлкесінде де болған. Егер XIX ғасырдың II жартысындағы диалектизмдерді сол кезеңде (тіпті қазірде де) барлық аймақта бірдей қолданылмаған, тегіс тарамаған элементтер тұрғысы- нан қарасақ, Ыбырай тіліндегі реуішті, ептеш, қысқантақ, шақат, қандел, бітегене, шеттеуік, былбыл, сандығаш, ыссықтау, жамғыр, тамға дегендер де, Абай тіліндегі дарқан («ұста» мағынасында), далаң (ауыз үй), жолғасу, болат (көздің нұры), түңлік, қасыну (тату болу) сияқты сөздер де – әдеби нормадан тыс тұрғандар. Мұндай «өлкелік» элементтер барлық үлгілерден табылады. Олардың жаңа қалыптасып келе жатқан жазба әдеби тіл тәжірибесінде орын алуы – заңды. Бұлардың үлкен тобын халықтың жергілікті сөйлеу тілінде болып келгендері құраса, енді бір тобын жаңа ұғымдарды атау процесінде әр өлкеден шыққан авторлардың ізденістері мен тапқандарына қарай пайда болғандары құрайды.

Демек, әңгіме етіп отырған кезеңдегі жергілікті ерекшелік- тер ұлттық тілдің сөздігін толықтыратын көз ретінде қызмет етті деуге болады. Бұлардың бірсыпырасы – қазіргі қазақ тілі нормасы бойынша диалектизм болғанмен, өткен кезендерде олар барлық өлкеге тән болғаны байқалады. Мысалы, «жақсы ата, асыл тұқым» мағынасында «батыстық» сой сөзін Абайдың баласы Ақылбайдың тілінен табамыз, сол сияқты толағай сөзін Қазақстанның екінші қиырында жасап өткен Шал мен Дулат ақындардан кездестіреміз.

[1] Аманжолов С. Вопросы диалектологии… С. 131-134.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *